Экспорттық Лизинг – лизингілік компания ұлттық фирмадан жабдық сатып алып, оны кейіннен шетел кәсіпкеріне белгілі бір мерзімге және уағдаластық шартпен жалға беру мәмілесі. Э. л. объектілері көбінесе – көлік құралдары, қымбат тұратын жабдық, машина-тех. өнім, жылжымайтын нысандар (мыс., қойма жайлары). Лизинг шарты бір мезгілде ұзақ мерзімді жалдау туралы және несие беру туралы шарт болып табылады. Өйткені лизингіні пайдаланушының шарт объектісін жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін қалдықтық құны бойынша сатып алу көзделуі мүмкін. Осы тұрғыдан Э. л. шарты шетелдік сатып алушының тауардың ақысын бөлшектеп (мәулеттік) төлеу нысаны ретінде қарастырылады. Халықаралық валюта қорының ережелеріне сәйкес халықар. жалдаудан туындайтын міндеттемелер мемлекеттің сыртқы қарызының сомасына енгізілмейді. Сондықтан Э. л. көптеген елдерде мемл. қолдау тауып, оған белгілі бір жеңілдіктер беріліп отыр. Халықар. жалдаудың алуан түрлері бар, атап айтқанда: рентинг – мүлікті жалдаушының кейіннен оны сатып алу құқығынсыз қысқа мерзімді (бір күннен бірнеше айға дейін) жалдау; хайринг – мүлікті орта мерзімді (6 айдан 3 жылға дейін) жалдау, мұнда мүлік үшін төленетін соманың соңғы бөлігі төленгенге дейін ол сатушының меншігінде қалады.

Санат:Экономика Санат:Терминология