«Обсессия» () — режиссер Карри Баркердің өз сценарийі бойынша түсірген 2025 жылғы америкалық қорқынышты фильм. Фильм сюжеті бала кезгі досы Никкидің (Инде Наварретт) өзіне ғашық болуын тілеп, сиқырлы ойыншық сатып алатын музыкалық дүкен қызметкері Бэрдің (Майкл Джонстон) айналасында өрбиді. Алайда бұл тілектің соңы қорқынышты салдарға әкеледі.
«Обсессия» фильмінің тұсаукесері 2025 жылдың 5 қыркүйегінде Торонто халықаралық кинофестивалінің «Түнгі ессіздік» (Midnight Madness) бағдарламасы аясында өтті. АҚШ-тағы кинотеатрлық прокаты 2026 жылдың 15 мамырында Focus Features компаниясының дистрибьюторлығымен басталды. Фильм сыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары баға алып, коммерциялық тұрғыдан үлкен табысқа жетті. Ол әлемдік прокатта 488,2 миллион доллар жинап, бірнеше кассалық рекорд орнатты — 2026 жылдың ең көп табыс тапқан 9-шы фильмі атанды және барлық замандардағы ең көп касса жинаған 7-ші хоррор (инфляция есепке алынмаған кездегі көрсеткіш бойынша).
Сюжеті Бэйрон «Беар» Бейли өз достары Иэн мен Сарамен бірге музыка дүкенінде жұмыс істейтін құрбысы Никки Фрименге ғашық. Үйге келгенде ол мысығы Сэндидің оксикодонды байқамай жұтып қойып өліп қалғанын көреді. Беар Никкиге сыйлық ретінде хрусталь дүкенінен егер сындырсаңыз, бір тілекті орындайды делінген «Бір тілек талын» (сиқырлы таяқша) сатып алады. Сол кеште Никки Беарден өзін ұнататынын-ұнатпайтынын сұрайды, ал ол қобалжып, жоқ деп жауап береді. Екеуі қоштасып, Никки үйіне кетеді. Шырылдаған күйде қалған Беар таяқшаны сындырып, Никкидің өзін бәрінен де артық сүюін қалап тілек тілейді. Никки бірден Беарді шығарып салған көлікке қайта оралып, оған тым ерсі қызығушылық таныта бастайды және әкесінің қатерлі ісіктен өліп жатқанын айтып, олардың үйінде қонуды сұрайды. Төсекте ол Беарді сүйеді, бірақ кенеттен айғайлап, кейін шегінеді. Беар бөлек бөлмеге ұйықтауға кетіп, интернеттен «Бір тілек талы» туралы пікірлерді іздейді, бірақ олар екіұдай болып шығады: біреулер тілегі орындалды десе, басқалары орындалмады дейді.
Келесі күні таңертең Никки Сэндидің сүйегінен ескерткіш мемориал жасап, бұл Беарді үрейлендіреді. Никки өз әрекетін MDMA (экстази) қабылдауымен түсіндіреді, содан кейін екеуі кездесе бастайды. Иэн Беарге қарым-қатынастары басталмай тұрып Никкидің Сараға Беарді «кіші інісіндей» көретінін айтқанын және әкесінің қатерлі ісікпен ауыратыны өтірік екенін, оның басқа елде тұратынын және Никкидің онымен мүлде араласпайтынын жеткізеді. Беар романтикалық кеште Никкиден бұл туралы сұрағанда, қыз шақырайып, ашуға булығып шыға келеді, содан кейін Беар бұл тақырыпты енді қозғамауды жөн көреді. Сол түні ол оянып кетіп, Никкидің ұйықтап жатқан өзін сұмдық кейіппен бақылап тұрғанын көреді, ал Никки жылап, оны өзін сүймейтіні үшін айыптайды. Келесі күні жұмыста Беар оның Сэндидің сүйегінен бутерброд жасап қойғанын көреді. Сондай-ақ бутерброд салған ыдыстың ішінде екі полароид суреті жатыр, олардың бірінде Никки ұйықтап жатқан Беармен бірге түсіп, «Мен емес» деген жазу қалдырған. Беар тілегін өзгертпек болып тұтынушыларды қолдау қызметіне қоңырау шалады. Қызметкер тілек тек Беар өлген кезде ғана күшін жоятынын айтып, оны дауысы дірілдеп, тынымсыз айғайлаған «шынайы Никкиге» қосады.
Сол кеште Иэннің қарсылығына қарамастан, Никки Беарді Иэннің үйіндегі кешке ертіп барады. «Дженга» ойыны кезінде Никки тапсырманы орындаудың орнына «Гензель мен Гретель» ертегісінің инцест нұсқасын айтып береді. Беар «сол жағыңдағы адамды сүй» деген тапсырмасы бар блокты суырып алады, яғни Сараны сүюі керек. Никки Сараны итеріп жіберіп, Беарді өзін сүюге мәжбүрлейді. Содан кейін Никки айғайлап, бетін бөтелкемен ұрып жаралайды. Үйге келгеннен кейін Никки (немесе оны басқарып тұрған күш) оғаш қылығы үшін кешірім сұрайды, енді нағыз Никки боламын деп уәде береді, ал кейін егер Беар төсекте оған қосылмаса, өзін-өзі өлтіремін деп қорқытады. Сара Беарден саябақта кездесуді сұрайды. Беар кетпек болғанда, шынайы Никки ұйқы аралас сөйлеп, «ішіне жын кірген Никкиді» оятпауды өтінеді және Беарден өзін өлтіруін жалынып сұрайды. Беар онымен болғанша өлгенді артық көретініне ренжіп, бұдан бас тартады. Сара Беарге Иэн мен Никкидің екі жыл жүргенін айтып, Никки оны Иэннен кек алу үшін пайдаланып жүр деп қорқатынын жеткізеді. Сара Беарге деген сезімін меңзеген кезде, Никки пайда болып, Сараны өлтіреді. Ол Беарге мәйіттен құтылғанша үйге қайтуды бұйырады.
Беар қалған таяқшаларды сатып алып, тілегін жоюға тырысады, бірақ ешқайсысын сындыра алмайды. Ол жағдайды Иэнге түсіндіріп, тілегін жоюға көмектесуін өтінеді. Оған сенбеген Иэн бір миллиард доллар алуды тілейді, сол сәтте төбеден ақша жауады. Беар Никкиден тілегін жоюды сұрау үшін соңғы таяқшамен үйге қайтып оралады. Үйге кіргенде ол бөлме ортасындағы орындықта отырған Сараның мүгедек етілген жалаңаш мәйітін көреді және артынан Сараның көйлегін киіп, оның қылықтарын айнытпай қайталап тұрған Никкидің дауысын естиді; содан кейін ол Беар мен өзін тапаншамен қорқытады. Иэн жаңа байлығын атап өту үшін келеді, бірақ Никки оны атып өлтіреді. Беар ваннаға тығылып, соңғы доза оксикодонды ішіп қояды, бірақ тез ойынан айнып, құсуға тырысады, алайда Никки таяқшаны сындырады. Тілектің әсерімен басқарылған Беар ваннадан шығып, Никкиді сүйеді де, артық дозадан көз жұмады. Қайғыдан қан жұтқан Никки өзін-өзі атып өлтіруге дайындалады, бірақ Беар қайтыс болғаннан кейін шынайы Никки есін жияды. Өзін қоршаған хаостан үрейленген ол егіліп жылайды.
Рольдерде Майкл Джонстон — Бэйрон «Бэр» Бейли, музыкалық дүкен қызметкері Инде Наварретт — Никки Фриман, Бэрдің әріптесі әрі бала кезгі досы Купер Томлинсон — Иэн, Бэр мен Никкидің досы Меган Лоулесс — Сара Харпер, Бэр мен Никкидің құрбысы, Картердің қызы Энди Рихтер — Картер Харпер, музыкалық дүкеннің иесі және Сараның әкесі Хейли Фитцджеральд — Виола, Бэрге сиқырлы таяқшаны сататын «Мистик» дүкенінің қызметкері Дэрин Тундер — Гарри, «Мистик» дүкенінің қызметкері Карри Баркер — сиқырлы таяқша шығаратын фирманың қолдау көрсету орталығының маманы (дыбыстау)
Өндірісі 2023 жылы Карри Баркер «The Chair» атты қысқаметражды қорқынышты фильм түсіріп, оны өзінің YouTube арнасына жариялайды. Таспаны көріп тәнті болған «Tea Shop Productions» компаниясының продюсері Джеймс Харрис режиссерге хабарласып, осы туындыны толықметражды фильмге айналдыруды ұсынады. Алайда Баркер бұл ұсыныстан бас тартып, орнына өзінің мүлде басқа идеясына негізделген сценарийін ұсынады.
Жаңа жоба — «Обсессия» фильмінің тууына әйгілі Симпсондар мультсериалының атты бөлімі үлкен шабыт береді. Ондағы басты кейіпкер Гомердің маймыл табаны арқылы тілек тілеп, соңы өкінішке ұласатын сюжеті фильмнің негізгі өзегіне айналады. Көп ұзамай Баркер «William Morris Endeavor» агенттігімен бірлесе отырып, бюджеті 1 миллион доллар болатын жобаға қол қояды және сегіз ай ішінде сценарийін толық аяқтайды. Ал туындыдағы басты атрибут — сиқырлы таяқшаның дизайнын режиссер графикалық дизайнер болып істейтін өз анасымен бірлесіп дайындаған.
Актерлерді іріктеу жұмыстары 2024 жылдың тамызында өтіп, негізгі түсірілім кезеңі қазан айында басталды. Режиссер Карри Баркер актриса Инде Наварретт бойынан кейіпкерге қажетті есіріктік пен көрерменге үрей ұялататын қасиеттің мінсіз үйлесімін көргендіктен, оны бірден Никки рөліне бекітеді. Ал Майкл Джонстон Наварреттпен арадағы тамаша актерлік байланыстың арқасында Бэрдің рөліне ие болады. Фильмді таспалауға шамамен 26 күн жұмсалып, күніне сценарийдің 5-6 беті түсіріліп отырды.
Оператор Тейлор Клемонс өз алдына «көрерменде жалғыздық пен жайсыздық сезімін тудыру үшін кадрдың орталық композициясын басты кейіпкердің басымен толтыру» міндетін қойды. Карри Баркер бұл жобада режиссерліктен бөлек, монтаждау жұмысын да өз мойнына алды. Оның айтуынша, кейіпкерлердің бірінің басын мылжалайтын сахнаны MPAA қауымдастығынан «NC-17» (тек ересектерге арналған) рейтингін алып қалмау үшін «алты-жеті соққыға» қысқартуға тура келген. Фильмнің музыкасын композитор Рок Бервелл жазды, бұл туынды оның толықметражды кинодағы дебюті болды. Барлығы 18 тректен тұратын ресми саундтрек альбом фильмнің прокатқа шыққан күні — 2026 жылдың 15 мамырында жарық көрді.
Сыншылардың пікірі Сын пікірлерді жинақтайтын әйгілі Rotten Tomatoes сайтында фильм 225 шолудың негізінде 96% жоғары рейтингке ие болды, ал орташа бағасы 10-нан 8,0 балды құрады. Сыншылардың ортақ байламында: «Баркер түрпідей тиетін оғаш идеяны алып, оны көрерменнің көңілінен шығатындай шебер құбылта білген. Нәтижесінде ол адамның зәресін ұшыратын мазасыз, бірақ сонымен бірге өте күлкілі әрі тартымды туынды шығарған», — деп атап өтілген.
Metacritic сайтында фильм 33 рецензия негізінде 100-ден 77 балға ие болды, бұл «жалпы алғанда оң бағаланған» деген мәртебеге сәйкес келеді.
Киносыншылар туындыдағы шиеленісті сахналарды жоғары бағалап, фильмде әзіл мен үрейдің мінсіз үйлесім тапқанын атап өтті. Кинотаспаның кейбір тұстары көрерменге күлкі сыйласа, кейбір сахналары нағыз үрей туғыза алады. Сонымен қатар мамандар кино әлемінде көптен бері айтылып, «жауыр болған тілек орындау тақырыбының» фильмде өте тапқыр әрі жаңаша сипатта зерттелгенін ерекше мақтады.
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
Санат:Карри Баркер фильмдері Санат:Ағылшын тіліндегі фильмдер Санат:2026 жылғы АҚШ фильмдері Санат:Blumhouse Productions фильмдері Санат:Focus Features фильмдері Санат:АҚШ триллер фильмдері Санат:АҚШ қорқынышты фильмдері