Хамедорея () – пальмалар тұқымдасына жататын, пальмалардың ең ірі түрлерінің бірі. Оның жүзден астам түрлері бар. Грек тілінен аударғанда хамедорея атауы «аласа бойлы, сыйлық» деген мағынаны білдіреді. Отаны Мексиканың, Оңтүстік және Орталық Американың таулы аймақтары. Сондықтан да хамедореяны кейде «тау пальмасы» деп атап жатады. Олардың бойының биіктігі 2 метр болса, сабақтарының жуандығы 3 см. Үй жағдайында көбінесе хамедореяның Мексика мен Гватемалада өсетін түрлерін таңдайды. Бұл хамедореяның биіктігі 2 метр. Әр сабағында алты-жеті, қанат тәрізді жапырақтары болады. Хамедорея үй жағдайында өсіруге өте ыңғайлы өсімдік, көп күтімді қажет етпейді, бірақ баяу өседі. Жаз кезінде оны балконға немесе аулаға шығарып қоюға болады. Тек өткір күн сәулесінен қорғау керек. Ол жел өтіне шыдамсыз өсімдік. Жарығы: Алакөлеңкеде жақсы өседі. Жарық жерге де орналастырса болады, бірақ тіке түскен күн көзінде қалмағаны жөн. Жылуы: Қыс кезінде 12-15 °C төмен болмауы абзал. Суғарылуы: Жазда молынан жиі, қыста сирек суғарады. Топырағын үнемі ылғалды қалпында сақтаған жөн. Ылғалдылығы: Күніне 2-3 рет өсімдікке су шашып тұрса, жақсы өседі. Қоректендірілуі: Наурыз-тамыз айларының аралығында сұйық тыңайтқышпен қоректендіреді. Аурулары: Хамедореяға өсімдік биті мен өрмекшісі өте үйір келеді. Ауа тым құрғақ болса түрлі зиянкестер пайда болады, жапырақтарының ұштары сарғайып кетеді. Сондықтан өсімдік жапырақтарын үнемі таза ұстау керек. Астыңғы жапырақтары қоңырқай тартып кетеді, ондай жапырақтарды бірден кесіп тастау қажет. Жапырақтары әрсізденіп, ашық түске айналып кетсе, өсімдікті алакөлеңкеге ауыстырып қою керек. Көбейтілуі: Түбінен өскіндер пайда болады. Оларды бөліп жеке отырғызады. Немесе тұқым арқылы көбейтіледі. Тұқымдарды 24 °C температурада тамырландыру керек. Ең тиімдісі, хамедореяның дайын көшеттерін сатып алу.
Сілтемелер Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт
Дереккөздер "Гүлстан" республикалық ғылыми-танмыдық, көпшілік журнал, 2010 жыл ISSN 2078-6727
Санат:Пальмалар