Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейі — 1975 жылы құрылды. 2012 жылы дербес коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болды. 2018 жылы аудандық мәдениет үйімен бірігу жолымен «Аудандық мәдениет үйі және тарихи-өлкетану музейі» болып қайта құрылды.

Мұражай залдары Музей бір қабатты ғимаратта орналасқан. Ғимарат 1960 жылы салынған. Жалпы аумағы - 232 шаршы метр, оның 173 шаршы метрі экспозициялық залдарға арналған. Музей өрт сөндіру және күзет дабылқаққыш жүйелерімен жабдықталған. Музейдің экспозициялық құрылымы алты залдан тұрады:

«Жануарлар мен өсімдіктер дүниесі» залы - ауданның табиғи байлығы, флорасы мен фаунасы туралы мәліметтер ұсынады.

«Көне және орта ғасыр дәуірі» залы - аудан аумағынан табылған көне дәуірден бастап орта ғасырларға дейінгі археологиялық жәдігерлерді қамтиды.

«Кеңес дәуірі тарихы» залы - ауданның 1929-1960 жылдар аралығындағы даму тарихын көрсетеді. Бұл залда Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің құжаттары, фотосуреттері, медальдары мен хаттары қойылған.

«Тәуелсіз Қазақстан Республикасы» залы - егемен елдің қалыптасуы, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және өндіріс салаларының дамуын айқындайтын материалдарды қамтиды.

«Мәдени-этнографиялық тұрмыс-салт бұйымдары» залы - қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы, қолөнері мен әдет-ғұрыптарын таныстырады.

«Көрме» залы - фотосуреттер, халық шеберлері мен балалардың шығармашылық туындылары, қолөнершілердің ұлттық бұйымдары қойылатын зал.

Музей қорында 3000-нан астам жәдігер сақталған. Олардың қатарында қазба жұмыстары кезінде «Георгиевск» қала жұртының (X-XII ғ.ғ.) аумағынан табылған қыш құмыра мен асықтар бар. Сонымен қатар, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш әйел-дипломат, тұңғыш әйел сыртқы істер министрі Балжан Бөлтірікованың киген костюм-юбкасы, алғыс хаттары мен грамоталары, сондай-ақ қазақтан шыққан тұңғыш генерал-майор, Қазақстан Республикасы Прокуратурасының құрметті қызметкері, Жамбыл облысы мен Қордай ауданының Құрметті азаматы Нұрғали Балдақбайұлы Смағұловтың әскери формасы, медальдары, марапаттары мен қызметтік куәліктері сақтаулы.

Дереккөздер

Санат:Қордай ауданы