Барақ хан, кейде Барақ сұлтан (толық есімі Барақ-Мұхаммед сұлтан, жазба деректерде Барак салтан, туған жылы белгісіз - 1750 жылдың ақпаны/наурызы) — Орта жүздің сұлтаны, 1749 жылдың қыркүйегінен бастап найман тайпасының құрамындағы рулардың басым бөлігінің және арғындар мен қоңыраттардың жекелеген руларының билеушісі. XVII ғасырдың аяғында Отырар, кейінірек Иқан қаласын билеген Тұрсын ханның ұлы, Көшек сұлтанның інісі.

Өмірбаяны

1723-1730 жылдары жоңғар-қазақ соғысы кезінде батылдылығының және әскери талантының арқасында Орта жүздегі билеуші топтың алдыңғы қатарына шықты. 1726-1727 жылдары Әбілқайыр және Сәмеке хандардың еділ қалмақтары мен жайық казактарына, ал 1727-1730 жылдары қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған Әбілқайыр ханның жоңғарларға қарсы жорықтарына қатысып, «бахадүр» лауазымына ие болды. Солтүстік-батыстағы және оңтүстік-шығыстағы жүргізілген сәтті әскери қимылдардан кейін оның саяси ықпалы Көшек, Сәмеке хандардан және өзге да сұлтандардан арта түсті. Жоңғар-қазақ соғысынан кейін Орта жүздегі беделін нығайтқан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханның бас қолбасшы мәртебесін мойындаудан бас тартты. Саяси қарсыласының патшалық үкіметтің көмегімен өз билігін күшейтуіне жол бермеу мақсатымен 1735 жылы ағасы Көшек сұлтанмен бірге ресей патшайымы Анна Иоанновнаға хат жіберген.

Ол өлтірілген ханның ұлдарынан қанды кек алу қаупін күтіп, қазақтардың Жоңғариямен шекаралас аймақтарына қоныс аударды. Барақ сұлтан жоңғарлардың жаңа қонтайшысы Цеван-Доржиге Әбілқайыр ханның өліміне қатысты әрекеттерін түсіндіруге және одан пана сұрауға тырысты. Алайда, оның өтініштері жауапсыз қалды. Әбілқайырдың зорлықпен өлтірілуіне қатысты көптеген қазақ билеушілерінің наразылығына байланысты, Барақ 1748 жылдың соңында үлкен ханның өлтірілуіне қатысты мәселені билер соты арқылы шешуге тырысты. Билер соты Барақты ақтағаннан кейін ол қол астындағы найман және арғын тайпаларының руларымен Түркістанға қарай қоныс аударды. 1749 жылдың күзінде, Сырдарияның орта ағысында жүрген кезінде, Барақ Төле бидің, наймандардың рубасыларының қолдауымен хан сайланды. Сол жылдың аяғында оның билігін қаракесек руының, қоңырат тайпасының жекелеген бірлестіктері мойындады. Сонымен қатар жаңа сайланған хан «жоғарғы қарақалпақтардың» бір бөлігін, Иқан, Ташанақ, Отырар, Оғызтау және Созақ қалаларын бағындырып, олардан алым-салық жинай бастады. Иқан қаласы Барақтың Түркістан аймағындағы ордасына айналды.

Барақ сұлтан Түркістан қаласында жерленген. Оның кем дегенде 2 әйелі болған: белгісіз түркістандық сарттың қызы және XVIII ғасырдың 40-шы жылдардың ортасында еділ қалмақтарына немесе жоңғарларға қарсы жорық кезінде тұтқынға түскен ойрат. Ханның 7 ұлы белгілі: Шығай, Бөкей, Дайыр, Қанқожа, Қанбаба, Нұралы және Маман. Үлкен ұлы Шығай 1748 жылы ферғаналық қыпшақтардың көмегімен хан тағына отырып, Намағанның билеушісі болған. Ол Ферғананың солтүстігінде ордасына айналған Тура-Қорған бекінісінің негізін қалаған. Дайыр және Бөкей бірінен соң бірі Орта жүздегі найман, арғын және қоңырат тайпаларының жекелеген руларын билеген. 1796 жылдың басында Хорезмдегі өзбектердің билеуші тобы Нұралы сұлтанды Хиуа тағына отырғызған. Оның кейінгі тағдыры белгісіз. Әбілпейіз сұлтанның өгей ұлына айналған Қанқожа өгей әкесінің өлімінен кейін қаракерей руын билеген. Цин билігінен «ван» лауазымын иеленген Қанбаба XVIII ғасырдың екінші жартысында наймандардың құрамындағы сарыжомарт руын, ал Маман қаракесек руының жекелеген бөлімдерін билеген.

Әдебиет

Бакунин В.М. Описание калмыцких народов, а особливо из них торгоутского, и поступков их ханов и владельцев. Элиста. 1995. Вельяминов-Зернов В.В., Исторические известия о киргиз-кайсаках и сношениях России со Средней Азией со времени кончины Абулхаир-хана (1748 — 1765), Уфа, 1853; Ерофеева И.В. Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х томах/Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В.Ерофеева. Алматы: АО «АБДИ Компани», 2014. - 696 с. + вкл. 44 с. — ISBN 978-9965-832-26-0. Ерофеева И.В., Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик, А., 1999. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. Изд. 3-е / Сост. И.В. Ерофеева. Алматы, 2009. Моисеев В.А.'', Джунгарское ханство и казахи. ХVІІ — ХVІІІ вв., А.-А., 1991;

Санат:1750 жылы қайтыс болғандар Санат:Қазақ сұлтандары Санат:Қазақ хандары Санат:Төрелер