Кітаб-и-Иған (парс. كتاب ايقان‎, араб.: كتاب الإيقان‎ — «Иланым Кітабы») — Баһаи сенімінің негізін қалаушы Баһаулла жазған негізгі доктриналық шығармалардың бірі. Бұл еңбек 1861 жылдың қаңтар айында Бағдатта екі күн ішінде парсы және араб тілдерінде жазылған. Кітап Бабтың нағашы ағасы Қажы Мырза Сейіт Мұхаммедтің шииттік эсхатологиялық күтулерге қатысты қойған сұрақтарына жауап ретінде дүниеге келді.

«Кітаб-и-Иған» еңбегінде діндердің бірлігі, прогрессивті ашылым(сатылы ашылым) тұжырымдамасы және эсхатологиялық нышандарды ауыспалы (аллегориялық) мағынада түсіндіру іспетті Баһаи ілімінің іргелі қағидалары баяндалады.

Баһаи дереккөздері бұл кітапты маңыздылығы жағынан Кітаб-и-Ағдастан кейінгі екінші орында тұрған еңбек және Бабтың парсы тіліндегі «Байан» шығармасының толықтырушысы деп санайды. 1931 жылы бұл кітапты ағылшын тіліне аударған Шоғи Эффенді оны әлемдік діндердің жолын қуушылар арасындағы толық, әрі мәңгілік жарасымдылықтың берік іргетасын қалайтын шығарма деп сипаттаған. Кітап отыздан астам тілге аударылған.

Тарихы

Жазылу тарихы «Кітаб-и-Иған» 1861 жылы Баһаулланың Осман империясына қарасты Бағдатта жер аударылып жүрген кезеңінде жазылды. Кітап Бабтың нағашы ағасы Қажы Мырза Сейіт Мұхаммедтің сұрақтарына жауап болып табылады. Ол өз жиенінің мессиандық мәлімдемесін әлі қабылдамаған болатын.

1861 жылы Бағдатқа келген Қажы Мұхаммед Баһаулланың ұсынысымен өз сұрақтарын төрт негізгі тақырып бойынша жазбаша түрде ұсынды: Қиямет күні физикалық оқиға бола ма, әрі ізгілер мен күнәһарларға қалай үкім шығарылады? Он екінші имамның ғайып болуы туралы мәліметтерді қалай түсінуге болады? Ислам жазбаларын бабилердің түсіндірмелерімен қалай сәйкестендіруге болады? Шииттік дәстүрдегі Қайым (уәде етілген құтқарушы) туралы пайғамбарлықтар неліктен орындалмады?

Көлемі 200 беттен асатын жауап 48 сағаттың ішінде жазылып біткен.

Бастапқыда кітап «Рисала-и-Халуиййа» («Ағаға арналған трактат») және «Рисала-и-Истидлалиййа» («Дәлелдер трактаты») деген атпен белгілі болған. Кейінірек Баһаулла Аккада болған кезінде бұл шығармаға «Иған» («Иланым») деген атау берді.

Баһаулла «Кітаб-и-Иғанды» жазған кезде өзінің пайғамбарлық миссиясын әлі көпшілікке жария етпеген болатын (ол бұл туралы алғаш рет 1863 жылы Ризван бағында мәлімдеді).

Таралуы мен жариялануы Жазылғаннан кейінгі алғашқы жылдары кітап Ирандағы бабилер қауымы арасында қолжазба түрінде кеңінен тарады. Шығарманың түсінікті де, жатық тілі діни білімі жоқ қарапайым оқырмандарға да қолжетімді болып, көптеген бабилерді Баһаулланың төңірегіне топтастыруға ықпал етті.

Кітап алғаш рет 1882 жылы Бомбейде ағаш баспа (литография) тәсілімен басылып шықты. Түпнұсқа мәтінді кейінірек, 1887–1889 жылдары Баһаулла өзі қайта қарап, ресми нұсқасын бекітті. Ағылшын тіліндегі алғашқы аудармасы 1904 жылы жарық көрсе, Шоғи Эффенді жасаған канондық ағылшынша аудармасы 1931 жылы жарияланды.

Мазмұны

«Кітаб-и-Иған» екі негізгі бөлімнен тұрады:

Бірінші бөлімде тәңірлік ашылымның прогрессивті (сатылы) сипаты мен діндердің ішкі бірлігі туралы іргелі тұжырымдар баяндалады. Баһаулла Інжіл (Библия) және Құран аяттарына сілтеме жасай отырып, пайғамбарлықтардың көбін әріптік (тікелей) емес, ауыспалы (аллегориялық) мағынада түсіну қажеттігін дәлелдейді. Екінші бөлімде Бабтың пайғамбарлық миссиясының теологиялық және рационалды дәлелдері келтіріледі. Бұл бөлімнің белгілі бір үзіндісі баһаилар арасында «Шынайы іздеушінің жазутасы» деген атпен танымал.

Негізгі тақырыптары Прогрессивті ашылым және діндер бірлігі: Құдайдың мәні адам ақылынан жоғары, ал Пайғамбарлар (Құдай Көріністері, Жаршылары) — адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуы үшін әр дәуірде Құдайдың сипаттарын жеткізуші тұлғалар. Пайғамбарларды қабылдамау себептері: Бұрынғы діни ғалымдардың киелі мәтіндерді тек сөзбе-сөз түсініп, рухани мағынасын ұғынбауы және билікті жоғалтудан корқуы жаңа пайғамбарларды теріске шығарудың басты себебі ретінде көрсетіледі. Қиямет және қайта тірілу күні: Кітап бойынша «Қиямет күні» немесе «Ақыр заман» әлемнің физикалық қирауын білдірмейді, ол — жаңа пайғамбардың келуімен басталатын рухани жаңарту кезеңі. Баб миссиясының расталуы: Бабтың Қайым (уәде етілген құтқарушы) екендігін ислам дәстүрлерімен сәйкестендіре отырып дәлелдеу. Шынайы іздеушінің шарттары: Рухани шындыққа жеткісі келетін адамның бойында болуы тиіс нәпсіні тию, алдын ала теріс пікірлерден арылу, тазалық сияқты қасиеттер.

Маңызы Шоғи Эффенді бұл кітапты Баһаи сенімінің ең маңызды доктриналық еңбегі деп бағалаған. «Кітаб-и-Иған» ислам теологиясы мен христиандық эсхатологияны жаңаша пайымдап, Баһаи ілімінің дүниетанымдық негізін қалады.

Әдебиет Baháʼu'lláh (1931). The Kitáb-i-Íqán: The Book of Certitude. Translated by Shoghi Effendi. Wilmette, Illinois, USA: Baháʼí Publishing Trust. Buck, Christopher (1995). Symbol and Secret: Qur'án Commentary in Bahá'u'lláh's Kitáb-i-Íqán. Los Angeles: Kalimát Press. Saiedi, Nader (2000). Logos and Civilization: Spirit, History, and Order in the Writings of Bahá'u'lláh. Bethesda, Maryland: University Maryland Press.

Санат:Баһаи