М. О. Әуезов оқыған үй — Абай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енеді. Абай облысы, Семей қаласында орналасқан. Ғимарат сипаттамасы Ғимарат екі қабатты, жалпы ауданы 1330,7 м². Іргетасы тізбектеліп қаланған шойтастардан тұрғызылған. Қабырғалары 2,5 қатар кірпіштен өрілген. Ғимараттың ішкі қабырғалары сыланып, әктелген.

Тарихы Семей қаласында уездік училище ашуға 1832 жылғы 18 шілдеде рұқсат беріліп, оқу орны 1833 жылғы 18 қыркүйекте жұмысын бастады. Уездік училищенің ашылуы қаладағы білім беру жүйесінің дамуына ықпал етіп, орыс балаларымен қатар мұсылман балаларын оқытуға да мүмкіндік берді.

Ғимарат 1903 жылы мұғалімдер семинариясының негізгі оқу корпусы ретінде салынды. 1904 жылы Семей қаласында үш негізгі және бір дайындық сыныбынан тұратын мұғалімдер семинариясы ашылды. 1914 жылдан бастап семинария бес сыныптан: төрт негізгі және бір дайындық сыныбынан тұрды.

1915–1916 жылдары мұғалімдер семинариясы осы ғимаратта орналасты. Семинарияда қазақтың көрнекті қайраткерлері Жүсіпбек Аймауытов пен Ахмет Байтұрсынұлы білім алған. 1915–1919 жылдары мұнда Мұхтар Әуезов оқыды.

Кейін ғимарат педагогикалық білім беру жүйесінде пайдаланылды. 1967 жылы педагогикалық училищеге Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Оқу орнында қазақ ғылымының көрнекті өкілдері Қаныш Сәтбаев пен академик Әлкей Марғұлан да білім алған.

1992 жылға дейін ғимаратта жеңіл өнеркәсіп техникумы орналасты. 1994 жылдан бастап ғимаратта білім беру саласының басқару органы қызмет атқарды. Қазіргі уақытта ғимаратта Абай облысы білім басқармасының "Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы" КММ орналасқан.