​Мырза Насрулла​, сондай-ақ ​Мырза Насрулла би​ және ​Насрулла құшбегі​ есімдерімен танымал — мемлекеттік қайраткер, 1910–1917 жылдары Бұхара әмірлігінің жоғарғы құшбегісі (мемлекеттегі екінші адам). 1910 жылға дейін Шаһрисабз бен оған іргелес аумақтардың бегі (билеушісі) болған.

Өмірбаяны XIX ғасырдың ортасында Бұхара әмірлігінде дүниеге келген. Мырза Насрулланың нақты туған жері туралы дәл деректер жоқ. Кейбір мәліметтер бойынша ол Шаһрисабзда, басқа деректер бойынша Қарманда немесе Бұхараның өзінде туған. Білімді медреседе алған. Әмір Сейіт Әбдулахад хан билік еткен тұста Шаһрисабз бен оған іргелес аумақтардың бегі (билеушісі немесе наменгері) болды. 1910 жылдың басында Бұхараға ауыстырылып, Әмір Сейіт Әбдулахад ханның сарай маңындағы тұлғаларының біріне айналды. Көп ұзамай, 1910 жылдың қаңтарында Бұхарада сүнниттер мен шииттер арасында тәртіпсіздіктер мен қақтығыстар орын алды. Осы тәртіпсіздіктердің басты кінәлілерінің бірі ретінде сол кездегі құшбегі — Астанқұл құшбегі жарияланды. Ол лауазымынан босатылып, орнына құшбегі атағы мен өкілеттігін алған Мырза Насрулла тағайындалды.

Мырза Насрулла құшбегі әмірліктегі (әмірден кейінгі) екінші тұлға болды және мемлекеттің ішкі, сондай-ақ сыртқы саясатымен айналысты. Өзбек және парсы тілдерінен бөлек, орыс тілін де жетік меңгерген. Осының арқасында, Әмір Сейіт Әлім ханның өзі орыс тілін жақсы білгеніне қарамастан, Ресей империясының билігімен тікелей келіссөздер жүргізуді жиі Мырза Насруллаға сеніп тапсыратын. Сондай-ақ оған әмірліктің Ресей империясындағы орыстілді саяси агенттеріне қадағалау жасау міндеті де жүктелді. Осылайша, Мырза Насрулла іс жүзінде премьер-министр, сыртқы істер министрі, ішкі істер министрі және сыртқы барлау министрінің қызметтерін атқарды.

Мырза Насрулла әмірліктің және Орталық Азияның басқа бөліктеріндегі зиялы қауым арасында кеңінен таралған жәдитшілдік қозғалысына жанашырлықпен қарады. Бұхара жәдиттері әмірлікте түбегейлі ұлттық-демократиялық реформалардың жүргізілуіне қол жеткізуге тырысты. Бұл реформаларға әмірліктің өте ықпалды ислам дінбасылары, Әмір Сейіт Әлім ханның өзі, сондай-ақ Ресей империясының билігі қарсылық көрсетті. Әмір Сейіт Әлім хан бір жағынан консервативті дінбасылар мен Ресей билігінің, екінші жағынан жәдиттердің қысымында қалды. 1917 жылғы 7 сәуірде ұзаққа созылған пікірталастар мен текетірестерден кейін, жәдиттер Мырза Насрулланың дәнекерлігімен әмірлікте саяси және әлеуметтік реформалар туралы жарлықтың қабылдануына қол жеткізді. Бұл жаңалықты консервативті дінбасылар кескілескен ашу-ызамен және наразылықпен қарсы алды. Әмір Сейіт Әлім хан дінбасылар мен Ресей билігінің қатты қысымында қалып, жарлық іс жүзінде жүзеге аспай, қағаз жүзінде қалып қойды. Мырза Насрулла құшбегі дінбасылардың көз алдында жәдиттерге тілектес тұлға ретінде бейнеленді. Сол жылдың 15 сәуірінде Әмір Сейіт Әлім хан дінбасылар мен Ресей билігінің қысымымен Мырза Насрулланы құшбегі лауазымынан босатты, ал оның орнына Низамаддин Урганжи тағайындалды. Сонымен қатар, Мырза Насрулла Бұхарадағы әмір сарайының құрметті лауазымынан айырылып, Насафқа (қазіргі Қаршы) жер аударылды, ал оның жиған-терген барлық мүлкі әмірліктің пайдасына тәркіленді. Көп ұзамай ол Насафтан Қарманға ауыстырылды.

Арада бір жылға жуық уақыт өткенде, 1918 жылдың наурызында әмірлікте большевиктер мен жасбұхаралықтардың «Колесов жорығы» деген атпен белгілі мемлекеттік төңкеріс жасаудың сәтсіз әрекеті орын алды. Әмір Сейіт Әлім хан әмірлікте қалып қойған өз режиміне қарсы шыққандарға қарсы ауқымды қуғын-сүргін бастады (оппозиционерлердің басым бөлігі Ресей империясының Түркістан өлкесіне қашып үлгерген болатын). Әмір төңкеріс жасау әрекетіне Мырза Насрулланы да күдікті деп санады. Ол отбасының 17 мүшесімен бірге Қарманда өлім жазасына кесілді. Кейбір мәліметтер бойынша, осы қуғын-сүргін кезінде әмірліктен шығып үлгере алмаған әмір режиміне қарсы 8 мыңға жуық адам өлтірілген.

Марапаттары Бұхара мемлекеті Тәжі ордені Асыл Бұхара ордені ​1-дәрежелі Әулие Анна ордені ​1-дәрежелі Әулие Станислав ордені

Әдебиет Насрулло Қушбеги — Ўзбекистон миллий энциклопедияси (узб.). — Тошкент: Давлат илмий нашриёти, 2000—2006. Садриддин Айний / Бухоро инқилоби тарихи учун материаллар, Москва, 1926. Абдурауф Фитрат / Амир Олимхоннинг ҳукмронлик даври, Тошкент, 1992. Файзулла Хўжаев / Бухоро инқилобининг тарихига материаллар, Тошкент, 1997. Муҳаммад Али Балжувоний, Тарихи нофеъий (Фойдали тарих), Тошкент, 2001. Тревер К. В., Якубовский А. Ю., Воронец М.Э.: История народов Узбекистана, том 2. — Ташкент: АН УзССР, 1947. К истории двух последних десятилетий Бухарского ханства // Известия Академии наук Таджикской ССР. Отделение общественных наук, 1962.

Дереккөздер

Сілтемелер Сәлім тарихы

Санат:I дәрежелі Әулие Анна орденінің иегерлері Санат:1 дәрежелі Әулие Станислав орденінің иегерлері Санат:Бұхара құшбегілері Санат:Шаһрисабз бектері