Жавохир Синдаров (; , Ташкент, Өзбекстан) — өзбекстандық шахматшы, гроссмейстер (2018). Өзбекстанның еңбек сіңірген спортшысы (2025).
Шахматты төрт жасынан бастап ойнайды. 2012 (блиц), 2014 және 2015 жылдары мектеп оқушылары арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. 2014 жылы 9 жасқа дейінгі санатта рапидтен әлем чемпионы болды.
2018 жылы Өзбекстан құрамасымен бірге жасөспірімдер (16 жасқа дейін) арасындағы Олимпиадада топ жарды. Сол жылы ересектер арасындағы Өзбекстан чемпионатының қола жүлдегері атанды. Тарихтағы ең жас гроссмейстерлердің бірі және Азиядағы ең жасы: ол бұл атаққа 2018 жылы 12 жас, 10 ай және 8 күн толғанда қол жеткізді (атақ ресми түрде 2019 жылы берілді). Кейін бұл рекордты Гукеш Доммараджу жаңартты.
2019 және 2021 жылдары — Өзбекстан чемпионы, ал 2020 жылы 18 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионы атанды. 2022 жылғы Шахмат олимпиадасында Өзбекстан құрамасы сапында өнер көрсетіп (+3-2=3), команданың тарихта тұңғыш рет чемпион атануына үлес қосты. 2023 жылғы ФИДЕ «Grand Swiss» турнирінде алты турдан кейін 2-орында келе жатқанымен, болашақ жеңімпаз Видит Гуджратиге жол берді. Нәтижесінде 7 ұпаймен 8-орынды иеленіп, мансабында алғаш рет 2700 рейтингтік межені бағындырды.
2025 жылы Әлем кубогының тарихындағы ең жас жеңімпаз атанып, 2026 жылғы Үміткерлер турниріне жолдама алды.
2026 жылғы Үміткерлер турнирінде Синдаров айтарлықтай басымдық көрсетіп, жарыс бойы жеңіліссіз өнер көрсетті. 14 турдың қорытындысы бойынша 10 ұпай жинап, мерзімінен бұрын турнир жеңімпазы атанды. Осы жеңісінің арқасында ол әлем чемпионы атағы үшін Гукеш Доммараджумен кездесуге жолдама алды. Осылайша, Жавохир Синдаров Үміткерлер турнирінің қазіргі форматында жарыс аяқталуға бір тур қалғанда жеңісті қамтамасыз еткен тарихтағы үшінші шахматшы (В. Ананд, 2014 ж. және Я. Непомнящий, 2022 ж. кейін) болды.
Рейтинг өзгерісі
Дереккөздер
Санат:Шахмат гроссмейстерлері Санат:Өзбекстан шахматшылары