thumb|right|250px|Ғылыми әдіс Ғылыми әдіс — жалпы ғылыми аясындағы қолданылатын әдістердің жиынтығы. Осыған қоса әрбір ғылым саласы тек қана арнаулы объектіге ғана емес, сол объектіге сәйкес арнаулы әдіске де ие болады.
Ғылыми әдістіӊ жалпы логикасы мен парадигмалары Зерттеу құралдарына түрлі процедуралар, әдістер, тәсілдер, методикалар, жүйелер мен методологиялар кіреді. Бұл түсініктер төмендегі логикалық қатарды құрайды. Әдіс - зерттеу барысында белгілі бір қорытынды алуға бағытталған, бір немесе бірнеше метематикалық, немесе логикалық операциялардың теорияға немесе практикаға негізделген түрі. Процедура – белгілі бір операциялар жиынтығының орындалуын қамтамасыз ететін іс-әрекеттердің жиынтығы. Тәсіл – күрделі әдіс болып табылады, ол зерттеу барысындағы бірнеше нысаналы әдістердің жиынтығы. Методика – бір немесе бірнеше әдістер жиынтығына негізделген зерттеу жолдары, немесе олардың жиынтығына негізделген әдістер. Методология - зерттеу әдістері, жүйелері мен методтары жөніндегі білімнің жиынтығы. Жүйе – күрделі құбылыстар мен процестерді зерттеу үшін қажетті техникалық құралдар мен методикалардың жиынтығы.
Ғылыми танымның нәтижелері түсініктерді қалыптастырумен аяқталады. Ғылымның түсініктілігі бір-бірімен тығыз байланысты аксиомалар, теоремалар мен тұжырымдардың қатаң логикалық құрылысымен түсіндіріледі. Түсініктер көп жақты құрылымға біріктірілген. Теория – бұл түсініктің кеңейтілген түрі. Кез келген ғылыми теория – Евклидтің не Н.И.Лобачевскийдің геометриясы, кванттық механика, не қазіргі заманғы космогония - түсініктердің қалыптасуының мысалы бола алады. Түсініктердің қалыптасуы - үздіксіз жүретін күрделі үрдіс. Әрбір ғылым белгілі бір заңдылықтарға бағынатын түсініктер жүйесі болып табылады.
Ғылым кумулятивті үрдіс деп аталатын тек қана фактілердің жай жиынтығы емес. Фактілерді әдетте гипотеза мен теориялар арқылы түсіндіруге тырысады. Олардың ішінде белгілі бір кезеңде парадигмаға айналатын жалпыға ортақ немесе фундаменталды теория болады. Кезінде осындай парадигма ретінде Ньютонның аспан және жер денелерінің қозғалыс теориясы қарастырылды, өйткені, бұл теорияға нақты механикалық процестерді зерттеуші дерлік ғалымдар сүйенді. Дәл осылай, электрлік, магниттік, оптикалық және радиотолқындық процестерді зерттеуші барлық ғалымдар Д.К.Максвелл жасаған электромагниттік теорияның парадигмасына сүйенді.
Ғылыми революцияларды талдау үшін, ғылымға парадигма түсінігін енгізген америкалық ғалым Томас Кун (1922-1996 ж.) олардың ерекшелігін – бұрынғы парадигманың жаңа парадигмаға ауысуы, яғни зерттеліп отырған процестердің жаңа, терең және күрделі түріне ауысуын көрсетіп кеткен. Оның пікірі бойынша ғылымның дамуын екі кезеңге бөлуге болады: қалыпты кезең, бұл кезде ғалымдар парадигманы жеке, арнаулы сипаттағы мәселелерді шешуге пайдаланаған; экстраординарлық кезең - жаңа парадигманы іздеу кезеңі.
Осындай қөзқараста жаңа парадигманың бұрынғы зерттеулермен ешқандай байланысы жоқ бола тұрып, оның өзінің пайда болуы түсініксіз болатыны сөзсіз. Шын мәнінде, парадигмаға қарама-қарсы аномалиялық фактілер мысалдарынан – анализ, бағалау сияқты процестердің ғылымның кәдімгі даму кезеңінде-ақ пайда болып жатқандығын байқауға болады. Сондықтан ғылымның дамуының көрсетілген кезеңдерін бір біріне үзілді – кесілді қарама - қарсы қою негізсіз болып, бұл көзқарас көптеген ғалымдардың тарапынан қарсылыққа кездесті. http://www.kitaphana.kz/ru/downloads/referatu-na-kazakskom/231-kazak-adebieti/2521-gilimi-tanim.html
Жеке ғылымдардың әдістері, жалпы ғылыми әдістер және оларға сипаттама
thumb|right|200px|Иоганн Кеплер, (1571–1630) thumb|right|200px|Галилео Галилей, (1564−1642) Ғылыми танымның әдістері жалпы деңгейлеріне, ғылыми зерттелу үдерісіне, қолданылу ауқымының кеңдігіне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Сондай-ақ олар: жеке, жалпы ғылыми және жалпылама (философиялық) әдістерге бөлінеді.
Жеке әдістер нақты зерттеулердің тар шеңберінде қолданылады және зерттелетін объектілердің сапалық ерекшеліктерімен тығыз байланыста болады. Пәндік бағдарына қарай зерттелу үдерісіне: физикалық, биологиялық, әлеуметтік әдістері қолданылады. Мысалы, химиядағы валенттілікті табу, социологиядағы анкета жүргізу әдістері сияқты. Зерттелетін объекті мен оны зерттеу арасындағы тәуелділікті ескере отырып, зерттеуші объект пен әдістің сәйкестілігін қадағалау керек.
Жалпы ғылыми әдістер ғылыми зерттеулер аясында кең қолданылады.
Ғылыми танымныӊ эмпириялық және теориялық деңгейлері Ғылыми таным эмпириялық және теориялық деңгейлерге бөлінеді. Жалпы ғылыми әдістердің кейбірі тек эмпириялық деңгейде (бақылау, эксперимент, өлшеу), басқалары тек теориялық деңгейде (идеалдау, формалау), тағы бірқатары эмпириялық және теориялық деңгейде (модельдеу) қолданылады.
Танымның эмпириялық деңгейінің әдістері Эмпириялық танымның бастау алатын әдісі — бақылау. Ол айналадағы нағыздық объектілері туралы бірқатар алғашқы ақпараттар алуға мүмкіндік береді. Бақылау белсенді танымдық үдеріске жатады және нәрсе мен сыртқы дүние құбылыстарының сезімдік (көбінесе көру) бейнеленуі болып табылады. Бұл әдісті қолданған кезде танушы адам белгілі бір тану мақсатына сүйенеді. Әдетте, ойша әрекет бағдарламасын жоспарлайды және алынған айғақтарға, демек, реалдылық туралы білімдерге сәйкес келетін түсінік береді.
Бақылау үдерісінде зерттеуші салыстыру және өлшеу операцияларын қолданады. Зерттеуші объектіні белгілі бір белгісі бойынша салыстырады, сонан кейін оны өлшейді. Өлшеу барысында субъективтілікті мейлінше азайтады. Ал өлшеу кезінде өлшеу құралдарын қолдану зерттеушіні физикалық үдерістерді тіркеудің; сезім органдары сияқты сенімсіз құралдарынан бас тартқызады.
Эмпириялық танымның бұдан да күрделі әдісі тәжірибе болып табылады. Тәжірибе деп объектінің өзіне сай қасиеттерін айқындау зерттеушінің оған жасанды жағдайлар жасау жолымен әсер етуін айтамыз. Мұндай жағдайда зерттеуші алдын ала объектінің белгісіз (жасырын) сипаттарын ашу үшін, оның өту жағдайларын өзгерте отырып, табиғи үдеріс барысына енеді.
Танымның жалпы логикалық әдістері thumb|right|200px|18ші ғ. химиктер, химиялық тәжірибе барысында
Оған: анализ, синтез, индукция, дедукция жатады.
Анализ дегеніміз — объектіні бірнеше құрамдас бөліктерге бөліп алып, оларды жеке зерттеу. Ондай бөліктер ретінде объектінің белгілі бір заттық элементтері немесе оның қасиеттері, белгілері, қатынастары алынуы мүмкін. Объектінің өзін ұстау заңдарын айқындау үшін алдын ала оның маңызды және екінші қатардағы белгілерін ажыратып алу керек. Олардың жалпы объект құрылымы мен ұстанымында алатын орнын айқындау керек. Объектіні тұтастық ретінде тану оның құрамдас бөліктерін зерттеумен шектелуге болмайды. Таным үдерісінде олардың арасындағы объективтік мәнді байланыстарды ашу, оларды жинақтап, бірлікте қарастыру қажет. Таным үдерісіндегі осы екінші кезенді жүзеге асыру — объектінің жеке құрамдас бөліктерін зерттеуден оның біртұтас байланысқан жағдайын зерттеуге көшуге, анализ әдісін өзге әдіспен, яғни синтезбен алмастыруға байланысты. Анализ аяқталған жерде синтез басталады. Синтездеу кезінде объектінің анализ жасау кезінде ажыратылып тасталған құрамдас бөліктері қайтадан біріктіріледі. Бүл жерде синтездеу деп элементтерді біртұтас жүйеге қарапайым механикалық түрде біріктіру деп түсінбеу керек. Шындығында, ол тұтас жүйедегі өр элементтің орны мен рөлін анықтайды, олардың өзара байланыстарын белгілейді. Демек, біздің көз алдымызда зерттелетін объектінің нағыз диалектикалық бірлігін көрсетіп береді. Анализ бен синтез бір-бірінен бөлек операциялар емес, мәніне қарай олар танымның аналитикалық, синтетикалық әдісінің екі жағы болып табылады. Индукция ойдың жалқыдан жалпыға қарай бағытталуын, дедукция кері бағытта, ойдың жалпыдан жалқыға қарай бағытталуын сипаттайды. Біздің ой қорытуымызда индукция жиі көрініс береді. "Барлық адам өледі. Юлий Цезарь — адам. Демек, Юлий Цезарьдің де өлетіні белгілі". Жалпы жағдайды біле тұра, таным субъектісі оны сол сипаттағы құбылыстардың бәріне ауыстырады. Бұған дейін мұндай объектілер ұзақ индуктивті тану жолынан өткендіктен, сол білімдердің нәтижесінде жеке зерттеу логикалық қорытуға ұласады. Данышпан ғалым-химик Д.И.Менделеев сол кездегі белгілі химиялық өлшемдердің бәрін дерліктей зерттей отырып, элементтердің периодтық заңына алдымен индуктивтік жолмен келді. Элементтердің қасиеттері олардың атомдық салмағына тәуелділігі анықталғанда, ол таза дедуктивтік әдіспен сол кезде әлі ашылмаған, белгісіз элементтердің қасиеттері туралы жорамал айтты. Содан кейінгі ашылған элементтер ол тұжырымдаған заңдылықтардың толығымен дұрыстығын көрсетті. Индуктивтік әдіспен алынған ақиқат үнемі толық бола бермейді, сондықтан ол дедуктивтік әдіспен дәйектелуі керек. Екінші жағынан, дедукция үнемі индуктивтік жолмен алынған нәтижелерді пайдалануы керек.
Аналогия және модельдеу әдістері
Аналогия деп түрлі объектілер арасындағы, олардың белгілерінің, қасиеттерінің, қатынастарының арасындағы ұқсастықты атаймыз. Объектілер арасындағы ұқсастың пен айырмашылық оларды салыстыру кезінде айқындалады. Демек, аналогия әдісінің негізі салыстырудан тұрады деген сөз. Аналогия әдісі ғылымның көптеген салаларында — математикада, физикада, химияда, кибернетикада, қоғамдық пәндерде қолданылады.
Осылай XVI ғасырда Галилей маятник тербелісінің заңдылықтарын зерттеу шіркеудегі шамдалдың (люстра) тербелуі мен маятниктің ауытқуы арасындағы аналогиядан басталды. И.Ньютонның бүкіләлемдік тартылыс заңын ашуына да ағаштан алманың түсуі мен аспан денелерінің жерге құлауы арасында аналогия түрткі болғаны белгілі. Дыбыс пен жарықтың берілу, бейнеленуі, сыну құбылыстарының арасындағы аналогия XVII ғасырдағы голланд физигі Гюйгенсті жарықтың толқын сияқты табиғатын айқындауға бастап әкелді.
Аналогия бойынша қорытынды шығарудың өр түрлі тұрпаттары бар. Бәріне ортақ нәрсе — тура зерттеуге алынатын объект басқа болып, ал қорытынды екінші объект туралы жасалады. Сондықтан аналогия бойынша қорытындыны жалпылама мағынада ақпаратты бір объектіден екіншісіне аудару деп қарауға болады.
Мұндайда алғашқы зерттелген объект — модель ақпарат аударылған объект — түпнұсқа (оригинал) делінеді. Осылайша, модель әрқашан аналогия ретінде көрінеді, өйткені модель мен түпнұсқа бір-біріне ұқсас. Модельдеу әдісінің мәні таным субъектісі таным объектісінің түпнұсқасы туралы оның түпнұсқадан үнемі айырмашылығы бар моделін зерттей отырып, қосымша ақпарат алатындығынан көрінеді. Сондықтан модельдеу аналогия әдісінің бір түрі болып есептеледі. Мұндайда ақпарат кешіру модель мен түпнұсқа ұқсастығының деңгейіне байланысты. Болашақ салынатын ірі құрылыстар мен жасалатын техникалық бұйымдардың қасиеттері мен сипаттамасы алдын ала олардың модельдерінде зерттеледі. Қаржы-экономикалық тұрғыдан бұлар толық ақталады.
Модельдеу әдісін ғалымдар бірнеше ғасырлар бойы пайдаланып келеді. Кезінде XV ғасырда өмір сүрген Леонардо да Винчи модельдеудің маңызын жақсы түсінген. "Құстың ұшуын барлық бөлшектері бойынша зерттеу өте қиын, — деді ол, бірақ оны жасап шығаруға болады. Судың астында жүзу туралы жазып көр — кұстың ауада ұшқанын аласың". Модельдеу әдісін Галилей, Ньютон және басқа ғалымдар да пайдаланған. Ол кезде: "Модельдеуді зерттеудің ең бастапқы кезінде ғана пайдалануға болады, ол ыждағатты ғылыми зерттеулер жүргізуге жарамайды" деген пікір таралған еді. Мысалы, 1870 жылы Англияда аса ірі бронкеме "Кептен" жасалды. Бұл кемені моделі бойынша сынақтан еткізген инженер Рид бронкемесінің маңызды кемшіліктерін анықтады. Алайда ағылшын билеушілері "ойыншықпен" жасалған тәжірибені назарға алғысы келмеді. Ақыры сол үшін олар жазасын алды, "Кептен" ашық теңізге шыға берісімен суға батып кетті, 500 адамның өмірі үзілді. Қазіргі кезде де модельдеу әдісін жеткілікті бағаламауға немесе оны көзге ілмеуге болмайды.
"Модель" дегенде, әдетте, біздің ойымызға адам арнайы жасамақшы болған белгілі бір шынайы нәрсенің немесе жүйенің, құрылғының, шығарманың, сипаттаманың кішірейтілген үлгісі келеді. Модель арқылы, қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын зерттеу объектісі туралы қалыпты жағдайда киын немесе мүмкін болмайтын білім алуға болады.