Аляскадағы Ресей — АҚШ саммиті (; ) — 2025 жылғы 15 тамызда Анкоридж қаласында өткен Ресей Президенті Владимир Путин мен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасындағы жоғары деңгейдегі кездесу. Кездесу Орыс-украин соғысын аяқтау жолдарын іздеуге арналды.
Бұл кездесу Джо Байденнің президенттік мерзімі кезінде, 2021 жылғы маусымда Женевада өткен келіссөздерден бері Ресей мен АҚШ көшбасшылары арасындағы алғашқы толық форматты екіжақты саммит, әрі Ресей-Украина соғысы басталғалы бергі алғашқы жүздесу болды. Аналитиктер Алясканың саммит өткізілетін орын ретінде таңдалуын екі елдің осы аймақтағы географиялық жақындығын және елордадан тыс, бейтарап жағдайда диалогқа ұмтылысын айшықтайтын символдық қадам ретінде қарастырады.
Тарихы 2025 жылы Ресей мен АҚШ арасындағы жоғары деңгейдегі диалогтың қайта жандануы 2024 жылғы АҚШ-тағы президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша Дональд Трамптың АҚШ президенті қызметіне екінші рет келуінен кейін басталған саяси және дипломатиялық үдерістер кешенінің нәтижесі болды. Сайлауалды науқанының негізгі элементі Ресей-Украина қақтығысын (ең алдымен, 2022 жылғы 24 ақпанда Ресейдің басып кіруінен кейін Украина аумағында басталған белсенді әскери қимылдарды) тоқтатуға қол жеткізу туралы уәдесі болды. Трамп мұны президенттігінің «алғашқы күнінен бастап» жүзеге асыруға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеп, ұлықталуына дейін келіссөздерді бастауға дайын екенін мәлімдеді. 2025 жылғы 12 ақпанда Трамп пен Путин арасында күтпеген телефон арқылы сөйлесу болды — 2022 жылдан бері екі ел басшылары арасындағы алғашқы тікелей байланыс еді және бірқатар дипломатиялық бастамаларға бастау болды. Осыдан кейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сауд Арабиясында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті. Сауд Арабиясы ықтимал бейбіт үдерістің шарттарын талқылау үшін бейтарап алаң ретінде таңдалды.
Трамп өзінің екінші президенттік мерзімінің алғашқы айларында Truth Social платформасындағы жария мәлімдемелерін бейресми дипломатиялық бастамалармен қатар алып жүрді. Оның бастапқы риторикасы, оның ішінде «Ресейге зиян келтіргісі келмейтіні» туралы мәлімдемелері біртіндеп неғұрлым қатаң ұстанымға қарай ауысты. 2025 жылғы мамырға қарай Кремль «эмоциялық» деп сипаттаған оның жарияланымдарында Путинге әскери қимылдарды тоқтатуға тікелей үндеулер, соның ішінде «Владимир, тоқта!» деген сияқты хабарламалар және «қан төгісті» тоқтатуды талап еткен үндеулер болды. Бұрылыс кезеңі 2025 жылғы 14 шілдеде Трамптың НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен Сопақ кеңседегі келіссөздер барысында жасаған мәлімдемесі болды. Сол кезде бейбіт келісімге қол жеткізу үшін 50 күндік ультиматум жариялап, олай болмаған жағдайда Ресеймен ынтымақтастық жасайтын елдерге 100 пайыздық баж салығын енгіземін деп қорқытты. 28 шілдеде Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездескеннен кейін Трамп бұл мерзімді күрт қысқартып, 10–12 күнге дейін түсірді. Бұл шешімді келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеушіліктің болмауымен түсіндірді.
Оқиғалар барысы
Дайындық Трамп белгілеген жаңа мерзімнің аяқталуына бір күн қалғанда, 2025 жылғы 6 тамызда АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Мәскеуде Путинмен кездесу өткізді. Екі тарап та бұл кездесуді «жоғары өнімді» деп бағалады. Оның қорытындысы бойынша көшбасшылардың жеке кездесуіне принципиалды келісімге қол жеткізілді. Саммиттің өтетіні туралы Трамп 2025 жылғы 8 тамызда жариялап, тараптарға күрделі логистикалық және дипломатиялық мәселелерді шешу үшін бары-жоғы бір апта уақыт қалдырды. Саммит өтетін орынды таңдауда тараптар Аляскаға тоқтады, бұған практикалық себептер де (Беринг бұғазы арқылы Ресейге географиялық жақындығы), ортақ тарихы бар аумақтың символдық мәні де (1867 жылға дейін Аляска Ресейге тиесілі болған) себеп болды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков бұл шешімді «қисынды» деп атап, «Ресей мен АҚШ — жақын көршілер» екенін атап өтті және келесі кездесу Ресей аумағында өтеді деген үмітін білдірді. Саммитті Анкоридж маңындағы Эльмендорф-Ричардсон біріккен әскери базасында өткізу туралы шешім қабылданды. 2010 жылы Эльмендорф әуе базасы мен Ричардсон фортын біріктіру арқылы құрылған бұл база бұған дейін ешқашан Ресейдің қазіргі басшыларын қабылдамаған, бұл оқиғаның бірегейлігін айшықтай түсті.
Дайындық айтарлықтай қиындықтармен қатар жүрді. АҚШ Құпия қызметі географиялық қашықтық пен уақыт тапшылығы жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүздеген қызметкерді шұғыл түрде ауыстыру қажеттілігіне тап болды: саммит туралы хабарланған сәтте Аляскада тұрақты түрде тек бір агент қана болған еді. Анкоридждегі қонақүй орындарының жетіспеушілігі қосымша мәселеге айналды: делегациялар мен журналистердің бір бөлігі Аляска университетінің жатақханасына және «Морские волки» хоккей клубының аренасына орналастырылды. Жағдайды Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясына және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің Ұлыбританияға сапарына параллельді түрде жүргізілген дайындық күрделендіре түсті, бұл арнайы қызметтерге қосымша жүктеме түсірді.
Саммит бағдарламасы минутқа дейін жоспарланды. Кездесу жергілікті уақытпен 15 тамыз күні сағат 11:30-да (Мәскеу уақытымен 22:30-да) тек аудармашылардың қатысуымен өтетін президенттердің оңаша әңгімесінен басталуы тиіс еді. Содан кейін «беске бес» форматындағы келіссөздер және кеңейтілген құрамдағы «жұмыс таңғы асы» жоспарланған болатын. Трамп өзінің қатысуын алдын ала растамағанына қарамастан, кездесу бірлескен баспасөз конференциясымен аяқталуы керек еді. Саммит кезінде базадағы американдық әскерилердің жоспарланған оқу-жаттығулары тоқтатылып, жеке құрам шараның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.
Делегациялардың Аляскаға келуі нобай|Путин мен Трамптың қызыл кілемдегі қол алысуы Путиннің Аляскаға сапары 1867 жылы АҚШ-қа сатылғаннан кейін ресейлік қолданыстағы көшбасшының бұл аумаққа алғашқы келуі болды. Келу рәсімі үшін қызыл кілем төселіп, «Аляска-2025» жазуы бар платформа дайындалды, ұшу-қону жолағында қабылдаушы тараптың әскери қуатының символы ретінде АҚШ ӘӘК-нің төрт F-22 Raptor истребителі орналастырылды. Тед Стивенс атындағы Анкоридж әуежайы туристік маусымның логистикалық қиындықтарына қарамастан таңдалды, өйткені штаттың қауіпсіздік пен инфрақұрылым талаптарына сай келетін жалғыз әуежайы еді.
Делегациялардың келуі жергілікті уақытпен сағат 10:20-да (мәскеулік уақытпен 21:20-да), бортында Трамп бар Air Force One қонған кезде басталды. Ресейлік делегация келгенге дейін Трамп штат губернаторы Майк Данливимен және сенатор-республикашылармен қысқаша кездесулер өткізді. Путин бастаған ресейлік делегация Ресей президенті бұдан бұрын Қиыр Шығысты дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізген Магаданнан Ил-96 бортымен келді. СІМ басшысы Сергей Лавров үстіне «КСРО» аббревиатурасы бар свитер киіп шықты. нобай|Путин мен Трамптың кездесуі кезінде истребительдердің сүйемелдеуімен ұшып өткен B-2 бомбалаушысы Кездесу рәсімі хаттаманың дәл сақталуымен ұйымдастырылды. Көшбасшылар ұшақтардан бір мезгілде шығып, содан кейін қызыл кілем мен жоғарыда истребительдердің сүйемелдеуімен ұшып өткен B-2 бомбалаушыларының аясында қысқаша қол алысты. Көп ұзамай Трамп бөлек кортежден бас тартып, Путинді «The Beast» («Жыртқыш») брондалған лимузинімен бірге жүруге шақырды. Путин өзінің «Аурус» автокөлігін қалдырып, келісімін берді. Сапар шамамен 10 минутқа созылды және Путиннің ағылшын тілін білетінін ескере отырып, аудармашыларсыз өтті. Бұл ым-ишара сенімнің символдық актісі ретінде қабылданды: 2018 жылы Трамптың кеңесшілері оны КХДР көшбасшысы Ким Чен Ынға осындай ұсыныс жасаудан айнытқан болатын.
Тараптар «жекеге-жеке» форматының орнына келіссөздерді «үшке үш» құрамында бастауға келісті. Трамппен бірге мемлекеттік хатшы Рубио мен арнайы өкіл Уиткофф, ал Путинмен бірге Сергей Лавров пен Юрий Ушаков болды. Украин мәселесі бойынша арнайы өкіл Кит Келлогтың қатысуы оның ұстанымын «украинашыл» деп есептеген Мәскеудің өтінішімен алынып тасталды. Хаттамалық фотосессия кезінде президенттер журналистердің Украинадағы ықтимал атысты тоқтату туралы сұрақтарына жауап бермеді.
Кездесу нобай|Кездесуден кейінгі Путин мен Трамптың бірлескен баспасөз конференциясы Саммиттің ресми бөлігі 2025 жылғы 15 тамызда жергілікті уақытпен сағат 11:30 шамасында (мәскеулік уақытпен 22:40-та) Анкоридждегі Эльмендорф-Ричардсон әскери базасында басталды. «үшке үш» форматындағы келіссөздер 2 сағат 45 минутқа созылды.
Талқылаудың басты тақырыбы Ресей-Украина соғысы болды. Путин басып кірудің Ресей қауіпсіздігіне төнген «фундаменталды қатерлермен» байланысты екенін және қақтығысты реттеу үшін «дағдарыстың түпкі себептерін жою» қажет екендігі туралы тезисті қайталады. Трамп «Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері» мәселесіне назар аударды және Мәскеу мен Киев арасындағы ықтимал «мәміле» параметрлерін Путинмен талқылағанын растады. Оның айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленскийге бұл мәмілеге келісуді ұсынған, өйткені «Ресей — өте қуатты держава, ал Украина — олай емес». Трамптың «айтарлықтай прогресс» пен реттеудің «өте жоғары» ықтималдығы туралы мәлімдемелеріне қарамастан, атысты тоқтату туралы келісімдерге қол жеткізілген жоқ.
Путин өңіраралық және іскерлік байланыстарды қайта жандандырудың маңыздылығын бөлек атап өтті.
Келіссөздерді екі тарап та «конструктивті» және «сенімді» деп сипаттады. Путин АҚШ әкімшілігінің «қақтығыстың мәніне бойлау» ұмтылысын атап өтіп, әңгіменің «өзара құрметке негізделген» үні мен «егжей-тегжейлі» сипатын баса айтты. Трамп әңгімені «өте өнімді», ал Путинмен қарым-қатынасын «тамаша» деп атап, кездесу нәтижесін «10-нан 10» деп бағалады. Сонымен бірге түпкілікті келісімдердің жоқтығын мойындады: «Біз толық түсіністік таба алмадық. Әзірге мәміле жоқ».
Жабық формат аяқталғаннан кейін қысқаша бірлескен баспасөз конференциясы өтті, оның барысында президенттер журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Жоспарланған жұмыс түскі асы мен «беске бес» форматындағы кеңейтілген келіссөздер тоқтатылды.
Бағалаулар ИСКРАН директорының міндетін атқарушы Наталья Цветкова 1986 жылғы Рейкьявиктегі саммитпен параллель жүргізіп, көшбасшылардың жеке қарым-қатынасының маңыздылығын және бұл кездесудің қару-жарақты бақылау бойынша болашақ келісімдерді дайындаудағы (2026 жылы СНВ-III мерзімінің аяқталуына байланысты), сондай-ақ экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы ықтимал рөлін атап өтті. Американдық дипломатия ардагері Дэниэл Фрид пен НАТО штаб-пәтеріндегі Біріккен барлау бөлімшесінің бұрынғы аға қызметкері Эдвард Ронг Кремль тарапынан ешқандай жол берушіліктердің жоқтығын айтып, Трамптың «ендігі мәселе Зеленскийде» деген мәлімдемесіне және оның Киевке мәмілеге келісу туралы кеңесіне байланысты Украина үшін тәуекелдерді баса айтты.
Батыс баспасөзінде бағалаулар сыни сипатта болды. The Guardian редакциялық мақаласында бұл саммит «Кремльге дем беріп», Украинаның позициясын әлсіреткенін көрсетсе, басқа бір материалында уақытша бітімге алып келмеген бұл кездесудің «Путин үшін PR-жеңіс» болғанын атап өтті. Time журналы Трамптың Ким Чен Ынмен бұрынғы кездесулерімен параллель жүргізе отырып, АҚШ көшбасшысының тағы да практиқалық нәтижелер әкелмеген және АҚШ-тың халықаралық беделіне нұқсан келтірген «мазмұннан гөрі көрініске басымдық бергенін» атап өтті.
Байден әкімшілігінің Ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі Еуропа бойынша аға директоры Майкл Карпентердің пікірінше, саммит «Путинді халықаралық аренада заңдастырды».
The New York Times бағалауынша, саммиттен кейін Путин қайтадан әлемдік көшбасшылар қауымдастығынан табылды. Ұқсас бағаны The Washington Post та беріп, саммиттің Путин үшін сәтті өткенін және оның оқшаулаудан шыққанын атап өтті.
The Atlantic басылымының пікірінше, саммиттің өту фактісінің өзі көптеген адамдар тарапынан Путиннің жеңісі ретінде қабылданды, өйткені көпжылдық халықаралық оқшаулаудан кейін оған Америка жерінде АҚШ президентімен бірге суретке түсуге мүмкіндік берілді.
The Economist бағалауынша, саммиттің ең айқын нәтижесі Трамптың егер саммит атысты тоқтатуға алып келмесе Ресейге «сал салғызатын санкциялармен» қоқан-лоқы жасаудан, Ресейдің соғысты толық тоқтату туралы талаптарын қабылдауға қарай бұрылуы болды.