нобай|Розабель Уотсон басқаратын Эолиялық әйелдер оркестрі,1912 жыл Әйел дирижёрлер — дирижëрлік тарихындағы кәсіби өнер өкілдері. Дирижёрлік өнердің алғашқы белгілері орта ғасырлардағы шіркеулік хор жетекшілері мен регенттердің қызметінен байқалады. Кейбір әйел музыканттар діни хорларды басқарумен, орындаушыларды оқытумен, музыкалық интерпретациямен және ансамбль үйлесімділігін қамтамасыз етумен айналысты. Кейінгі ғасырларда әйел дирижёрлер опералық, балет труппалары, симфониялық, камералық, хор, әскери, үрмелі, эстрадалық және халық аспаптар оркестрлерінде қызмет атқарды. Тарихтың әртүрлі кезеңдерінде көптеген әйел дирижёрлер кәсіби шектеулерге, қоғамдық сынға және оркестрлердегі гендерлік теңсіздікке тап болды. Соған қарамастан, олар халықаралық музыка мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Олардың қатарында Қазақстандағы кәсіби әйел дирижёрлер буынының көрнекті өкілі Раиса Садықова (1944–2020); америкалық дирижёр Марин Олсоп (1956); ресейлік дирижёр Вероника Дударова (1916–2009) және қазіргі буынның халықаралық деңгейде танылған дирижёрлердің ішінде Элим Чан (1986); Йоана Мальвиц (1986); Алондра де ла Парра (1980); Мирга Гражините-Тила (1986) бар. Тізімге Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Азия және Таяу Шығыс елдерінің дирижёрлері енгізілген. Мұнда АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Ресей, Қазақстан, Қытай, Жапония, Оңтүстік және Солтүстік Корея, Аустралия, Түркия, Украина және басқа да мемлекеттердің өкілдерімен қатар Ауғанстан, Үндістан, Палестина, Иран, Мысыр, Оңтүстік Африка Республикасы, Колумбия және өзге де елдерден шыққан дирижёрлер туралы мәліметтер қамтылған. Бұл тізімдегі тұлғалар есімдерінің ресми жазылуына сәйкес алфавиттік тәртіп бойынша орналастырылған және әртүрлі дәуірлерде қызмет атқарған әйел дирижёрлер туралы қысқаша мәліметтерді қамтиды. 2026 жылғы мәлімет бойынша мақалада 250 әйел дирижёр қамтылған және тізім жаңа деректерге байланысты тұрақты түрде толықтырылып отырады.

2026 жыл бойынша тізім А | Ә | Б | В | Г | Д | Е | Ë | Ж | З | И | Й | К | Л | М | Н | О | П | Р | С | Т | У | Ф | Х | Ц | Ч | Ш | Ы | Э |

А

Антония Луиза Брико (1902–1989; АҚШ) – нидерланд текті америкалық дирижёр. Немістің дирижëрлік мектебінің өкілі әрі философия ғылымдарының докторы Карл Мук дирижëрлік мектебінің бірегей шәкірті әрі мұрагері. Оның кәсіби дирижëр ретінде халықаралық танылуы 1930 жылы Берлин филармониялық оркестрімен Г. Гендельдің ре минор кончерто гроссосын, Р. Шуманның фортепиано мен оркестрге арналған ля минор концертін және А. Дворжактың №7 ре минор симфониясын дирижëрлік еткеннен кейін басталды. 1934 жылы Нью-Йоркте әйел музыканттардан құралған симфониялық оркестр ұйымдастырып, оның концерттерінің біріне АҚШ-тың бірінші ханымы Элеонора Рузвельт қатысып, дирижëрдің шығармашылығына қолдау білдірген.

Алевтина Николаевна Иоффе (1978; Ресей) – ресейлік дирижëр. 2025 жылдан бастап Швейцариядағы Берн опералық театрының бас дирижëрі және «Staatskapelle Weimar» неміс оркестрінің шақырылған бас дирижëрі. 2011–2023 жылдары Н.И. Сац атындағы балалар музыкалық театрының бас дирижëрі лауазымын атқарған. 2018 жылы «Deutsche Oper Berlin» неміс опералық театрында Пëтр Ильич Чайковскийдің «Аққу көлі» балетімен дебют өткізді. Ану Тали (1972; Эстония) – эстониялық дирижëр. 1997 жылы Кадри Тали егізімен бірге Солтүстік симфониялық оркестрінің негізін қалаушысы және бас дирижëрі. 2003 жылы оның «Swan Flight» атты дебюттік альбомы Вельо Тормис шығармалары негізінде ECHO Klassik неміс сыйлығында «Young Artist of the Year» аталымын жеңіп алды. 2013–2019 жылдар аралығында АҚШ-тағы «Sarasota Orchestra» симфониялық оркестрінің музыкалық директоры қызметін атқарды. Алондра де ла Парра (1980; Мексика) – мексикалық дирижëр және Мексиканың ресми елшісі. 2004 жылы Philarmonic Orchestra of the Americas (POA) оркестрінің негізін қалаушысы. Оркестрдің «Mi Alma Mexicana» атты альбомы Billboard Classical Charts рейтингінің алғашқы ондығына кіріп, небәрі екі ай ішінде күйтабақ Мексикада платиналы мәртебе алған алғашқы классикалық музыкалық альбомдардың бірі болды. 2024 жылдан бастап Испанияда Orquestra y Coro de la Comunidad de Madrid (ORCAM) оркестрдің бас дирижëрі және көркемдік жетекшісі лауазымын атқарады. Анастасия Вельт (1995; Ресей) – ресейлік дирижëр. Липецк қаласының мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінде екінші дирижëр қызметін атқарады. Мәскеуде «Жаңа Опера» театры, «Musica Viva» мәскеулік камералық оркестрі, Жаңасібірдің опера және балет театры, «Симфония плюс» камералық оркестрі, Соллертинский атындағы симфониялық оркестрі сынды ұжымдарда дирижëрлік еткен. 2022 жылы Луганск мемлекеттік симфониялық оркестрімен Д. Шостаковичтің «Фашизм мен соғыс құрбандарын еске алу» симфониясын орындап, концерт көрермендер тарапынан эмоционалды қабылданып, филармония тарихындағы есте қалған концерттердің бірі ретінде аталды. Анна Скрылëва (1975; КСРО, Ресей, Германия) – Орыс текті неміс дирижëр. 2019–2025 жылдар аралығында Магдебург театрының бас музыкалық директоры қызметін атқарып, опера және балет қойылымдарына жетекшілік етті. 2024 жылы Юджин Энгельдің «Grete Minde» атты ұмыт қалған операсын қайта жаңғыртып, Магдебург филармониялық оркестрімен жазылған жоба үшін «Opus Klassik Award» немістің классикалық сыйлығына ие болды. Әлемнің жетекші симфониялық оркестрлерімен: Deutsches Symphonie-Orchester Berlin, Gewandhausorchester Leipzig, Copenhagen Phil, Royal Swedish Opera, Dallas Opera, La Scala, Sydney Opera House деген музыкалық ұжымдармен жұмыс істеген. Анна Семëновна Закирова-Гулишамбарова (1976; КСРО, Татарстан) – ресейлік дирижëр. Дирижëр, ҚазКСР-інің, ТатарАКСР-інің және РФ-ның халық әртісі Фуат Шәкірұлы Мансұровтың шәкірті болған. 2021 жылы музыка өнерінің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Татарстан Республикасының Халық әртісі» атағына ие болды. Композитор София Губайдулинаның заманауи музыка орталығының камералық оркестрінде бас дирижëр және көркемдік жетекші қызметтерін атқарған. 2023 жылдан бастап «Жаңа Музыка» атты Жастар симфониялық оркестрдің дирижëрі және көркемдік жетекшісі. Анна Леонидовна Ракитина (1989; Ресей) – ресейлік дирижëр. 2017 жылы Кёльн қаласында өткен «Deutscher Dirigentenpreis» халықаралық дирижёрлер байқауының III орын иегері, ал 2018 жылы Копенгагендегі Николай Малько атындағы халықаралық дирижёрлер байқауында II орын алды. 2019–2023 жылдары АҚШ-тағы Бостон симфониялық оркестрінде (BSO) бас дирижёр Андрис Нельсонс жетекшілігімен ассистенттік қызмет атқарып, оркестр тарихындағы осы лауазымға тағайындалған екінші әйел дирижёр атанды. 2025 жылы классикалық музыка өнеріне қосқан үлесі үшін «European Culture Prize» еуропалық мәдениет сыйлығымен марапатталды. Анна-Мария Хельсинг (1971; Швеция, Финляндия) – шведтік-финдік дирижëр. 2010–2013 жылдары Финляндиядағы Oulu Symphony Orchestra оркестрінің бас дирижëрі қызметінде тағайындалған алғашқы әйел дирижëрі болды. 2023 жылдан бастап Ұлыбританиядағы BBC Concert Orchestra оркестрдің алғашқы әйел бас дирижëрі қызметін атқарды. 2025 жылдан бері Финляндияда Vaasa City Orchestra-ның бас дирижëрі. Finnish Radio Symphony, Helsinki Philharmonic, Royal Stockholm Philharmonic, Iceland Symphony, BBC Philharmonic, Barcelona Symphony, Vancouver Symphony сияқты жетекші ұжымдармен жұмыс істеген. Алла Анатольевна Кульбаба (1968; КСРО, Украина) – украиналық дирижëр. 1994 жылы С. Турчак атындағы Бірінші дирижëрлер байқауының III орын иегері атанды. 1999 жылдан бастап Киевтегі Тарас Шевченко атындағы Украинаның Ұлттық опера театрының дирижëрі қызметін атқарады. Театр сахнасында «Евгений Онегин», «Пиковая дама», «Иоланта», «Аида», «Травиата», «Макбет», «Набукко», «Тоска», «Манон Леско», «Мадам Баттерфляй», «Кармен», «Тайный брак», «Фауст», «Кіт у чоботях», «Ромео мен Джульетта», «Севиль шаштаразы», «Щелкунчик», «Махаббат сусыны», «Запорожец за Дунаем» және басқа да көптеген қойылымдарды өткізген. 2019 жылы «Украинаның Халық әртісі» атағына ие болды. Алëна Грон (1993; Чехия) – чехиялық дирижëр. 2024 жылдан бастап Jihočeská fiharmonie, (Ческе-Будеëвице филармониялық оркестрі) ұжымының бас дирижëрі қызметіне тағайындалған алғашқы кәсіби әйел дирижëр атанды. 2024 жылдан бері АҚШ-та дирижëр Марин Олсоп жетекшілік еткен «TAKI Alsop Conducting Fellowship» халықаралық әйел дирижëрлер бағдарламасының мүшесі болып, Чикаго симфониялық оркестрімен дирижëрлік етті. Чехиялық композитор әрі дирижëр Витезслава Капралованың шығармашылығын насихаттаумен белсенді айналысып, оның оркестрге арналған туындыларын толықтай Janáček Philarmonic Orchestra оркестрімен жазып шықты. Агнешка Дучмаль (1946; Польша) – поляк дирижëр. 1968 жылы Познань қаласында студент кезінде Orkiestra Kameralna Polskiego Radia Amadeus поляк радиосының ресми камералық оркестрдің негізін қалаушысы. 2024 жылы оркестрдің бас дирижëр лауазымын туған дирижëр қызына – Анна Дучмаль Мрожға табыстады. 2021 жылы дирижëрлік өнердегі жетістіктері және поляк музыкасын шетелде танытқаны үшін «Diamentowa Batuta» поляк радиосының сыйлығына ие болды. 2026 жылы «Dama Orderu Orła Białego» атты Польшаның дәрежесі биік сыйлығына марапатталды. Амандин Бейер (1974; Франция) – француз дирижëр, скрипкашы. 2006 жылы «Gil Incogniti» камералық оркестрдің негізін қалаушысы және көркемдік жетекшісі. Барокко оркестрлерінде: Tafelmusic (Торонто), Freiburger Barockorchester, Akademie für Alte Musik Berlin, European Union Baroque Orchestra, Orchestre Français des Jeunes деген ұжымдармен шақырылған дирижëр ретінде қызмет еткен. 2012 жылы И.С. Бахтың жеке скрипкаға арналған сонаталар мен партиталардың үздік жазбалары үшін Diapason d'Or de l'année, Choc de Classica de l'année, Gramophone Editor's Choise премиялардың иегері болды. Алиса Фарнем (1970; Ұлыбритания) – британиялық дирижëр. 1997–2000 жылдар арылығында Н. Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік консерваториясында дирижëрлеу кафедрасын профессор Илья Александрович Мусинның сыныбында оқыған. The Royal Ballet, English National Ballet, Birmingham Royal Ballet, BBC Concert Orchestra, Royal Scottish National Orchestra, Longborough Festival Opera сынды музыкалық ұжымдармен концерттер өткізген. 2013 жылдан бері «Women Conductors» Ұлыбританиядағы әйел дирижëрлерді қолдау жобасының көркемдік жетекшісі. 2023 жылы «In Good Hands: The Making of a Modern Conductor» деген дирижëрлерге арналған кітапты жазып шығарған. Аида Кеңесбаевна Абдуллаева (1962; Қарақалпақстан) – қарақалпақтық дирижëр. 1998 жылдан бастап Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың дирижëрі. 1999 жылы «Қарақалпақстанның Халық әртісі» атағын алды. 2006 жылдары Санкт-Петербургтегі Мариин театрында тағылымдамадан өткен. Дирижëр репертуарында «Иоланта», «Щелкунчик», «Золушка», «Травиата», «Аида», «Бал-маскарад», «Свадьба Фигаро», «Мадам Баттерфляй» сияқты тағы да басқа көптеген опера және балет қойылымдары бар. Анюта Николаевна Иванова (Саха Республикасы, Якутия) – якутиялық дирижëр. 2008 жылдан бері Сахадағы С.А. Зверев-Кыыл Уола атындағы Ұлттық би театрының халық аспаптар оркестрінің дирижëрі. Ресей, Италия, Швейцария, Франция, Испания мемлекеттердің халықаралық фестивальдеріне қатысқан. Саха Республикасының ұлттық музыкасын Якутияда және шет елдерде насихаттағаны үшін «Саха Республикасының Мәдениет саласының үздігі» лауазымына ие болған. Ася Георгиевна Фурта (Ресей) – ресейлік дирижëр. 1991 жылдан бастап Хабаровсктағы өнер колледжінің (ХККИ) студенттік орыс халық аспаптар оркестрінің дирижëрі және дирижëрлеу, арнайы аспап, оркестрлік сынып пәндерінің оқытушысы. 2010–2019 жылдары аралығында Хабаровск өлкесінің филармониясының орыс халық аспаптар оркестрінің бас дирижëрі және оркестрдің көркемдік жетекшісі лауазымдарын атқарған. 2023 жылы наурызда «Хабаровск өлкесінің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағын алды.