Шелек тарихи-өлкетану музейі — Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында орналасқан тарихи-өлкетану музейі.
Тарихы Шелек тарихи-өлкетану музейі 1981 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен қазіргі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінің филиалы ретінде құрылды.
Музей орналасқан қазіргі ғимарат 1902 жылы жеке меншік үй ретінде салынған. 1935–1965 жылдары ғимаратта Абай атындағы орта мектеп, 1965–1972 жылдары интернат, 1972–1979 жылдары аудандық оқу бөлімдері орналасқан.
2009 жылы «Жол картасы» бағдарламасы аясында музей ғимаратына күрделі жөндеу және реставрация жұмыстары жүргізілді.
Қоры мен экспозициясы Музейдің алғашқы қорында 150 жәдігер болған. Кейін жергілікті тұрғындар мен басқа да азаматтардың үлесі арқылы музей қоры толықтырылып, қазіргі таңда шамамен 2500 жәдігерге жеткен.
Музейде алты негізгі экспозициялық зал жұмыс істейді: «Тәуелсіз Қазақстан»; «Археологиялық деректер»; «Өлке табиғаты»; «Этнография»; «Ер есімі – ел есінде»; «Еңбек ардагерлері мен ел ағалары».
Экспозицияларда археологиялық жәдігерлер, көне еңбек құралдары, тұрмыстық бұйымдар, ыдыс-аяқтар, зергерлік бұйымдар, тарихи фотосуреттер мен құжаттар, соғыс және еңбек ардагерлеріне, білім және ғылым саласының қызметкерлеріне қатысты материалдар жинақталған. Сонымен қатар Ауған соғысы мен Чернобыль апатына қатысқан азаматтар, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматтары және Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар туралы материалдар бар.
Ғылыми-зерттеу жұмысы Музей қызметінің негізгі бағыттарының бірі — Шелек өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және музей қорындағы заттай, жазбаша және басқа да деректерді ғылыми тұрғыдан зерделеу. Экспозициялар жасауда тарихи деректердің хронологиялық және ғылыми нақтылығы ескеріледі.
Музей мамандары Шелек өңіріне қатысты тарихи оқиғалар, аңыздар мен шежірелерді салыстырып зерттеп, нақтыланған деректерді экспозициялық жұмыстарда пайдалануды көздейді.
Музей қорында Шілік қаласына қатысты археологиялық жәдігерлер де сақталған. Деректерде орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының Іле алқабы арқылы өткен тармақтарының бірі Есік, Түрген және Шелек өңірі арқылы Қорғасқа бағыт алғаны айтылады.
Қызметі Музей Шелек өңірінің тарихын, мәдени және рухани мұрасын таныстыруға, тарихи жәдігерлерді сақтау мен насихаттауға бағытталған мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізеді. Музейде экскурсиялар, көрмелер, мәдени және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Музей жыл сайын ауылдан, ауданнан және басқа өңірлерден шамамен 2000 келушіні қабылдайды. Музейдің Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары бар. Бұл парақшаларда музейдің қызметі, өткізілетін іс-шаралар мен көрмелер туралы ақпарат жарияланады.
Instagram Шелек тарихи-өлкетану мұражайы | Facebook
Маңызы Шелек тарихи-өлкетану музейі — Шелек өңірінің тарихи, археологиялық, этнографиялық және мәдени мұрасын жинақтап, сақтайтын және көпшілікке таныстыратын мәдени мекем. Музей экспозициялары арқылы өңірдің тарихы мен табиғаты, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі және тарихи тұлғалар туралы мәліметтер ұсынылады.
Дереккөздер Шелек тарихи-өлкетану музейі 1981 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен қазіргі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінің филиалы ретінде құрылды.
Санат:Қазақстандағы өлкетану музейлері Санат:Алматы облысындағы музейлер Санат:Еңбекшіқазақ ауданы Санат:1981 жылы құрылған ұйымдар