Мехмет Өлмез (; 31 наурыз 1963, Учхисар, Невшехир) — түрік тіл маманы, академик және түркітанушы. Филология ғылымдарының докторы, профессор.
Өмірбаяны Жастық шағы 1963 жылы 31 наурызда Невшехир облысының Учхисар ауданында дүниеге келген. Бастауыш және орта білімін 1968-1979 жылдар аралығында Учхисар мен Невшехир қалаларында алған.
Академиялық жолы 1980 жылы Хажеттепе университеті түрік тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсті. 1985 жылы Невшехир диалектісіне қатысты дипломдық жұмысын қорғап, аталған университетті тәмамдады. Сол жылы магистрлік оқуын бастады.
1986-1987 жылдары Түрік тілі қауымдастығында (Türk Dil Kurumu) маманның көмекшісі болып жұмыс істеді.
1987 жылы Хажеттепе университетінде ғылыми қызметкер болып орналасты. Профессор Талат Текиннің жетекшілігімен көне ұйғыр тіліндегі «Алтун яруқ» (III кітап, 5-бөлім) мәтіні бойынша магистрлік диссертациясын қорғады.
1991-1993 жылдары Германияда DAAD стипендиясымен Гисен университетінде профессор Клаус Рёрборнның жетекшілігімен докторлық зерттеулерін жүргізді. 1994 жылы Талат Текиннің жетекшілігімен докторлық дәрежесін алды. Сонымен қатар Геттинген университетінде моңғолтану және индология салалары бойынша білім алып, санскрит және классикалық моңғол тілдерін меңгерді.
1995 жылы доцент, 2001 жылы профессор атағын алды.
Қызмет жолы 1998 жылға дейін Хажеттепе университетінде қызмет етті. Кейінірек келесі оқу орындарында жұмыс істеді: 1998-2000: Токио шет тілдер университеті (Түркітану бөлімі, шақырылған оқытушы); 2000-2001: Мерсин университеті; 2001-2018: Йылдыз техникалық университеті; Осы жылдар аралығында Босфор (Boğaziçi) университетінің Азия зерттеулері орталығында дәріс берді. 2018 жылдан бастап Ыстанбұл университеті Қазіргі түркі тілдері мен әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді.
Мехмет Өлмез ағылшын, неміс тілдерімен қатар орыс, жапон және қытай тілдеріндегі дереккөздерді еркін қолдана алады. Көптеген түркі тілдерін (әсіресе тыва және жаңа ұйғыр) жоғары деңгейде меңгерген. Оның ғылыми зерттеулері көне ұйғыр тілі, руникалық жазбалар, Сібір тобындағы түркі тілдері және моңғол тіліне бағытталған.
1992 жылдан бастап Societas Uralo-Altaica, 2017 жылдан бастап Еуропа академиясының (Academia Europaea) мүшесі.
Отбасы 1991 жылы профессор Зүхаль Карғы Өлмезбен отау құрған, бір баласы бар.
Еңбектері Профессор Мехмет Өлмездің жарық көрген кейбір кітаптары: Altun Yaruk III. Kitap (= 5. Bölüm), Анкара, 1991. Tuwinischer Wortschatz mit alttürkischen und mongolischen Parallelen - Tuvacanın Sözvarlığı Eski Türkçe ve Moğolca Denklikleriyle, Висбаден, 2007. Orhon-Uygur Hanlığı Dönemi Moğolistan’daki Eski Türk Yazıtları, Metin-Çeviri-Sözlük, Анкара, 2012. Köktürkçe ve Eski Uygurca Dersleri, Ыстамбұл, 2017. ISBN 9786059408387. Uygur Hakanlığı Yazıtları, Анкара, 2019. ISBN 6052229064. Kök Tengri ve Yağız Yer Arasında. Kül Tegin - Bilge Kağan - Tunyukuk Yazıtları, Анкара, 2023. ISBN 9786052229422. Uçhisar Ağzı Sözlüğü, BilgeSu yayınları, Ankara, 2025, 120 s. ISBN 9786255800084.
Ол туралы жазылғандар Tümer Karaayak, Özlem Ayazlı, Uğur Uzunkaya (2023). Bilge Biliglig Bahşı Bitigi, Doğumunun 60.Yılında Mehmet Ölmez Armağanı. PA Paradigma Akademi. ISBN 978-625-6957-97-8.
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
YouTube арнасы
Санат:1963 жылы туғандар Санат:Түрік тіл мамандары Санат:Түркітанушылар Санат:Ыстанбұл университетінің оқытушылары Санат:Невшехир тумалары