Байұлы тайпасының Жағалбайлы руынан шыққан. Торғайдың төбе биі немесе шен қумаған Шеген би хақында. Қазақтың көрнекті ақиық ақыны, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғафу Қайырбеков өлең жырмен: «Арғынның жалпақ жатқан сүйегінің, Ортанғы жілігіндей ірі буын. Әйгілі тархан Жәнібектің ұрпақтары, Көтермеген ешкімнің шіренуін»- деп суреттегендей,

Торғай төңірегі үшін тұғыры биік тұлға, арғын тайпасының батыры, Еңсегей бойлы Есім ханның қолбасшыларының бірі болған Шақшақ Аманжолұлынан Көшей, Көшейден Қошқар, Қошқардан атақты тархан Жәнібек туған. Шыққан тегі - Орта жүздің Арғын тайпасынан.Халық өзінің сүйікті ұлын кезінде «Шақшақ Жəнібек», «Шақшақұлы Жəнібек», «тархан Жəнібек» деп атап кеткенімен, Шақшақ оның әкесінің де, руының да аты емес,үшінші атасының аты. Шеген бидің ұлы атасы - Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың замандасы, қатар жүрген қаруласы, қарадан шыққан хан - Шақшақ Жәнібек батырлығымен де, ел билеген саясаткерлігімен де, алдын болжай алатын көрегендігімен де, шешендігімен де алты Алашқа аты шықса, Жәнібектің ұлы, Абылай ханның қарулас серігі, қырғыздарға қарсы күрескен Абылайға көмек берген және Пугачев үндеуімен танысқан соң, соғысты қолдауға шешім қабылдаған - Дәуітбай тархан да, немересі Мұса тархан да заманында Кіші жүзбен Орта жүздің арасындағы белгілі саясаткерлердің, беделді ел билеушілері болғандары тарихтан белгілі.(Шақшақ-Жәнібек-Дәуітбай-Мұса-Шеген). 1759 жылы 9 қаңтарда Ресейдің соғыс министрлігі алқасының жарлығымен тархан атағы Жәнібектің үлкен баласы Дәуітбай батырға көшіріледі. «Тархан» деген сөз өте көнеден келе жатқан тарихи ұғым. Ресей рәсімдеуінде тархандықты - князь, сұлтан, сұлтан болғанда біздегідей төре тұқымынан шыққандығынан ғана емес, араб елдеріндегідей ақылман ойлы, терең толғамды ел билеушісі, әскер қолбасшысы деген мағынада берген. 2006 жылы Алматы қаласында «Арыс» баспасы, ҚР генералдар кеңесінің төрағасы, әділет генерал майоры, профессор Қайдаров Р.Е. басшылығымен «Генералы Казахстана» деген орыс тілінде кітап шығарды. Кітапта «Указ императрицы Элизоветы Петровны о присвоени звания тархана Жанибек батыру был опубликован 26 тамыз 1742 года: Тархана Жанибека следует считать первым, признанным соседними народами, военным главнокомандующим казахского народа» делінген. Кітапта белгілі орыс тарихшысы А.И.Левшиннің 1723 жылы: «Не будь Жанибека тархана, вся Северная часть казахской степи очутилась бы под копытами войска джунгарского хунтайчи Сыбана Рабтана» - деген сөзі де берілген (18 б.). Осы келтірілген дерекке сүйенсек, бұл атақ қазіргі егемен еліміздің әскери басшыларына берілетін «Генерал» дәрежесімен тең, жоғарыда аталған «Генералы Казахстана» кітабына енуі де сондықтан. ...Шақшақ Жәнібекке берілген тархандық ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тархандық. Мұндай тархандық жағдайында тарханның баласы да тархан аталып, әкесінің тархандық құқықтық пәрменділігін пайдалану құқығы берілген. Жәнібек тарханның немересі Мұса Дәуітбайұлы да 1806 жылы мұралық жолмен тархан атағын иеленген. Ал, Жәнібек тарханның шөбересі Шеген Мұсаұлы 1847 жылдың желтоқсан айында мұралық жолмен берілуге тиісті тархандық атағын беруін сұрағанда, патша үкіметі оған Кенесары ханды қолдадың, Торғайдан әскери бекініс салуға қарсы болдың деп, тархандық атақ бермеді. Ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тархандық құқықты заңдылықтарын патша үкіметі өзі бұзып отырғандығын осыдан байқаймыз. Ал, тархандық атақ беру Ресейдің Басқарушы Сенат жарлығымен 1869 жылы ғана жойылғаны тарихтан белгілі. Исенов Ө.И. «Қазақ қоғамындағы тархандар институты тарихы (18-19 ғғ.)», Орал қаласы, М.Өтемісов атындағы мемлекеттік университетінің БАҚ және баспа орталығы,2009 жыл. Дәуітбай тарханның үш әйелінен тоғыз бала болған. Олар: Шомақ, Абылай, Абыз, Мұса, Мысық, Құралай, Шүрегей, Шүрек және Болтай. Шеген-Дәуітбай тарханның ортаншы баласы Мұса тарханнан туған. Шеген Мұсаұлы 1791 жылы атасы Шақшақ Жәнібек тархан бабамыз ту тіккен қасиетті Торғайдың әйгілі де киелі Тосын құмында дүниеге келген. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың дегендей,Шеген жастайынан зерек болып өсіп, жасында ел арасында қайтпас ер мінезімен, есейе келе батырлығымен, содан кейін ел билеуге араласа келе әділдігімен де, шешендігімен де көзге түседі. Шеген би кедей-көпшілікке қайрымды-мейрімді болып, қолының аса ашықтығы үшін жай ғана Шеген емес, Шеген мырза атанған. Ол мырзалық жағынан атағы иісі Орта жүзге тараған. Елге Шеген сөзі-жазылмаған заң. Ол айтқан билік-екі қаралмайтын үкім болған. Шектен тыс әділдігі табиғи түрде заңдылыққа айналған. Ол туралы ел аузында, «Шешілмеген шиеленісті Шеген шешкен», «Ойда Шеген, қырда Беген тұрғанда қазақты қай жау алады» - деген сөздер көп. Бірде ел кезіп жүрген диуана қарттан қал жағдайыңыз қалай?-деп сұрағанда. Сонда ол: «Жазда-қырда Бегенде, қыста-ойда Шегенде жүрмін»-деп жауап беріпті. Осы берілген жауаптан-ақ, Тобыл-Торғай өңіріне белгілі екі бидің адам қамы үшін, ел тілегі үшін әрбір ауыр істі оның ауыртпалығына қарамай қайыспай көтеріп,қамқоршы болғандарын көрсетеді.Беген-тарихта Қарабалуан аталып кеткен Алдиярұлы Жанұзақтың немересі, Тобыл бойында өмір сүрген батыр. Жаугершілік заманда бірі Торғайда, бірі Тобылда атқа қонып, Арқа атырабына қорған болған батырлар. Атақты Өске Торқаұлы: «Арғыннан Беген мен Шеген шықты»(Бес ғасыр жырлайды. «А.», Жазушы, 1989. 1 т. 226 б.)-деп жырға қосуы да,әрине тегіннен тегін емес. Шеген би және оның елге тұлға болған ұрпақтары туралы әр жерде әр түрлі әнгімелер бар.Кеменгер суретшіміз, данышпан ойшылымыз Мұхтар Әуезов те Шеген биді қазақ билері арасынан бөлек бағалап, ерекше ықылас білдіріп «Хан Кене» пьесасына бас кейіпкер етіп суреттегені тарихтан белгілі. Мысалы, Кіші жүз Жылгелді Жаппас руы Басықараның Қанапиясы:

«...Құдай артық жаратқан, Орта жүзде Шегенді. Ешкімге мен тең көрмеймін, Бірімжанның бес жанын. Өтетілеу, Бектеміс-Алтынсары, Бәрі бүтін теп-тегіс»-деп айтқан екен.

Шегеннен жеті ұл - Шолақ,(Кенесары батырларының бірі болған),Қазыбек(Әділ би),Бірімжан(Ел билеуші),Бектеміс(Асқан бай болған,ел аузында «Бектеміс уйіне қонақ туссе жылқы сойылады»-деген сөз қалған.),Өтетілеу (Шаруа кісі,қажы),Ділдабек (Жастай қайтыс болған) және Алтынсары (Батыр тұлға болған) және екі қыз – Айман,Айшық.Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин Шегеннің үлкен қызы Айманнан туады. Бұларды ақын Басықарының Қанапиясы айтқандай, «Бәрі бірдей теп-тегіс» десек те,бір қолдың бес саусағы да бірдей емес.Олардан өскен ұрпақтан елге мәлім тұлға болғаны алғашқы екеуі ғана.Қазыбек (1813-1869)-елге мәлім әділ би,Бірімжан(1817-1873) елге қамқор алғашқы кезде керуен басы,кейін ел баққан билеуші болған.Ол жиені Ыбырай Алтынсаринді Торғайға алдыртып,орысша бала оқытып,қара халықтың сауатын ашу үшін мектеп ашқан. Үлкен қалаларда өтетін жиындарға қатысып,орыс тілін білмегендіктен татар тілмашына қанағаттанбай,елдің игі жақсыларын жинап,діндарларды қатынастырып көрші орыс тілін білу қажет деп тауып, «Мұсылман болған адамда қырық парыз болса,орыстың тілін оқып білу қырық бірінші парыз болсын»-деп ұйғарым жасаған. Бұл сол кездегі надан елдің басындағы үлкен мәселе еді.Соны көрегендікпен көре білген Бірімжан оқыған-тоқыған азаматтарға жағдай жасап,ілім-білімге көп күш жұмсайды.Ыбырай Алтынсарин да нағашы атасының қалай көмектескенін өзінің естеліктерінде айрықша мақтанышпен әңгімелейді. Белгілі бір аймақтар мен ірі рулық қауымдарда үлкен құрметке ие болған билер төбе би аталған.Олардың лауазымы мен ықпалы шыққан аймағынан тысқары жерге жүрген.Олардың алдына әділдік іздеп басқа өңірлер мен аймақтардан рулардың өкілдері де келе беретін болған. Торғай тарихының өткен кезеңдеріне зер сала қарасақ,тағдырдың талай қысталаң шақтарында елдің сол кездегі тұрмыс-салтына,мұң-мұқтажына қызу ат салысып,ел ішінде және одан тысқары жерде ішінара болып тұратын барымта,ұрлық-қорлық,жер мен жесір дауының жанжалы сияқты теріс қылықтарға тыйым салып,ағайынның бірлігін сақтауға шақырып отырған билер болған. Бұл талғамдар Торғайдың төбе биі атанған Шеген биге де тән қасиеттер.Осы пікірді оған қарата айтсақ,оның да елден тысқары жердің сол кездегі тұрмыс-салтына,мұң-мұқтажына қызу ат салысқаны белгілі.Тура билігіне жүгініп,әділет іздегендер қазақтың кең байтақ жерінің әр қиырынан ағылып келіп,әділет жоқшысы ретіндегі билігіне риза-хош көңілмен аттанған екен. Шеген дала шонжарларын біле-сүйе отырып билеген.Салт-санаға көптеген жаңалығын именбей батыл енгізген. Ол ру басылары мен игі жақсыларды орыс мәдениет үлгісіне үйрете отырып,қазақы билік айтқан.Оның арнайы хатшысы мен поштабайы болған.Хатшылық қызметті Тәкі қожа мінсіз атқарған. Поштабайы еліміздің қалаларынан тысқары жерге- Ресейдің Орынбор,Омбы,Орск қалаларына қатынап,мінсіз қызмет атқарған.Бұл жөнінде Ресей Федерациясы Орынбор облыстық Мемлекеттік мұрагаты (РФ ОрОММ)-№36 қорында «Арғын руының биі Шеген Мұсаұлының хаттары» туралы құнды деректер сақталған. Билікті Шеген би ерсілі-қарсылы адымдап,түрегеп жүріп айтқан екен.Әрбір үкім,әрбір іс оның жанынан-санасына қаншалық салмақ артқанын елестетуге болады.Көпшілігі білімдарлық пен шеберлікті талап ететін сияқты. Шеген би заманында айтқаны қате кетпеген,аузы дуалы,елге қамқор бола білген,ел құрметіне бөленген ірі тұлға болған.Солай бола тұра,ісімен де,сөзімен де қазақ тарихында аты қалған осынау даланың дарабозының өмірін арнайы зерттеген адам болған жоқ. Осыдан 15-16 жыл бұрын (1994ж) «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының №2 номерінде ғалым Сәкен Созақбаев Ы.Алтынсариннің өміріне арналған «Нағашы ата» деген мақаласында Шеген би айтты деген сөздер келтірілген.Солардың ішінде:

Ел болған соң қоныс керек, Қоныс үшін соғыс керек. Хан болсаң халық керек, Халық үшін салт керек. Би болсаң даналық керек, Даналық үшін саналық керек. Батыр болсаң білек керек, Білек ушін жүрек керек. Кедей болсаң кәсіп керек, Кәсіп үшін машық керек. Молда болсаң азан керек, Азан үшін асылған қазан керек. Сері болсаң сән керек, Сән үшін ән керек,-болмаса: Хан азғаны сол болар, Әділеті жоқ болса. Бай азғаны сол болар, Сақау аты жоқ болса. Ел азғаны сол болар, Ынтымақ-бірлік жоқ болса. Жер азғаны сол болар, Шыққан шөбі жоқ болса. Қол азғаны сол болар, Ұшқан құсы жоқ болса.

Енді бірде Шеген би былай дейді: Ер жігіттің белгісі,

Қара бура нармен тең. Талапсыз ердің тірлігі, Қара топырақ жермен тең. Саясы жоқ бәйтерек, Сазға біткен талмен тең. Пайдасы жоқ көп байлар, Арам өлген малмен тең. Жетесі жаман бозбала, Тоқсанға келген шалмен тең.

Бұл өзі,әр сөзі кімге болса да ой салар,ұзақ жыр деуге болады.Ел аузындағы әнгімелерде,шешендік сөздерде оның есімі әрқашан алты Алашқа белгілі шешен билермен бірге аталады. Мәселен:Бір дауда жастай даналық билік айтқан бір балаға Шеген сыртынан қарап тұрып: «Мына бала исі қазаққа үлгі айтарлық ұл екен,құста сұңқар қыран екен,жылқыда тұлпар құнан екен,сүйегі асыл ұл-ақ екен» депті.Бұл жастай ақылымен көзге түсіп,Шеген биді өнеге тұтқан тегі Бесқараның Қырықмұлтығы-Құлжа би еді. Ол Шегеннің сұртаңдай биі атанып,заманында мерейі үстем,артында көп сөзі,әділдігі аңыз болған жан болған.Күзембаев А. «Қазақтың дәстүрлі сот жүйесі және Қостанай- Торғай өңірінің билері»,Қостанай баспасы.,2009 жыл. Шеген би көзі тірісінде ата-қонысын тікелей өз қамқорлығына алып,баладай баптап-күткен,көзден таса етпеген.Ауыл сырты,маңайы да аса таза күтімде тұрған.Мыңғырған мал сырт өзендерден суарылған.Қонақ қабылдау да жаңаша болған.Сый-сияпаттың баршасы аса жоғары дәрежеде өзінің қадағалауымен жасалған.Ал кеңес-билік айту кемел түрде «Кеңес төбеде» өткен. Шеген асты көпшіліктен бөлек ішкен,ешкіммен де табаққа бірге қол салмаған.Келген қонақты қанша елпілдеп жылы қарсы алғанымен ығысып ешкімге орын бермеген.Мұның бәрі Шегенді игі-жақсылардың ортасында шоғыры биік тұлға еткенге ұқсайды.Бұл- Шегеннің сыртқы мәдениеті ғана емес,туа біткен ерекшелігі мен аса үйлесімді табиғатымен ұштасқан қасиеті.Cондықтан да ел аузында: «Шеген қонақты төрге шығарса да төбесіне шығармаған»-деген сөз қалған.