Ажар — қырғыз әдебиетіндегі алғашқы хикаяттардың бірі. 1928 жылы жарық көрген. Касымалы Баялыұлы хикаяты.
Мазмұны Ажар шығармасында 1916 жылғы Үркін кезінде Қытай жеріне қашуға мәжбүр болған қырғыз халқының тағдыры басты кейіпкер Ажардың өмірі арқылы бейнеленеді.
Ажар хикаятының басты кейіпкері — Ажар атты қарапайым қырғыз қызы. Касымалы Баялыұлы бұл шығармасын ХХ ғасырдың 20-жылдарында татар, қазақ, өзбек әдебиеттерінде және солардың ықпалымен енді ғана қалыптаса бастаған қырғыз жазба әдебиетінде негізгі тақырыптардың бірі болған әйелдердің езілген тұрмысы туралы шығармалар қатарына жатқызуға болады. Алайда композициялық құрылымының ерекшелігі шығармадағы негізгі тақырып туралы әртүрлі пікір туғызады. Себебі шығармада басты кейіпкердің тағдырына тікелей қатысы жоқ эпизодтар көп орын алып, оларда 1916 жылғы Үркіннің қайғылы көріністері суреттеледі. Бұл оқиғалардың қасіреті басты кейіпкер тағдырының қасіретінен кем емес. Үшінші бөлімнің ортасынан бастап, анасы Батма сырқаттанғаннан кейін ғана оқиғалар Ажардың төңірегінде өрби бастайды.
Ажар хикаятының соңында басты кейіпкер Ажар қасқырларға таланып қаза табады. Қырғыз жазба әдебиеті енді ғана қалыптасып келе жатқан кезеңге тән бұл шығармада көркем стиль, сюжет құру және образдарды бейнелеу жағынан белгілі бір кемшіліктер бар. Соған қарамастан, хикаяты оқырман сезіміне күшті әсер ететін қуатқа ие. Бұл қасиет сол кезеңде қырғыз халқы бастан кешкен ауыр тарихи оқиғалардың шынайы бейнеленуімен және кейіпкерлердің сезімдерінің қарапайым, табиғи түрде жеткізілуімен түсіндіріледі. Осы ерекшеліктерінің арқасында Касымалы Баялыұлы Баялиновтың «Ажар» хикаяты ұлттық әдебиеттегі маңызды орнын ұзақ уақыт бойы сақтап келеді және еркіндікке ұмтылған қыздардың бейнесін көрсететін туындылардың бірі болып саналады.
Дереккөздер
Санат:Қырғызстан әдебиеті Санат:Қырғыз әдебиеті