«Ленинградты қорғағаны үшін» медалі () — КСРО-ның Ленинград қаласын қорғаушыларды (әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындарды) марапаттауға арналған мемлекеттік марапаты.
Бұл соғыс уақытында тағайындалған алғашқы кеңестік медалдердің бірі (сонымен қатар «Одессаны қорғағаны үшін», «Ақиарды қорғағаны үшін» және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалдерімен қатар).
Тарихы 1942 жылдың күзінің соңында КСРО Қорғаныс халық комиссариаты КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасына Ленинградты, Сталинградты, Ақиарды және Одессаны қорғағаны үшін медалдер тағайындау туралы өтініш білдірді.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1942 жылғы 22 желтоқсандағы «Ленинградты қорғағаны үшін», «Одессаны қорғағаны үшін», «Ақиарды қорғағаны үшін» және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалдерін тағайындау және Ленинград, Одесса, Ақиар және Сталинград қорғанысына қатысушыларды осы медалдермен марапаттау туралы» Жарлығымен тағайындалды.
1943 жылғы 27 наурызда Жоғарғы Кеңестің осы үлгідегі медалдерді тағайындау туралы жарлығы қабылданды, онда медалдер туралы ереже, олардың үлгілері мен сипаттамалары бекітілді; сонымен бірге, жарлықта осы қалаларды қорғауға қатысушылардың барлығын — әскери қызметкерлерді де, бейбіт тұрғындарды да — осы үлгідегі медалдермен марапаттау көзделді.
Медалді тағу қағидалары, таспаның түсі және оның марапаттық тағанға орналасуы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 19 маусымдағы «КСРО ордендері мен медалдеріне арналған таспалардың үлгілері мен сипаттамаларын және ордендерді, медалдерді, ордендік таспалар мен ерекшелік белгілерін тағу қағидаларын бекіту туралы» Жарлығымен бекітілді.
Медалдің авторы — суретші Н. И. Москалев. Бекітілген нұсқадан бөлек, медалдің тағы 7 жобасы әзірленді: Б. Г. Бархиннің нобайында негізгі элемент ретінде Финляндия вокзалы маңындағы Ленин ескерткіші бейнеленген, оның артқы жағында Адмиралдық орналасқан, ал оң жағында — зениттік зеңбіректің көтерілген ұңғысы бейнеленген;
«Боробин» шеберханасының суретшілер тобы үш жоба әзірледі, олардың әрқайсысында қаланың бір сәулеттік нышаны және «Ленинградты қорғағаны үшін» деген жазу жазылған: Бірінші жобада I Петрдің ескерткіші орналасқан, оның астында шабуылға көтерілген сүңгі мен пулемет бейнеленген, жазу шеңбер бойымен орналасқан; Екінші нобайда — Адмиралдық бейнеленген, жазудың астындағы жиектері лавр бұтақтарымен көмкерілген; Үшінші жобада жазуды ортасына орналастыру, жоғары жағына Петропавл қамалын, төменгі жағына — айқастырылған 2 мылтықты бейнелеу көзделген еді.
А. А. Кабаковтың екі нобайы: Бірінші нобайда шабуылға бара жатқан қызылфлотшы мен қызыләскершінің бейнелері және сол жақ жиегінде «Ленин қаласын сақтап қалу» деген жазу бар; артқы жағында Лениннің бейіні және «Ленинградты қорғағаны үшін» деген сөздер жазылған; Екінші нобайда мылтықтарын көлденең ұстаған бірнеше қорғаушы ұрысқа дайындалып тұр, олардың назары сол жағындағы «Ленинград үшін» деген жазуға аударылған; артқы жағында «Ленинградты қорғағаны үшін» деген сөздер жазылған.
Н. А. Конгисердің нобайында артында Петропавл соборы мен Ленин ескерткіші көтеріліп тұрған қызыләскерлер қатары бейнеленуі көзделген еді.
1963 жылғы «Ұлы Отан соғысы» маркалар топтамасында суретші П. Кранцевич марканың оң жақ бөлігінде медалдің беткі жағын бейнелеген. Медалдің суреті медалдің алғашқы штамптарын көрсетеді, ал медалдің құлақшасы — оның кейінгі нұсқасына жатады.
«Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен Ленинград қорғанысына қатысушылардың барлығы марапатталды: қаланы қорғауға іс жүзінде қатысқан Қызыл Әскердің, Әскери-теңіз флотының және ІІХК әскерлерінің бөлімдері, құрамалары мен мекемелерінің әскери қызметкерлері; қаланы қорғау үшін ұрыс қимылдарына қатысқан, кәсіпорындар мен мекемелердегі жанқиярлық еңбегімен қаланың қорғанысына жәрдемдескен, қорғаныс құрылыстарын салуға, ӘШҚ-ға, коммуналдық шаруашылықты қорғауға, жау авиациясының шабуылдарынан болған өрттермен күресуге, көлік пен байланысты ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге, қоғамдық тамақтандыруды, халықты жабдықтауды және мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді ұйымдастыруға, науқастар мен жаралыларға күтім жасауға, балаларға қамқорлық жасауды ұйымдастыруға және қаланы қорғау жөніндегі басқа да іс-шараларды өткізуге қатысқан жұмысшылар, қызметшілер және азаматтық тұрғындардың басқа да өкілдері.
Медалмен алғашқы марапаттау 1943 жылғы 3 маусымда Смольныйдағы салтанатты жиында өтті. 1945 жылға дейін Ленинград қорғанысына қатысқан шамамен 600 000 адам марапатталды. 1945 жылғы жағдай бойынша бұл адамдар туралы мәліметтер Ленинград қоршауы мұражайында сақталды, онда марапатталғандардың тегі жазылған 6 том болды. Кейін бұл құжаттар жоғалып кетті.
1985 жылғы жағдай бойынша «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен шамамен 1 470 000 адам марапатталған. Олардың ішінде — қоршауда болған 15 мың бала мен жасөспірім еді.
«Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған адамдардың кейінірек тағайындалған «Ленинградтың 250 жылдығына орай» мерейтойлық медалімен марапатталуға құқығы болды.
Сипаттамасы thumb|right|200px|Таспаның 1-нұсқасы «Ленинградты қорғағаны үшін» медалі бастапқыда тот баспайтын болаттан жасалуы көзделді, бірақ 1943 жылғы 27 наурыздағы қаулымен материал жезге өзгертілді. Медалдің диаметрі 32 мм болатын дұрыс шеңбер пішіні бар.
Медалдің алдыңғы жағында Адмиралдық ғимаратының көрінетін сұлбасы аясында мылтықтарын дайын ұстаған қызыләскершілер, қызылфлотшылар, жұмысшылар мен жұмысшы әйелдер тобы бейнеленген. Медалдің жоғарғы бөлігінде бесбұрышты жұлдызша және медалдің жиегі бойымен «ЛЕНИНГРАДТЫ ҚОРҒАҒАНЫ ҮШІН» () деген жазу орналасқан. Медалдің алдыңғы жағы шығыңқы ернеумен жиектелген.
Медалдің артқы жағында «БІЗДІҢ КЕҢЕСТІК ОТАНЫМЫЗ ҮШІН» () деген жазу жазылған. Жазудың үстінде орақ пен балға бейнеленген.
Медалдегі барлық жазулар мен бейнелер шығыңқы етіп жасалған.
Медал құлақша мен шығыршық арқылы ені 24 мм жібек қатқыл таспасымен тысталған бесбұрышты тағанға жалғанады. Бастапқыда, таспа қызыл түсті, шеттерінде ені 4 мм-ден күміс түсті жолақтар болды. 1943 жылғы 19 маусымдағы Жарлықпен жаңа таспа белгіленді — ортасында ені 2 мм бойлық жасыл жолағы бар зәйтүн түсті таспа болды.
«Ленинградты қорғағаны үшін», «Одессаны қорғағаны үшін», «Ақиарды қорғағаны үшін» және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалдері бесбұрышты тағанға тағу үшін тағайындалған алғашқы кеңестік марапаттар болды. Бастапқыда, оларды кеуденің оң жағына тағу көзделді. 1943 жылғы 19 маусымдағы Жарлықпен бұрын басқа пішіндегі тағандарға тағылған өзге марапаттар үшін де бесбұрышты таған енгізіліп, қалаларды қорғағаны үшін медалдерді басқа марапаттармен бір қатарда кеуденің сол жағына тағу белгіленді.
Марапат иегерінің басқа марапаттары болған жағдайда «Ленинградты қорғағаны үшін» медалі «Одессаны қорғағаны үшін» медалінің оң жағында, ал «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалі тағайындалғаннан кейін соңғысының оң жағында орналасады.
Суреттеме
Әдебиет
Сілтеме Жоғарғы Кеңес Төралқасының 1942 жылғы 22 желтоқсандағы «„Ленинградты қорғағаны үшін“, „Одессаны қорғағаны үшін“, „Ақиарды қорғағаны үшін“ және „Сталинградты қорғағаны үшін“ медалдерін тағайындау және Ленинград, Одесса, Ақиар және Сталинград қорғанысына қатысушыларды осы медалдермен марапаттау туралы» Жарлығы КСРО медалдары мен ордендері «Ленинградты қорғағаны үшін» медалі. Медальмен марапатталған бейбіт тұрғындарды іздеу.
Дереккөздер
Санат:КСРО медалдары