Тасшүйгін () – ұшқаттар тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Семейдің қарағайлы ормандарында, Сарыарқада, Алакөл – Балқаш атырабында, Алтай, Тарбағатай, Кетпен, Жетісу (Жоңғар), Күнгей, Іле Алатауларында таралған. Таудың тасты бөктерлерінде, өзендердің тасты жағалауларында, боз-селеу өскен далалық алқаптарда өсетін 2 түрі: сібір тасшүйгіні (Р. sіbіrіca) және орта тасшүйгін (Р. іntermedіa) бар. Бұлардың биіктігі 10 – 50 см. Кіндік тамырының ұштары тарамдалған. Сабақтары түкті немесе жалаң. Жапырақтары екі реттен тарамдалып, жиектері ара тісті болады. Тостағанша жапырақшалары білінбейді, қоңырау тәрізді күлтесі сары түсті. Гүлдері қос жынысты, аталығы – төртеу, аналық мойны ұзын болады. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, шілде – қыркүйекте жемісі піседі. Жемісі сопақша, сыртын қылтанды түк жапқан. Тасшүйгіннің тамырында эфир майы, тритерпекоидтар, алкалоидтар, сапониндер, кумариндер, ал жер бетіндегі бөлегінде фенол-карбон қышқылдары, С витамині, каротин бар. Тасшүйгіннен алынған тұнбаның ауруды басатын, бактерияларды жоятын қасиеті бар. Оны сары ауруды, асқазан, ішек қабынуын, өкпе ауруын және жараны емдеуге қолданады. Тасшүйгінді мәдени түрде де өсіреді.Қазақ энциклопедиясы

Дереккөздер

Санат:Ұшқаттар Санат:Шүйіншөптер