Сығанақ шайқасы — Барақ хан мен Ұлықбек әскерлері арасында Сығанақ қаласының маңында болған қарулы шайқас.

Алғышарттары

Парсы тарихшысы Абд әр-Раззақ Самарқандинің «Екі бақытты жұлдыздың тууы және екі теңіздің тоғысуы» атты еңбегіне сәйкес, 1419 жылы Жошы ұлысынан кеткен Барақ оғлан Ұлықбек-гүргеннің сарайына келді. Ұлықбек оны құрметпен қабылдап, сый-сияпат көрсетіп, сарай әмірлерінің қатарына қосты. Бұл Ұлықбек үшін Мауераннахрдың солтүстік шекараларының қауіпсіздігін нығайту тұрғысынан маңызды болды.

Барақ пен Ұлықбек арасындағы байланыс оның «қазақшылық» кезеңінде де жалғасты. 1420 жылдың қыркүйегінде Самарқанға Барақтың елшісі Сопы оғлан келіп, Ұлықбекке бағалы сыйлықтар тапсырды. Бұл Барақтың өз қамқоршысынан неғұрлым белсенді қолдау алуға ұмтылғанын көрсетті. Осы оқиғадан кейін Ұлық Мұхаммедтің Гератқа елшілік жіберуі де осы жағдаймен байланыстырылады.

Сайд Ахмадты, Кішік Мұхаммедті және Барақты қолдаған феодалдық топтардың өзара тартысы нәтижесінде Ұлық Мұхаммедтің Алтын Ордадағы билігі әлсіреді. Осыны пайдаланған Барақ 1423 жылы Ұлықбектің қолдауымен өзбек ұлысындағы билікті қолға алды. Мирхондтың мәліметінше, осыдан кейін Самарқанға Барақтың тағы бір елшісі Жұмадүк келіп, хан тағына отырғанын хабарлап, мол сыйлықтар әкелген. Елші құрметпен қабылданып, оған хандық рәміздер, бағалы бұйымдар мен ақша тарту етілді. Сонымен қатар Барақтың өтініші бойынша бұрын Ұлықбекке қызмет еткен Тауысақ оғлан мен шағын күзет жасағы бірге жіберілді. Бұл Ұлықбектің Барақты ерекше қолдағанын аңғартады.

Барақ пен Мансұр жеңіске жеткеннен кейін Ұлық Мұхаммед олардың қысымынан құтылу үшін бұрын Тоқтамыс хан мен оның ұлдарына қолдау көрсеткен Литва ұлы князі Витовттың қарамағына өтті. Витовт оны жылы қабылдап, әскерінің жасақталуына жағдай жасады. Литвада өткізген екі жылдың ішінде Ұлық Мұхаммед едәуір күш жинап, 1426 жылы Сарайға жорық жасап, Ақ Орда билеушісін ығыстырды.

Жағдайды бағамдаған Барақ күресті жалғастырмай, өз ұлысына шегінді. Осыдан кейін Ақ Ордада Барақ пен Мансұр арасында қақтығыс туып, оның барысында Мансұр қаза тапты. Қыпшақтардың «екі бас бір қазанға сыймайды» деген мақалы осы жағдайды бейнелейді. Зерттеушілердің пікірінше, Барақ тек хан тағына ғана емес, мемлекетті толық басқаруға ұмтылды, ал Едігенің ұлы Мансұр әкесі сияқты Шыңғыс хан ұрпақтарының билігін толық мойындамаған. Маңғыттардың ықпалын жойғаннан кейін Барақ Шығыс Дешті Қыпшақтың толыққанды билеушісіне айналды.

Осыдан кейін Барақ хан Ұлықбекке Сырдария бойындағы қалаларға, әсіресе Сығанақ өңіріне қатысты аумақтық талаптар қойды. Бұл талаптар екі билеуші арасындағы қарым-қатынасты күрт шиеленістіріп, ақырында Сығанақ маңындағы шешуші шайқасқа алып келді.

Барақ ханның негізгі талабы Ұлықбектің кезінде Ақ Орда құрамында болған, бірақ Әмір Темірдің жаулап алуы нәтижесінде айырылып қалған Сырдария бойындағы қалаларды қайтару еді. Бұл жөнінде Барақ хан Ұлықбекке жолдаған хатында былай деп жазған:

Алайда Ұлықбек бұл талаптарды қабылдамай, кері қайтарды. Осыдан кейін Барақ хан әскери іс-қимылдарды бастады. Ұлықбектің Түркістандағы наместнигі Арслан-қожа тархан қаланы қорғай алмай, Сығанақты Барақ ханға беруге мәжбүр болды. Бұған дейін ол Ұлықбекке жолдаған хатында Барақтың нөкерлеріне шағымданып:

деп хабарлаған.

Барақ хан Ұлықбектің Сырдария бойындағы қалалардан өз еркімен бас тартпайтынын түсінді. Сондықтан ол шағатайлықтарға қарсы соғысқа мұқият дайындалды. Тарихшы Б. Ә. Ахмедов XVI ғасырдағы Абдулкәрім ибн Мұхаммед әт-Тамдахидің еңбегіне сүйене отырып, Барақ ханның Сырдария өңіріне жақсы қаруланған әрі тас атқыш қоршау машиналарымен жабдықталған көп әскер алып келгенін жазады. Барақ ханның Түркістан қаласына ұзақ уақытқа орнығуды көздегенін оның дала өңірінен бес мыңға жуық отбасын көшіріп әкеліп, оларды Сығанақ маңына Ақ Орда әскерімен бірге орналастыруынан да көруге болады. Бұл кезеңде Шаһрухтың ұстанымы екіұшты болды. Бір жағынан, ол ұлы Ұлықбекке соғыс бастамауды бұйырса, екінші жағынан, оған көмек ретінде екінші ұлы Жүкі бастаған жасақты жіберді. Жүкі 1427 жылдың ақпанында Гераттан аттанып, Самарқаннан шыққан Ұлықбек әскерімен Сығанаққа бара жатқан жолда қосылды.

Әскерлері біріктірілгеннен кейін Ұлықбек пен Жүкі өз күштеріне толық сеніп, 1425 жылғы Жұмғал жорығындағыдай қосымша сақтық шараларын қолданбады. Сонымен қатар Барақ хан мен Ұлықбек арасындағы қақтығыс барысында Ұлықбек Жұмадық пен оны қолдаған әмірлерді өз жағына тарта алды. Ол Жұмадықтың хан тағына үміткер болуын қолдап, Барақ ханға қарсы буферлік мемлекет құруды көздеді. Мұндай мемлекет Мәуереннахр иеліктерін Барақ ханның шабуылынан қорғауға тиіс еді.

Шайқастың барысы

Барақ ханның Сырдария бойындағы қалаларға қойған талаптары туралы Түркістандағы наместнигі Арслан-қожа тарханнан хабар алған Ұлықбек Бараққа қарсы жорық жасауға шешім қабылдап, бұл жөнінде әкесі Шаһрухқа хабарлады. Осы кезде Барақтың елшісі келіп, кешірім сұрап, бітім жасауды ұсынғанымен, Ұлықбек оның ұсынысын қабылдамады. Бұрынғы одақтасының мұндай әрекетін жауапсыз қалдыруды жөн көрмеген ол 1427 жылы Мұхаммед Жүкі бастаған Хорасан әскерімен бірігіп, Барақ ханға қарсы жорыққа аттанды.

Сығанақ маңындағы қыратты жерде екі әскер бетпе-бет кездесті. Барақ хан әскері қарсыластың сан жағынан басым екеніне қарамастан күтпеген жерден шабуылға шықты. Ұлықбек әскері мұндай соққыны күтпегендіктен, оның саптары бұзылып, кейін шегіне бастады. Әмірлер Ұлықбек пен Мұхаммед Жүкіні ұрыс алаңынан алып шығып, тұтқынға түсуінен құтқарды.

Абд әр-Раззақ Самарқандидің мәліметінше, Мұхаммед Жүкі Самарқаннан Сығанаққа жеткеннен кейін Хорасан мен Мәуереннахр әскерлері бірікті. Олар Барақтың шайқасуға батылы жетпейді деп есептеп, қосымша сақтық шараларын қолданбады. Ұлықбек өз әскерінің көптігіне сеніп, қарсыластың аз санды жасағын менсінбеді. Ал Барақ хан жер бедерінің ерекшелігін тиімді пайдаланып, барлық күшін бір мезетте шабуылға шығарды. Қиян-кескі шайқаста екі жақ та ауыр шығынға ұшырады. Ақырында Ұлықбектің оң және сол қанаты ыдырап, кейін орталық бөлігі де бұзылды. Мәуереннахр әскері шегінуге мәжбүр болып, оның үлкен бөлігі олжасынан айырылды.

Шайқас кезінде күрлас тайпасынан шыққан атақты батыр Палуан Махмұд Дендани ерекше ерлік көрсетті. Ол қан майданнан Мұхаммед Жүкіні аман алып шығып, Самарқанға жеткізді. Ал Ақ Орда жауынгерлері өздері күтпеген зор жеңіске жетіп, мол әскери олжаға ие болды.

Салдары

Шайқас туралы хабар Гератқа 1427 жылдың наурыз айында жетті. Сәуір айының басында Ұлықбектің елшісі Шаһрухтың алдына келді. Сол кезде жарақатынан әлі толық айықпаған Шаһрух ұлына көмек ретінде әскер мен қаржы жіберді. Науқастанып қалған Мұхаммед Жүкі Самарқанда қалды, ал Ұлықбек Қандағар мен Гераттан келген қосымша жасақтармен күшін толықтырды. Ол Сырдариядан өтіп, Ташкентке жеткенде Ақ Орда әскерінің шегініп кеткені жөнінде хабар алды.

Кейбір деректер бойынша, Шаһрух жарақаты толық жазылмаса да, Мәуереннахрға жасалған жорықты өзі басқарған. Дереккөздерде оның әскерінің нақты саны көрсетілмегенімен, Әмудариядан екі жүзге жуық кемемен бір ай бойы өткені жорыққа өте көп күштің қатысқанын аңғартады. Зерттеушілердің пікірінше, Шаһрухтың мақсаты Әмір Темір сияқты Дешті Қыпшаққа терең ену емес, Ақ Орданың жаңа шабуылынан қорғану болған. Бұған дейін Барақ хан әскері Ұлықбекті қуып, Самарқан төңірегін ойрандаған еді. Кейін Шаһрух жеңіліске кінәлі қолбасшыларды жазалап, Ұлықбекке қатаң ескерту жасап, 1427 жылғы 6 қазанда Самарқаннан аттанды.

Жазба деректер Барақ ханның Темір әулеті иеліктері есебінен өз мемлекетін кеңейтуге бірнеше рет әрекет жасағанын көрсетеді. Сондай-ақ Ұлықбектің Бараққа қарсы ұйымдастырған бірнеше жорығының да нәтижесіз аяқталғаны айтылады. Зерттеушілер осыны Шаһрухтың жорыққа жеке араласуымен байланыстырады. Сол кезде Ұлықбек Ташкент маңында тұрғанымен, Отырар мен оған іргелес өңірлерді бақылауына алған Барақ ханға қарсы өз бетінше шешуші қимыл жасауға батылы жетпеді.

Дереккөздер

Санат:Алтын Орда шайқастары Санат:Еуразия тарихы Санат:Орталық Азия тарихы Санат:Қазақстанның әскери тарихы Санат:Алтын Орданың әскери тарихы