Кипарис немесе Сауырағаш () — пирамидалық немесе жайылмалы бөрікбасы бар кипарис тұқымдасына жататын мәңгі жасыл ағаштар мен бұталардың бір туысы.

Шығу тегі Қазіргі кезде өсіп тұрған кипаристің түрлері өте көне заманнан бері сақталып келе жатқан өсімдіктерге жатады; олардың қазба түрлері мен жақсы сақталған қалдықтары үштік кезеңнің өзінде-ақ кездеседі.

Ботаникалық сипаттамасы Ағаштар немесе бұталар.

Жапырақтары ұсақ, жас өсімдіктерінде ине тәрізді, ересек өсімдіктерінде қабыршақ тәрізді; жапырақтары айқасып, қарама-қарсы орналасады. Әр жапырақтың тек ұшы ғана бос болады, ал негізгі бөлігі бұтаққа тығыз жабысып өседі. Жапырақтың арқа бетінде, әдетте, май безі болады, кейде ол айқын байқаладыМирзашвили В. И. Дендрофлора Кавказа : Дикорастущие и культурные деревья и кустарники : в 6 т. / Гулисашвили В. З.. — Тбилиси: Академия наук Грузинской ССР, 1959. — Т. 1. — Стб. 247—259. — 407 с. — 1000 экз.Денисова Г. А., Пилипенко Ф. С. Семейство кипарисовые (Cupressaceae) // Жизнь растений. В 6-ти т. / Гл. ред. Ал. А. Фёдоров. — М.: Просвещение, 1978. — Т. 4. Мхи. Плауны. Хвощи. Папоротники. Голосеменные растения. Под ред. И. В. Грушвицкого и С. Г. Жилина. — С. 383—398. — 447 с. — 300 000 экз..

Кипарис — бірүйлі өсімдік. Шар тәрізді немесе сопақша-цилиндр пішінді микростробилдері (аталық бүрлері) өзегінен және онда орналасқан микроспорофиллдерден тұрады. Микроспорофиллдері кейбір түрлерінде дөңгелек, ал кейбірінде көпбұрышты, қалқанша тәрізді болып келеді және айқасып, қарама-қарсы орналасады; әрбір микроспорофиллде 3–5 микроспорангий болады. Мегастробилдерінде (аналық бүрлерінде) жабындық жапырақша тұқымдық қабыршақпен толық бірігіп, бүр қабыршағын түзеді. Сондықтан аналық бүр өзегінің айналасына айқасып орналасқан алты–он, сирек он төрт қабыршақтан (мегаспорофиллдерден) тұрады. Әр қабыршақта бірнеше тұқымбүрі (мегаспорангий) орналасады.

Бүрлері екінші жылы пісіп-жетіледі. Піскен кезде шар немесе жұмыртқа тәрізді пішінге ие болады, ал қабыршақтары қалың, көпқырлы, сүректенген қалқанша тәрізді болып қалыптасады. Олар қалың сағаққа ортасынан сәл шеткері орналасып бекиді. Қабыршақтың сыртқы бетінде азды-көпті сүйірленген өсінді болады. Қабыршақтың төменгі жағында бір-біріне тығыз орналасқан бірнеше тұқым жетіледі. Тұқымы сәл жалпақ, жіңішке қанатшамен жабдықталған. Ұрығында көбіне екі тұқымжарнақ болады, сирек жағдайда үш-төрт тұқымжарнақты болады.

Өніп-өсуі Кипаристер Солтүстік және Оңтүстік жарты шарлардың субтропиктік және тропиктік климатты аймақтарында өседі. Жерорта теңізі өңірінде, Кавказдың Қара теңіз жағалауында және Қырымда, Абхазияда, Африкада, Гималайда, Қытайдың оңтүстігінде, сондай-ақ Америка құрлығында Гондурастан Орегонға дейін таралған.

Пайдалануы Кипаристер бақтар мен саябақтарда сәндік өсімдіктер ретінде, сондай-ақ тірі қоршау жасау үшін өсіріледі. Бұл мақсатта көбіне мәңгіжасыл кипарис (Cupressus sempervirens L.) пайдаланылады. Іріжемісті кипаристің (Cupressus macrocarpa) шағын мөлшерлі формалары оны тіпті бөлме өсімдігі ретінде өсіруге мүмкіндік береді.

Кейбір түрлерінің, мысалы, мексикалық кипаристің (Cupressus lusitanica Mill.) қылқандары мен өркендерінен хош иісті май алынады. Ол ароматерапияда қолданылып, ревматизмге қарсы, антисептикалық, түйілуге қарсы, сергіткіш және басқа да қасиеттерімен сипатталады.

Бағасының жоғары болуына байланысты кипарис майлары медицина мен парфюмерияда салыстырмалы түрде сирек пайдаланылады, өйткені бұл салаларда арзанырақ компоненттерге басымдық беріледі.

Кипаристердің сүрегі жұмсақ әрі жеңіл болады (Аризона кипарисінен басқа; оның сүрегі қатты, ауыр және жаңғақ сүрегіне ұқсайды). Кипарис сүрегінің фунгицидтік қасиеті бар, ал өзіне тән хош иісі жәндіктерді үркітеді. Ол құрылыста, кеме жасауда, жиһаз және әртүрлі ұсақ бұйымдар жасауға, соның ішінде шіркеу керек-жарақтарын (таспиқ, крест, икона тақталары, ракалар, шағын сандықшалар) дайындауға пайдаланылады.

Кипарис сүрегіндегі шайырдың мөлшері жоғары болғандықтан, ол ұзақ уақыт жақсы сақталады. Осы қасиетіне байланысты ежелгі мысырлықтар саркофагтарды осы ағаштың сүрегінен жасаған, ал кипарис майын мумияларды бальзамдау кезінде пайдаланған. Плутарх барлық заңдарды кипарис тақтайшаларына жазуды ұсынған.

Бейнелеме Мәңг жасыл кипаристің күңгірт қара-жасыл жапырақтары ежелгі дәуірлерден бері қайғы-қасіреттің нышаны саналып келген. Сондықтан бұл ағаш оңтүстік климатты өңірлерде зираттарға жиі отырғызылады. Кипарис гректер мен римдіктерде құдайларға, әсіресе Плутонға бағышталған ағаш саналған. Кипаристің бұтақтарын қайтыс болғандардың қабірлеріне қойған; аза тұту белгісі ретінде олармен үйлерді безендірген; қабірлерге әдетте кипарис көшеттерін отырғызған.

Ежелгі Рим ақыны Овидий өзінің «Метаморфозалар» шығармасында Кипарис туралы аңызды баяндайды. Аңыз бойынша, Кипарис есімді жас жігіт аң аулау кезінде байқаусызда өзінің сүйікті бұғысын атып өлтіріп алады да, оны мәңгілік жоқтап өту үшін құдайлардан өзін ағашқа айналдыруды өтінеді.

Киелі кітапта (Библия) кипарис жұмақ бағында өсетін ағаштардың қатарында аталады (Езек. 31:8). Кейбір болжамдар бойынша, кипарис — гофер деп аталатын ағаш, ал Нұхтың кемесі осы ағаштың сүрегінен жасалған деген пікір бар. Христиандықтың келуімен кипаристің символдық мәні өзгеріп, өлімнің нышанынан мәңгілік өмірдің символына айналды: кипарис сүрегінен кеудеге тағылатын крест жиі жасалады.

Жіктелуі Кипарис туысына жататын түрлердің саны пайдаланылған дереккөзге байланысты 14-тен 25-ке дейін және одан да көп деп көрсетіледі. Бұған көптеген популяциялардың оқшауланған әрі санының аз болуы себеп, сондықтан оларды дербес түр, түр тармағы немесе әртүрлілік ретінде сенімді түрде ажырату қиын. Қазіргі кезде ресми танылған түрлер санын қысқарту үрдісі байқалады.

Кью патшалық ботаникалық бақтарының деректері бойынша, Кипарис туысына 19 түр жатады: Cupressus arizonica Greene — Аризона кипарисі. Биіктігі 21 м-ге дейін жететін, күтімді көп қажет етпейтін ағаш, −20…−25 °C-қа дейінгі аязға төзімді. Cupressus bakeri Jeps. Cupressus cashmeriana Royle ex Carrière — Кашмир кипарисі. Cupressus chengiana S.Y.Hu. Cupressus duclouxiana Hickel. Cupressus dupreziana A.Camus — Дюпре кипарисі немесе Сахара кипарисі. Cupressus funebris Endl. — Жылауық кипарис. Бұл өсімдік Қытай мен Жапониядағы зираттарға жиі отырғызылады. Cupressus gigantea W.C.Cheng & L.K.Fu. Cupressus goveniana Gordon — Калифорния кипарисі. Cupressus guadalupensis S.Watson. Cupressus lusitanica Mill. — Лузитан кипарисі; Мексика кипарисі. Биіктігі 30—40 м-ге дейін жететін, бөрікбасы жайыла өсетін ағаш; ауаның және топырақтың құрғақтығына төзімсіз, суыққа сезімтал. Cupressus macnabiana A.Murray bis — Макнаб кипарисі. Cupressus macrocarpa Hartw. — Іріжемісті кипарис. Cupressus nootkatensis D.Don — Нутка кипарисі. Cupressus sargentii Jeps. Cupressus sempervirens L. — Мәңгіжасыл кипарис. Құрғақшылыққа төзімді, биіктігі 30 м-ге дейін жететін ағаш, 2000 жылға дейін тіршілік етеді. Cupressus tonkinensis Silba. Cupressus torulosa D.Don ex Lamb. — Гималай кипарисі. Cupressus vietnamensis (Farjon & T.H.Nguyên) Silba. — Вьетнам кипарисі.

Суреттеме

Дереккөздер

Санат:Алфавит бойынша өсімдіктер Санат:Кипарис Санат:Еуразия флорасы Санат:Солтүстік Америка флорасы