Стренчи () — Латвияның тарихи Видземе тарихи аймағында орналасқан шағын қала. Стренчи аймағының әкімшілік орталығы. 2009 жылдың 1 шілдесіне дейін Валка ауданының құрамында болған. 2026 жылы Стренчи қаласының халқы 1 135 адамды құрады. Стренчи — Латвиядағы 76 қаланың бірі және халық саны жағынан елде 66-шы орында тұр.

Географиялық орналасуы Стренчи — Солтүстік Видземе ойпатындағы Седа жазығында, Гауя өзенінің оң жағалауында орналасқан. Седа стансасына дейін 3 км, ал Эстония шекарасына дейін 25 км.

Тарихы Стренчи туралы алғашқы жазба деректер неміс картографы Ульрихтің 1695 жылы жарық көрген еңбегінде кездеседі. Кітаптағы картада барон Врангельге тиесілі Стренчи иелігі, сондай-ақ жол бойындағы қонақүй мен таверна белгіленген. Қала 1889 жылы Валка арқылы өтетін Рига–Псков теміржолы ашылғаннан кейін дами бастады. Сол кезде Гауя өзені арқылы теміржол көпірі де салынды.

Орыс революциясы кезінде, 1917 жылдың аяғынан 1919 жылға дейін мұнда большевиктер билік жүргізді, ал айналасындағы ормандарда көптеген партизандық отрядтар құрылды. Стренчиге 1928 жылы қала мәртебесі берілді. 1944 жылдың қыркүйегінде әскери қимылдар кезінде қаланың үштен бір бөлігі өртеніп кетті. 1941–1944 жылдардағы неміс оккупациясы кезінде психиатриялық аурухананың барлық науқасы өлтірілді. Соғыстан кейін қалада ағаш тілу цехы мен каротин өндіру зауытын қамтитын орман шаруашылығы кәсіпорны (MRS), сондай-ақ Риганың «Ринар» химиялық машина жасау зауытының филиалы құрылды.

Экономикасы және инфрақұрылымы Теміржол байланысы Стренчиді Рига және Валгамен байланыстырады, үш жұп Рига-Валга дизельдік пойыздары күн сайын Стренчи стансасына тоқтайды.

Қала арқылы A3 тас жолы (Инчукалнс – Валмиера – Эстония шекарасы/Валка) бөлігі – өтеді. P25 аймақтық жолы да (Смилтене–Стренчи) Стренчиге қосылады. Маңызды жергілікті жолдарға V233 (Стренчи — Триката — Миега), V238 (Стренчи — Ерцены — Эвеле — Кемере), V239 (Седа — Стренчи) және V240 (тренчи — Вийциемс — Межмуйжа) жатады.

Қалааралық автобус қызметтерінің егізгі бағыттары: Стренчи — Валмиера — Рига; Стренчи — Седа — Валка; Стренчи — Смилтене.

Көрікті орындары Стренчидегі ең назар аударарлық құрылыстардың бірі — нейропсихиатриялық аурухана ғимараты. Оның түтін мұржасымен біріктірілген шағын әрі ерекше су мұнарасы бар. Ғимарат 1907 жылы Аугустс Рейнбергстің жобасы бойынша салынған.

Басты сәулеттік көрікті жер — 1907 жылы салынған Лютерандық-евангелиелік шіркеу. Бұл шіркеу Латвиядағы сыртқы безендірілуінде Югенд-арт (модерн) элементтері қолданылған алғашқы ғимарат ретінде ерекшеленеді.

Галерея

Дереккөздер

Санат:Латвия қалалары