upright=0.4|нобай| Өсімдік экстрактының компоненттерін ажыратуға қолданылған жұқа қабатты хроматография. Бұл эксперимент хроматорграфияның атауын берді. Хроматография — бұл әртүрлі қоспаларды бөлудің зертханалық әдісі. Қоспа жылжымалы фаза деп аталатын сұйықтықта ерітіледі де, ол оны стационарлы фаза деп аталатын басқа материал бойымен өткізеді. Қоспаның әртүрлі құрамдас бөліктері станционарлы фаза бойында әртүрлі жылдамдықпен қозғалады, бұл олардың бөлінуіне әкеледі. Бөліну компоненттердің жылжымалы және стационарлы фазалар арасында әртүрлі болып таралуына негізделген. Құрамдас заттардың таралу коэффициенттері әртүрлі болғандықтан, олар станционарлы фазада әртүрлі уақыт тежеледі, бұл заттардың бөлінуіне алып келеді.
Хроматографияның негізгі екі түрі: препаративті және аналитикалық. Препаративті хроматографияның мақсаты - қоспаның компоненттерін кейінірек пайдалану үшін бөлу, сондықтан заттарды тазартудың жолы болып табылады. Аналитикалық хроматография әдетте аз мөлшердегі материалмен орындалады және қоспадағы аналиттердің мөлшерін немесе бар болуын анықтауға арналған. Препаративті хроматография аналитикалық бола алмайды, және керісінше.
Этимологиясы Хроматография сөзі грек тіліндегі χρῶμα, яғни "түс", және γράφειν («жазу») деген сөздерден шыққан
Тарихы Хроматографияны алғаш рет Ресейде 1900 жылы итальян текті ғалым Михаил Цвет қолданған. Ол ХХ ғасырдың басында, ең алдымен, хлорофилл, каротин және ксантофилл сияқты өсімдік пигменттерін бөлу үшін хроматографиямен жұмыс істеді. Бұл компоненттер әртүрлі түстерге ие болғандықтан (сәйкесінше жасыл, қызғылт сары және сары), олар бұл әдіске өз атауын берді. 1930-1940 жылдары дамыған хроматографияның жаңа түрлері көптеген бөлу процестері үшін қолдыныла бастады.
Хроматография әдісі Арчер Жон Портер Мартин мен Ричард Лоренс Миллингтон Сингтің 1940-1950 жылдардағы жұмысының нәтижесінде айтарлықтай дамыды, ол үшін олар 1952 жылы химия бойынша Нобель сыйлығын алды. Олар таралу хроматографиясының принциптері мен негізгі әдістерін анықтады және олардың жұмысы бірнеше хроматографиялық әдістердің тез дамуына ықпал етті, атап айтқанда, қағаз хроматографиясы, газ хроматографиясы және өнімділігі жоғары сұйық хроматография. Содан бері технология тез дамып келеді. Зерттеушілер М. Цвет хроматографиясының негізгі принциптерін қолданып, нәтижесінде төменде сипатталған хроматографияның алуан түрлерін дамытуға болатындығын анықтады. Даму хроматографияның техникалық көрсеткіштерін үнемі жақсартып отырады, қазіргі кезде бұл тіпті өте ұқсас молекулалардың өзін бөлінуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, хроматография каннабистің потенциалын тексеру әдісі ретінде де қолданылды.
Хроматографиядағы терминдер Аналит - бұл хроматография кезінде қоспадан бөлінетін зат. Бұл әдетте қоспадағы қажетті зат. Аналитикалық хроматография үлгідегі аналиттердің бар болуын немесе концентрациясын анықтау үшін қолданылатын хроматография түрі. Байланған фаза дегеніміз тіректің бөлшектерімен немесе баған түтігінің ішкі қабырғасымен ковалентті байланысқан стационарлы фаза. Хроматограмма - бұл хроматографтың шығаратын нәтижесі. Қоспа жақсы бөлінген жағдайда, хроматограммадағы әр шың бөлінген қоспаның әр компонентіне сәйкес келеді.
X осінде жүйедегі аналиттердің тежелу уақыты, ал Y осінде осы аналиттерге сәйкес келетін сигнал (мысалы спектрофотометр, масс спектрометр, т.б. детекторлардан алынған). Жүйе дұрыс жұмыс жасаса, сигнал аналиттің коспадағы концентрациясына пропорционал.
Хроматограф немесе аэрограф - қоспаларды әртүрлі күрделі жолдармен бөлуге мүмкіндік беретін құрал, мысалы, газ хроматографы немесе сұйық хроматографы. Хроматография - бөлудің физикалық әдісі, ол компоненттерді бөлу үшін бірі қозғалмайтын (стационарлы фаза), екіншісі белгілі бір бағытта қозғалатын екі фаза арасында таратады. Элюат - бұл бағаннан шығатын жылжымалы фаза. Мұны эффлюент деп те атайды. Элюент - бұл аналиттерді тасымалдайтын еріткіш. Элюит - бұл аналит, элюцияланатын еріген зат. Элуотропты қатар дегеніміз - қуатына байланысты орналастырылған еріткіштердің тізімі Иммобилизацияланған фаза - тіректің бөлшектерінде немесе баған түтігінің ішкі қабырғасына қозғалмайтындай етіп орналастырылған стационарлы фаза. Жылжымалы фаза - бұл белгілі бір бағытта қозғалатын фаза. Ол сұйық (LC және капиллярлық электрохроматография (CEC)), газ (GC) немесе суперкритикалық сұйықтық (суперкритикалық сұйықтық хроматографиясы, SFC) фазасында болуы мүмкін. Жылжымалы фаза бөлінетін/талданатын үлгіден және оны баған бойымен жылжытатын еріткіштен тұрады. Өнімділігі жоғары сұйық хроматографиясын мысалға алсақ, қалыпты фазалы хроматографияда поларлы емес еріткіш (мысалы, гексан), ал кері фазалық хроматографияда поляр еріткіш (мысалы, метанол) мен бөлінетін үлгі жылжымалы фазаны құрайды. Жылжымалы фаза хроматографиялық баған арқылы қозғалады (стационарлы фаза), онда үлгі стационарлы фазамен өзара әрекеттеседі және бөлінеді. Препаративті хроматография талдау үшін емес, бөлінген заттарды одан әрі пайдалану үшін жеткілікті мөлшерде тазартуда қолданылады. Тежелу уақыты - белгілі бір аналиттің бағанның басынан детекторға дейін қозғалуына жұмсаған уақыты. Сондай-ақ: Ковац тежелу индексі Үлгі - хроматография арқылы талданған зат. Ол бір компоненттен тұруы да, компоненттердің қоспасы болуы да мүмкін. Талдау барысында тек бізді қызықтыратын аналит бар фазалар ғана үлгі болып табылады. Ал талдау алдында, немесе талдау барысында үлгіден бөлінген, бірақ бізді қызықтыратын аналиті жоқ бөліктер қалдық болып табылады. Еріген зат - хроматографиядағы қоспаның құрамдас бөліктері. Еріткіш - бұл басқа затты ерітетін кез-келген зат. Көбіне еріткіш деп сұйық хроматографиядағы жылжымалы фазаны айтады. Стационарлы фаза - бұл хроматография кезінде орнынан қозғалмайтын зат. Мысалы, жұқа қабатты хроматографиядағы кремний оксидінің қабаты. Детектор - бөлуден кейін аналиттерді сапалы және сандық анықтау үшін қолданылатын құрал.
Хроматографиядағы төсеніштің түрі бойынша әдістердің жіктелуі
Бағанды хроматография Бағанды хроматография - стационарлы төсеніш түтік ішінде болатын бөлу әдісі. Қатты стационарлы фазаның бөлшектері немесе сұйық стационарлы фазамен қапталған тірек түтіктің бүкіл көлемін толтыруы мүмкін (толтырылған баған) немесе түтік қабырғасының бойында немесе түтіктің ортаңғы бөлігінде жылжымалы фаза үшін ашық жол қалдырып орналасуы мүмкін (ашық түтікті баған). Орта бойымен әртүрлі жылдамдықпен қозғалғандықтан, қоспаның компоненттерінің тежелу уақыты да әртүрлі.
1978 жылы У. Кларк Стил Бағанды хроматографияның жылдам бағанды хроматография деп аталатын өзгертілген нұсқасын ұсынды (флеш). Бұл әдіс дәстүрлі бағанды хроматографияға өте ұқсас, бірақ, еріткіш түтік арқылы қысым әсерінен қозғалады. Бұл көптеген бөлулерді 20 минуттан аз уақыт ішінде орындап қана қоймай, ескі әдіспен салыстырғанда жақсырақ бөлінуге алып келді. Қазіргі кезде флеш-хроматография жүйелері алдын-ала толтырылған пластик картридж түрінде сатылады, ал еріткіш картридж арқылы сығылып, қысыммен қозғалады. Сондай-ақ мұндай жүйелер аутоматтандыруды қамтамасыз ететін детекторлармен немесе фракция жинағыштармен байланысуы мүмкін. Градиентті сорғылардың енгізілуі бөлінуді одан әрі тездетіп, қолданылатын еріткіш мөлшерін азайтты.
Кеңейтілген төсенішпен жүретін адсорбция кезінде қатты фазалы толтырылған төсеніш емес, сұйылтылған төсеніш қолданылады. Бұл үлгіні дайындау кезінде кейбір тазарту қадамдарын жасамауға мүмкіндік береді. Мысалы, биоматериалдарды центрефугалау, не сүзу.
Фосфоцелюлозалы хроматография ДНҚ-мен байланысатын нәруыздардың фосфоцелюлозамен байланысу қабілетін қолданадаы. Нәруыздың ДНҚ-мен байланысы мықты болса, бұл нәруызды бағаннан элюциялап шығуға тұздың жоғары концентрациясы қажет.
Жазық хроматография Жазық хроматография - стационарлы фаза жазық күйде болатын бөлу әдісі. Станционарлы фаза қағаз беті, қағазға сіңірілген зат (қағаз хроматографиясы) немесе шыны тәрізді тірекке жағылған қатты бөлшектердің қабаты (жұқа қабатты хроматография) болуы мүмкін. Үлгідегі әртүрлі қосылыстар стационарлы фазамен қаншалықты күшті әрекеттесетініне байланысты әртүрлі қашықтықтарды өтеді. Белгісіз затты анықтау үшін әр химиялық заттың нақты тежелу коэффициентінн (Rf) қолдануға болады.
Қағаз хроматографиясы нобай| Қағаз хроматографиясы Қағаз хроматографиясы - бұл хроматографиялық қағаздың жолағына үлгінің кішкене нүктесін не сызығын қою арқылы орындалатын әдіс. Қағаз еріткіштің аз мөлшері орналасқан контейнерге салынып, кақпақпен жабылады. Еріткіш қағаз бойымен көтерілгенде, үлгіні өзімен ала кетіп, оны қағаз бетіне жаяды. Қағаз целлюлозадан, полярлық заттан жасалған және қоспаның құрамындағы полярлы заттар целюлозамен әрекеттесіп, онымен байланысады, сондықтан тез тежеліп қалады. Ал полярлығы төмен заттар алдыға жылжи береді.
Жұқа қабатты хроматография (TLC) Жұқа қабатты хроматография (TLC) - әртүрлі биохимиялық заттарды стационарлы және жылжымалы фазалар арасында тарату арқылы оларды бөлетін кеңінен қолданылатын зертханалық әдіс. Бұл қағаз хроматографиясына ұқсас. Алайда, бұл әдісте тегіс, инертті субстратқа жағылған кремнийлі гель, глинозем немесе целлюлоза сияқты адсорбенттің жұқа қабаты стационарлы фаза рөлін атқарады. TLC өте көп қолданыс тапты; бірнеше үлгіні бір қабатта бір уақытта бөліп алуға болады, дәрі-дәрмектердің деңгейі мен судың тазалығын сынақтан өткізу үшін де өте пайдалы. Айқас ластану ықтималдығы төмен, өйткені әр бөлу жаңа қабатта орындалады. Қағазбен салыстырғанда бұл әдіс жылдамырақ, жақсырақ бөледі, сандық талдауға келеді, әртүрлі адсорбенттерді таңдауға болады. Еріткішті аз қолданып, жақсы ажыратымдылықпенжылдам бөлу үшін өнімділігі жоғары TLC (HPTLC) қолдануға болады. Оған қоса, ертеректе хромосомаларды саралау үшін де TLC қолданылған, ол үшін олардың гельде жылжыған қашықтығын анықтайтын (бөлу бөлек саты болды).
Кеңейтілген төсенішпен жүретін адсорбцияылық хроматографиялық бөліну Кеңейтілген төсенішпен жүретін хроматографилық адсорбция (EBA) бағаны көбіне биохимиялық бөлу процесстерінде қолданылады. Ол кеңейтілген төсеніштің төменгі жағындағы кеуекті бұғаттаушы тор астыдағы өзін-өзі тазарту функциясы бар қысымды теңестіруші сұйық таратушыдан, кеңейтілген төсеніштің жоғарғы бөлігіндегі кері шаю арқылы тазаланатын шүмек механизмінен тұрады.
Кеңейтілген төсенішпен жүретін адсорбцияылық хроматографиялық бөліну - тазартылмаған, лас үлгіден нәруыздарды тікелей бөліп алудың ыңғайлы және тиімді әдісі. EBA хроматографиясында алдымен нығыздалған төсеніш теңестіруші буфердің жоғары қарай ағынымен кеңейтіледі. Содан кейін еритін нәруыздардың, ластаушы заттардың, жасушалар мен жасуша қалдықтарының қоспасы кеңейтілген төсеніш арқылы жоғары қарай өтеді. Бізге қажет нәруыздар адсорбентке жабысады, ал ластаушылар ары қарай өтеді. Жоғары қарай ағынға элюция буферін жіберген кезде қажетті нәруыздар кеңейтілген төсеніштен десорбциялана бастайды, немесе, егер ағынды кері айдаса, бөлшектер тез төменге нығыздалады, кейін оларға адсорбцияланған нәруыздарды элюция буферінің көмегімен элюциялап алуға болады. Элюция үшін қолданылатын режим (кеңейтілген режим не нығыздалған режим) үлгінің сипаттамасына байланысты таңдалады. Элюциядан кейін адсорбент белгілі бір еріткішпен тазаланып, келесі қолдануға не сақтауға дайындалады.
Жылжымалы фазаның күйіне байланысты әдістердің жіктелуі
Газ хроматографиясы