Оразғали Жүнісбекұлы Сейтқазы (193?–2020) — қазақтың қобызшысы, дирижері, композиторы және музыкалық педагогі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте және Семей қаласындағы музыкалық оқу орындарында қызмет атқарған. Өмірбаяны Оразғали Жүнісбекұлы Сейтқазы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алып, прима-қобыз сыныбын Фатима Балғаевадан, қылқобыз сыныбын Дәулет Мықтыбаевтан меңгерген. Сонымен қатар Тұрғыт Османовтан дирижерлік өнерді, Латиф Хамидиден музыкалық шығармаларды оркестрге түсіру әдістерін үйренген. Ол Болат Сарыбаев ұйымдастырған қазақ халық аспаптары оркестрінің мүшесі болған. Қазақ кино өнерінің классикалық туындыларына айналған «Қыз Жібек» және «Құлагер» фильмдерінің музыкалық безендірілуіне атсалысқан. Еңбек жолы
1974 жылы Семей қаласындағы Төлебаев атындағы музыка колледжіне жұмысқа орналасқан. Еңбек жолында оқытушыдан директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына дейін көтерілген. 2001 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыкалық білім» кафедрасына оқытушылық қызметке ауысқан. 2007 жылғы шілдеде институттың ғылыми кеңесінің шешімімен оған профессор академиялық атағы берілген. 2008 жылы Семей қаласындағы Ә. Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның директоры қызметін атқарған. Шығармашылығы мен педагогикалық қызметі Оразғали Сейтқазы педагогикалық қызметпен қатар композиторлық шығармашылықпен де айналысқан. Ол жүзден астам студент тәрбиелеп, музыкалық білім беру саласына арналған үш әдістемелік құрал әзірлеген. Шығармашылық мұрасында он күй және отыздан астам ән бар. 2004 және 2006 жылдары оның музыкалық білім беру саласына қатысты оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулар жинақтары жарық көрген. «Киелі қобыз құдіреті» атты монографиясын дайындаған. Сейтқазы қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерін насихаттауға және жас музыканттарды тәрбиелеуге үлес қосқан. Оркестрлік және ансамбльдік қызметі Оразғали Сейтқазы жетекшілік еткен әуесқой қазақ халық аспаптары оркестрі 2002 және 2004 жылдары көркемөнерпаздар ұжымдарының облыстық байқауында бірінші дәрежелі лауреат атанып, «Облыстың үздік әуесқой оркестрі» атағына ие болған. Сондай-ақ ол институт оқытушылары мен студенттерінен құралған «Шыңғыстау» фольклорлық-этнографиялық ансамблін басқарған. 2005 жылы ансамбль «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Жеті саз» бағдарламасына қатысқан. Ансамбльдің концерттік бағдарламасы Қазақ радиосының қорына жазылып, республикалық эфирде таратылған. Естелік Оразғали Сейтқазы 2020 жылы дүниеден өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында композитордың құрметіне Семей қаласындағы музыкалық оқу орнында оның есімімен аталған кабинет ашылып, мемориалдық тақта орнатылған.