thumb|right|300px|Салтанатты көш. (Н.Г. Хлудов). Көш – көшпелі ортада адамдар тобының немесе этникалық ұжымның белгілі бір мақсатқа байланысты жолға шығу үрдісі. Көшпелі тіршілікті ұйымдастырудың ең басты элементерінің, әрі тәсілдерінің бірі болып табылады. Мысалы, дәстүрлі қазақы ортадағы шаруашылықтың ең басты табиғи объектісі болып табылатын мал жайылымдарын жыл он екі айдың мезгілдік ерекшелігіне сәйкес тиімді ұйымдастыруды көш үдерісінсіз елестетудің өзі мүмкін емес. Мініс аттары, өгіздері, түйелері, сондай-ақ, әртүрлі жүк тиелген арба, сүйреткі сияқты көліктің сан алуан түрлері көштің негізгі құралдары болды.
Көштің түрлері Тарихи-этнографиялық деректерге қарағанда, жыл он екі ай көшіп-қонып жүрген қазақ арасында көштің бірнеше түрлері болған. Ауыл көші – жыл маусымына және шаруашылық жағдайына сәйкес баспана мен дүние-мүлкін көліктерге артып, төрт түлік малын айдап белгілі бір орынға бет түзеген ауыл. Жыл маусымдарына қарай жүрілетін көштердің ішіндегі ең тартымдысы – жайлауға көшу. Қыз көші. Ұзатылып бара жатқан қыздың жасау-жабдығын артқан көшті төркінінен алыстағанша қыз көші деп аталады. Мұндай көш мейлінше сәнделген және құрамы басқа көштерге қарағанда шағын келеді. Онда ұзатылып бара жатқан қыз бен оның анасы екі жақтағы құдалар мен күйеу жігіт және оның жолдастары мен құдалыққа барғандар ерекше сәнді ғұрыптық киімдерімен бірден байқалады. Келіншек көші. Ал шығарып салушылар қоштасып кері қайтқан соң шартты түрде келіншек көші деп аталады. Ондай көштің барар жері алыс болса көшті қорғаушы сайлауыт жігіттер ере жүреді. Қазақта әсем безендірілген, қызықты-думанды өтетін көшті сыртқы көрінісіне қарап сәнді көш немесе салтанатты көш деп айтады. Қыз көші немесе келіншек көші, жайлау көші ел арасында сәнді көш ретінде қарастырылады. Қазан төңкерісіне дейін қазақ тұрмысын зерттеген орыс ғалымдары көштің мәніне, мақсатына, бітіміне және болмысына айырықша ден қойды. Соның ішінде, олардын назарын ерекше аударған көш салтанаты болды. Атбасар уезі қоныстану басқармасының статисті Л.К. Чермактың қазақ көшіне берген сипаттамасы қазан төңкерісіне дейінгі қазақ тұрмысы мен мәдениетіне арнап көптеген сурет салған атақты Н.Г. Хлудовтың «Салтанатты көшімен» үндеседі. Таңдаулы түйелерді әсемдеп әшекейлеп жүк, тең артылып, оған кілем-кілемшелермен жабылған. Көліктің бұйдасын ұстаған сәнді киінген әйелдердің, жорға-жүйрікке мінген жігіттердің жүрістері мен әуелете салған жыр-күйлері бай ауылының әлеуеті мен салтанатын паш етеді. Сауықшыл қыз-жігіттер домбыра алып, жол бойы ән салып, көштің салтанатын асырады. Жол бойы әңгіме қызып, әзіл-қалжың жарасып, думан асқақтай түседі. Салтанатты көштің бағыт-бағдары, қай ауылдың, қай рудың екендігі «ұзынқұлақ» арқылы әп сәтте жан-жаққа тез тарайды. Байлар ауылының жалшы, малшы, сауын сауатын адамдары көштің соңын ала жүреді. Жолай кездескен жұрт, кімнің ауылының көші екендігін біліп, сый-құрметін көрсетеді. Көштің барысын далада кездескен жолаушы немесе тұсынан өткен ауылдар тамашалап, алыстан «мынау бәлен ауылдың көші екен» деп тамашалайтын әдет бар. Мұндайда көшкендер сынға ұшырап, сөгіске қалмауға тырысады. Қаралы көш. Кісінің қайтыс болғанын әйгілейтін, әлі де болса қара жамылып бара жатқандығын білдіретін ерекше белгілері бар көшті – қаралы көш деп атаған. Мұндай «көш жүргізгенде «тұл» атты ерттеп, оған тұлдың (сұлбаның) «бұты» мен «аяғын» ерге тірі адамдай орнықты қондырып, үстіне шапанын жауып, қамшысын қыстырып, тымағын ердің алдыңғы қасына іліп, әлгі «салт аттыны» марқұмның бәйбішесі қыздарымен мен келіндерімен бірге көштен оқ бойы алда жетекке алып жүреді. Ал, қыздары бөріктерін теріс қаратып киеді. Жол-жөнекей кездескен ауылға жақындағанда дауыс қылып, жоқтау айтылады. Ауыл адамдары қаралы көшті тоқтатып, жұбату сөздерін арнаған соң дәм-тұзбен сыйлайды». Үркін көш. Ауыз әдебиет мен сөз қолданыстарында жиі айтылатын бұл ұғым туралы түрлі пікірлер бар. Үркін көш деп жұртың (ауылдың, тіпті рудың) белгілі бір саяси, әскери жанжалға байланысты, сондай-ақ, аса қауіпті індет шыққанда елдің мезгілсіз уақытта аяқ астынан көшуін айтады. Бұл жаугершілік заманындағы жаудан құтылу, тұтқиылдан жасаған шабуылдан қашу үшін зұлмат, қуғын-сүргін заманында жиі орын алған. Ал қатерлі ауру тарағанда ауру адамдарды қалдырып көшіп, індет тараған аймақтан ұзап кетуге тырысқан. Мұндайда ауыл-аймағымен берілген дабыл бойынша аз уақыттың ішінде үдере көшеді. Ондайда сән-салтанат жоқ, жанды аман алып қалу үшін малды жеделдете айдап жүреді. Мұндайда артық жүктерін жұртқа қалдырып, мүмкіндік болса көмбеге көміп кеткен. Мұндайда суыт жүріске ілесе алмайтын малдар да қалдырылған. Салқар көш. Орыс отаршылдығы тәртібінің қазақ өлкесіне дендеп орнығуына дейін көшпелі тіршілікте көш жыл бойында толассыз ұйымдастырылып отырылды. Көштің салқар көш деп аталатын түрі сайын далада өте ұзаққа бағытталған күн сайын толассыз көшетін үлкен көштерге қатысты айтылады. Қазақстанның әр аймағында көш жолының қашықтығы әртүрлі болып келеді. Мысалы, Оңтүстік аймақтарда осы қашықтық небәрі 15-20-дан 50 шақырымға дейін болса, батыс аймақтарда, әсіресе, Маңғыстау мен Сыр өңірі қазақтары арасында жайлауға және жайлаудан күзеуге, одан әрі қыстауға көшу 1000-1200 шақырымды құраған.
Көш жүру тәсілі Ерулеп көшу – жол-жөнекей бірнеше күн аялдап, мал мен жанды тынықтырып алу жолымен көшу тәсілі. Үдере көшу – тез жиналып, суыт аттану және қажет болғанда «қомды шешіп, теңді шешпей» аялдау жолымен жалғаса беретін көшу жолы. Бейбіт жағдайда үдері көшу тәсілі алысқа бағытталған көштің қолайсыз аймақты көктей өтуі кезінде қолданылған. Өйткені қар суы кетпей тұрып Бетпақдала, Мойынқұм, Борсық құмы, Маңғыстау, Үстірт, Атырау маңы ойпаты, Қызылқұм сияқты табиғаты қолайсыз аумақты басып өту үлкен ұйымдастырушылық шеберлікті талап етеді. Қазақтың көшпелі қоғамын зерттеуге өшпес үлес қосқан профессор С.Толыбеков түс ауғаннан соң басталған көшті үдере көш ретінде қарастырды. Тасымалдап көшу. Көшуге көлік жетіспеген жағдайда тасымал тәсілмен көшеді. Оның мәні ауылдың бір бөлігі күнделікті тұтынбайтын артық жүктерін барар жерге күнібұрын апарып тастап, ертеңінде баспаналарды тасиды. Мұны кейбір өңірде жүк салып көшу деп те атайды. Мал жұттан шыққан жылдары көлік тапшылығы айқын сезілетіндіктен, ауылдың бір бөлігі алдымен көшкен соң арттағы малшы, қосшы, жарлыларға көлік жіберіп көшірді. Мұндай, бөлініп көшу де тасымал көш түріне жатады.
Көшке дайындық Көш көліктерін сайлау Көш жақындағанда мінетін аттарын ұстап дайындайды. Көште жаяу жүру немесе ер-тұрмансыз жайдақ атқа міну адамға үлкен мін, тіпті қорлық және ауылға сын деп есептелген. Көшер уақыт жақындағанда балаларға жылқыдан тай, түйеден тайлақ ұстап, алдын ала үйретіп дайындайды. Ауқатты шаңырақ мүшелері, әсіресе ерлер жағы жылқы ішінен өздері таңдап ат ұстап, жаратады. Ал көш басталардан 3-4 күн қалғанда жылқыдан қауымның басқа мүшелері мінетін жуас аттарды ұстайды. Оларды көшке дейін қаңтарып, арынын басады. Егер көш ұзаққа жалғасқан салқар көш болса жүк артатын атан, түйе, өгіздерді оншақты күн бұрын ұстап дайындайды. Оларды жын-тоғын бастыру, қаңтарып, матау, суға салу, жарату сияқты тәсілдермен ұзақ жүріске дайындайды. Өйткені, тоқ малды жұмысқа салса, түрлі аурулардың тууына себеп болатындығы белгілі. Байлап отырған биелерді көштен бір күн бұрын ағытып қоя береді.
Көшті аластау thumb|right|250px|Көшті аластау. Суретті салған Ө.Нәбиұлы. Қыстаудан көшерде ерекше ғұрып – тазару шарасы атқарылды. Шараның түптамыры тереңде. Байырғы түсінік бойынша, бір жылды шартты түрде қыс пен жаз немесе жылы және суық маусым деп екіге бөлген. Қазақтар қара түсті, суық, қолайсыз, түнек сияқты сипаттарды қысқа телиді. Қыс жыл бойында қаратүнек (түн) тәрізді адамға қас, кереғар жамандықтардың белең алатын кезі. Яғни, күн қысқа, түн ұзақ, күннің нұры аз, аяз қатты, сондай-ақ қар, мұз, жел, боран төрт түлікке де, адамға да аса үлкен қолайсыздық тудырады. Көп ретте үлкенді-кішілі жұт малдың бір бөлігін шығынға ұшыратып, түрлі ауру, індет өршітіп отырады. Яғни, қыс көшпелі қауым үшін түнек, пәле-жалаға толы қолайсыз кезең болып саналады. Қыстаудан көшерде қыс бойғы барлық қолайсыз әсер, жағымсыз күштердің ықпалынан құтылудың бірден-бір тиімді жолы – отпен аластау. Қыстаудан қозғалардың алдында таңертең ерте (кейбір деректерде көшердің алдыңғы күні қас қарайған соң) қыстаудың маңынан лаулап жағылған екі оттың арасынан төрт түлікті айдап өткізеді. Ертесінде жүк артылған ат, атан, өгізді, оларға жегілген арбаны және салт аттарын жетектеген қауым мүшелері де от арасынан жүріп өтеді. Кейбір деректерде бұл ғұрыпты көктеуден жайлауға қарай бет түзеген кезде де атқарған деген мәлімет кездеседі. Көш керуені мен мал көктемгі қоныстан 5-6 шақырым ұзаған соң аялдап, аластау шарасын жасаған. Отпен аластаудың мәні – мал мен жанға жабысқан түрлі пәле-жалалар мен жын-шайтандарды оттың көмегімен аластап, тазалану. Аластаудың екінші түрі – магиялық ерекше күші бар деп саналатын керілген ала арқанның астынан төрт түлікті айдап өту.
Жүк арту thumb|right|250px|Шом жасап, жүк арту. Суретті салған Е.Оспанұлы. thumb|right|250px|Қырғауылдың қауырсынымен әшекейленген қарқара ерттелген көш түйесінің бұйдасын ұстаған әйел. thumb|right|250px|Шыңжаң қазақтарының түйені қомдауы. ҚХР. Шыңжаң, 2008 ж. Көшетін күні таң ата, киіз үйді жығудың қамына кіріседі. Үзік, туырлық, түндік сияқты киіз жабындары алынған соң олар ретпен бүктеліп, жүк көліктеріне тепе-тең қылып артуға ықшамдалады. Керегелерді көбінесе екі-екіден беттестіріп, уықтарды шамамен 18-25 топтап буады. Олардың бас-аяғына керегеқап, уыққап деп аталатын қаптар кигізіледі. Жүкті теңдеудің өзіндік тәртібі бар. Алты қанатты киіз үйдің керегесін үш-үштен екі тең жасайды. Мұндай сегіз қанатты киіз үйдің уығының саны шамамен 110-нан асады. Уықтарды 15-20 дан көтергенге ыңғайлы етіп буып, салмағын бірдей жасайды. Сол сияқты салмақтары шамалас келетін, іші толы абажа, сандық, кебежелер олардың екі қапталын қажап, жараламас үшін текемет, сырмақтарға оралады. Киіз жабынның ішіндегі үлкен үзіктің екеуі бір тең болады. Дайын болған жүктерді түйеге теңдеп арту үшін қом арқан мен тарту арқан екеуін қатарластырып тастайды. Олар қолқа деп аталатын киізден жасалған киімнің жеңі тәрізді тұйықтан өткізіп, ұштарын жазады да, оған түйені әкеліп шөгереді. Қолқаның мәні қатты тартылған арқан төсті қажалудан сақтайды. Буылып, дайындалған теңдерді артумен машықтанған адамдар айналысады. Жүк арту үшін киіз үйдің туырлығын үш бүктеп, түйеге қомдық жасайды да, оның екі жағына кереге немесе буылған уықты екі жағынан ұстап тұрып, қолқадан өткізілген екі арқанның бірі – қом арқанмен байлайды. Ол кереге не-месе уықтың екі басынан байланады және «белге салып» қатты тартылып бекітіледі. Онан соң үшінші арқан – тең арқанның бір жақ ұшын тұйықтап салып, оған түйенің екі қапталына екі үлкен теңді әкеліп қойып тұрып, тұйық жағынан өткізіп, екінші ұшымен байлайды. Мұндай тең тепе-теңдік сақтап тұрады. Осыдан кейін үлкен екі теңнің арасында пайда болған «шұңқырға» ұсақ дүниелерді – дорба, алақап, қанар және т.б. қаптарға салып толтырады да, ең үстіне көш сырмағын жабылады. Осылай жүк артылып болған соң түйе төсінің астынан қолқа киізден өткізілген тарту арқанды жүктің ту сыртынан тартып байланады. Көштің басында жүретін шаңырақ түйе немесе бастүйеге көш сырмақ жабылған соң үстіне шаңырақ артылады. Бірақ, шаңырақ арқанмен байланбайды, желбаумен ғана бекітіледі. Бұл шаңырақты сынып қалудан сақтандырады. Бай ауылының көшінде 15-20 түйеге, ауқатты қазақтың отбасы оншақты, орташа отбасы 5-6 түйеге жүктерін артқан. Ал, мініс көлігі отбасы мүшелерінің санына қарай шамамен 8-15 тіптен онан да көп болуы мүмкін. Өздігінен атқа міне алмайтын ойын балалары жуас түйеге тиелген, аузы ашық көш кебежелерде отырады. Сол сияқты үлкен сабаларды түйеге артқанда оны сабааяқпен қоса теңдеп артқан.