thumb|Марстық маусымдардың уақыты мен ұзақтығының Жердегі жыл мезгілдерімен салыстыруы Марста уақытты өлшеу үшін осы уақытқа дейін Жер уақыты мен жерлік күнтізбелерге тәуелсіз әртүрлі жүйелер қолданылып келген немесе қолдану ұсынылған. Ғылыми әдебиетте марстық жылдардың нөмірленуі 1955 жылғы 11 сәуірден — Марстың солтүстік жарты шардағы көктемгі теңелу күнінен басталады.

Марстың осьтік еңкеюі мен айналу кезеңі Жердікіне ұқсас. Сондықтан бұл ғаламшарда Жердегідей дерлік жыл мезгілдері — көктем, жаз, күз және қыс болады, ал тәуліктің ұзақтығы да Жерге жақын. Алайда Марстағы жыл Жердегіден шамамен екі есе ұзын, ал орбитасының эксцентриситеті Жердікінен әлдеқайда үлкен. Соның салдарынан Марста әртүрлі жыл мезгілдерінің ұзақтығы айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін, ал күн уақыты сағаттық уақыттан Жерге қарағанда әлдеқайда көбірек ауытқиды.

Тәуліктің ұзақтығы Марстағы жұлдыздық тәуліктің орташа ұзақтығы (Халықаралық бірліктер жүйесі — SI негізінде) 24 сағат 37 минут 22,663 секундты құрайды. Ал күн тәулігінің ұзақтығы (оны белгілеу үшін ағылшынның solar — «күндік» сөзінен шыққан сол термині жиі қолданылады) 88 775,24409 секундқа, яғни 24 сағат 39 минут 35,24409 секундқа тең.

Салыстыру үшін, Жердегі осы шамалар сәйкесінше 23 сағат 56 минут 4,0916 секунд (жұлдыздық тәулік) және 24 сағат 00 минут 00,002 секунд (күн тәулігі) болады.

Осыдан сол/тәулік қатынасын есептеуге болады, оның мәні 1,0274912510 сол/тәулікке тең. Басқаша айтқанда, Марстың күн тәулігі Жердің күн тәулігінен небәрі 2,7 % ұзақ.

Марс бетінде жұмыс істейтін ғарыш аппараттарымен және оларға байланысты жобалармен ең алғашқы кезеңдерден бастап жергілікті күн уақытын бақылау дәстүрі қалыптасқан. Бұл ретте 24 сағаттық «марстық сағат» жүйесі қолданылады, онда сағат, минут және секунд ұзақтығы стандартты (жерлік) баламаларымен салыстырғанда 2,7 % ұзағырақ.

Mars Pathfinder, Mars Exploration Rover, Phoenix және Mars Science Laboratory сияқты миссиялар барысында операторлар командалары «марстық уақыт» бойынша жұмыс істеді, яғни Жердегі уақытқа қарамастан, жұмыс кестесі аппарат қонған Марс аймағының жергілікті уақытымен синхрондалды.

Осындай тәсілдің нәтижесінде әрбір команданың жұмыс кестесі күн сайын шамамен 40 минутқа ығысып отырды. Марстық уақытқа бейімделген (жерлік уақыттың орнына) қолсағаттар Mars Exploration Rover (MER) жобасының көптеген қатысушылары тарапынан пайдаланылды.

Жергілікті нақты күн уақыты Марстағы аппараттардың күнделікті жұмысын жоспарлауда шешуші рөл атқарады. Күндізгі жарық бетіндегі ғарыш аппараттарының, атап айтқанда, роверлер мен қону модульдерінің фотоэлектрлік панельдерінің тиімді жұмыс істеуінің маңызды шарты болып табылады. Марста Жердегідей тығыз атмосфера мен мұхиттар болмағандықтан, олар температуралық ауытқуларды тегістей алмайды, сондықтан беткі қабаттың температурасы күн шыққан кезде күрт көтеріліп, батқанда қатты төмендейді.

Марс үшін баламалы сағаттарды қолдану ұсынылған болатын, алайда олардың ешқайсысын пайдалатуға бірде-бір ғарыштық миссия келісім бермеген. Уақытты өлшеудің мұндай жүйелеріне, атап айтқанда, «милликүн» және «сантикүн» сияқты бірліктері бар метрикалық уақыт, сондай-ақ ұзартылған күн жүйесі (ағылш. extended day) жатады. Бұл жүйеде стандартты уақыт бірліктері қолданылады, алайда әрбір келесі эпоха ағымдағы эпоха басталғаннан кейін 24 сағ 39 мин 35 с өткен соң басталады.

Уақытты түзету thumb|Марстың аналеммасы Жердегі сияқты, Марста да уақытты түзетудің өзіндік нұсқасы қолданылады. Ол күн уақыты мен нақты (сағаттық) уақыт арасындағы айырмашылықты есепке алудан тұрады. Уақытты түзету аналемма арқылы бейнеленеді. Орбитаның эксцентриситетіне байланысты күн тәулігінің ұзақтығы тұрақты болмай шығады. Ал Марстың орбиталық эксцентриситеті Жердің эксцентриситетінен үлкен екенін ескерсек, тәулік ұзақтығы орташа мәннен Жерге қарағанда айтарлықтай көп ауытқиды, сондықтан мұнда уақытты түзету Жердегіге қарағанда әлдеқайда күшті вариацияларды көрсетеді: Марста Күн аспан бойымен марстық сағаттар көрсеткен уақытпен салыстырғанда 50 минут баяу немесе 40 минут жылдам қозғалуы мүмкін (Жерде бұл шамалар сәйкесінше 14 минут 22 секунд кешігу және 16 минут 23 секунд жылдамдау болып табылады).

Марстың нөлдік меридианы ретінде Эйри-0 шағын кратері арқылы өтетін меридиан қабылданған. Алайда Марс үшін Жердегідей басты меридианнан біркелкі аралықтармен есептелетін сағаттық белдеулер анықталмаған. Сондықтан әлі күнге дейін Марстағы барлық жерүсті аппараттары тәулік уақыты бойынша бағдарлау ыңғайлылығы үшін жергілікті күн уақытының жуық мәнін пайдаланды, дәл XIX ғасырда стандартты уақыт енгізілгенге дейін Жердегі ірі қалалар жасағандай. Mars Exploration Rover бағдарламасы аясында жұмыс істеген екі марсоход жергілікті күн уақытының өзара айырмашылығы шамамен 12 сағат 1 минутты құрайтын әртүрлі мәндерін пайдаланды.

Атап өту керек, Марстағы бойлықты өлшеудің заманауи стандарттары бойынша «планетоцентрлік бойлық» деген ұғым бар. Ол 0°-тан 360°-қа дейін шығысқа қарай өлшенеді және Марстың орталығынан бұрыштарды өлшеуден тұрады. Ескі әдіс – «планетографиялық бойлық» – батысқа қарай 0°-тан 360°-қа дейін өлшеуден тұрды, бұл ретте Марс бетінің картасына түсірілген координаттар пайдаланылды.

Марстық үйлестірілген уақыт (MTC) MTC (ағылш. Coordinated Mars Time) — Марс үшін ұсынылған, Жерде қабылданған Дүниежүзілік уақыттың (UT) баламасы. Ол Марстың бас меридианындағы орташа күн уақыты ретінде анықталады (яғни, Эйри-0 кратерінің орталығында).

MTC қысқартуы бұл уақыт өлшеу жүйесінің Жердегі Үйлестірілген әмбебап уақытпен (UTC) ұқсастығын көрсету мақсатында қолданылады, алайда бұл толықтай дәл емес: UTC уақытын UT жүйесінің басқа түрлерінен ерекшелендіретін жалғыз нәрсе — оның құрамында енгізілген кібісе секундтардың болуы, ал MTC мұндай түзету схемасын пайдаланбайды. Ұқсастық іздеген жағдайда, MTC Жердегі UT1 уақытына анағұрлым жақын.

«MTC» терминін Марс үшін ғаламшарлық уақыт стандартының атауы ретінде қолдану алғаш рет Mars24 тәуліктік сағаттарында жүзеге асты, оны баптаумен НАСА-ның Годдард атындағы ғарыштық зерттеулер институты айналысты. Бұл жаңа термин бұрынғы – «Эйри бойынша орташа уақыт» (ағылш. Airy Mean Time, AMT) атауының орнына келді. Бұл атау, мәні бойынша, Гринвич бойынша орташа уақыттың (ағылш. Greenwich Mean Time, GMT) тікелей аналогы еді. Астрономиялық контексте «GMT» – Дүниежүзілік уақыттың (ағылш. Universal Time), нақтырақ айтсақ, UT1-дің ескірген атауы.

AMT әлі күнге дейін ресми ғарыштық миссияда уақыт өлшеу жүйесі ретінде қолданылған жоқ. Бұл ішінара Эйри-0 кратерінің нақты орнын анықтауда белгілі бір қателік барлығына байланысты, яғни AMT бойынша бағдарлау ғаламшар бетіндегі зерттеу жүргізілген нүктелердегі жергілікті уақыт бойынша бағдарлау сияқты дәл уақытты анықтауға мүмкіндік бермес еді. Mars Exploration Rover миссиясының бастапқы кезеңінде Эйри-0 орнын анықтаудағы позициялық қателік AMT бойынша уақытты анықтаудың шамамен 20 секундтық қателігіне сәйкес келді.

Уақыт белдеулері Марс бетіне қонуды жүзеге асырған әрбір миссия өзінің жеке уақыт белдеулерін пайдаланды. Бұл белдеулер қону орнындағы жергілікті орташа күн уақытына сәйкес келді. Бүгінгі күні Марсқа сәтті қонған алты миссияның бесеуі уақыттық бағдар ретінде жерүсті ғарыш аппараты орналасқан жердің жергілікті орташа күн уақытын (LMST, ағылш. local mean solar time) қолданса, алтыншы қону (Mars Pathfinder) жергілікті нақты күн уақытын (LTST, ағылш. local true solar time) пайдаланды.

Mars Pathfinder қонған нүктедегі жергілікті нақты күн уақытын пайдаланды. Оның уақыт белдеуі AAT−02:13:01 болды, мұндағы AAT — Эйри бойынша нақты уақыт (ағылш. Airy Apparent Time), яғни Эйри-0 кратеріндегі нақты күн уақыты.

Mars Exploration Rover миссиясы барысында жіберілген екі марсоход қону орнындағы LMST нақты мәнін пайдаланбайды. Осы миссияның марсоходтарының кейінгі жұмысына ыңғайлы болу үшін олар үшін уақыт шкаласы анықталды. Бұл шкала әрбір марсоходта қолданылатын сағаттарды миссияның номиналды жоспарланған 90 солдық жолының шамамен жартысында орналасқан нүктедегі нақты күн уақытының мәніне сәйкес келетіндей етіп баптауға мүмкіндік берді. Миссияларды жоспарлауда мұндай уақыттық схема «гибридті жергілікті күн уақыты» (ағылш. Hybrid Local Solar Time) терминімен анықталады. Бұл уақыт шкалалары орташа күн уақыты тұрғысынан тұтас болып табылады (шын мәнінде, олардың әрқайсысы белгілі бір бойлық үшін орташа уақыт болып табылады) және марсоход ғаламшар бетімен қозғалған кезде түзетуді қажет етпейді. Әдетте марсоходтар жергілікті күн уақытынан бірнеше секундқа ығысуға сәйкес келетін қашықтыққа жылжиды. «Спирит» AMT+11:00:04 уақытын пайдаланады. Оның қону орнындағы орташа уақыт — AMT+11:41:55. «Опортьюнити» AMT−01:01:06 уақытын пайдаланады. Оның қону орнындағы орташа уақыт — AMT−00:22:06. Бұл марсоходтардың ешқайсысы миссия үшін қабылданған уақыт жергілікті орташа уақытпен теңесетін бойлыққа жете алмайды. Ғылыми мақсатта жергілікті нақты күн уақыты (LTST) қолданылады. «Кьюриосити» марсоходының жергілікті уақыты — AMT+09:09:46.

Эйри-0 кратерінің орналасу орны қазіргі уақытта жоғарыда аталған марсоходтар Марсқа қонған кездегіден әлдеқайда дәлірек белгілі болғандықтан, болашақ миссияларда толығымен бейстандартты уақыт белдеулерін пайдаланудың орнына, Эйри бойынша орташа уақытқа (ағылш. Airy Mean Time) байланыстырылған ыңғайлы уақыттық схеманы қолдану техникалық тұрғыдан мүмкін болады.

Сол Сол термині (ағылш. sol) ғаламшар астрономдарымен Марстағы күн тәулігінің ұзақтығын анықтау үшін қолданылады. Марстағы орташа күн тәулігінің, яғни «солдың», ұзақтығы 24 сағат, 39 минут және 35,244 секундты құрайды.

Ғарыш аппараты Марс бетінде жұмысын бастаған кезде, миссияның марстық күндері (солдары) қарапайым сандық реттік санақ арқылы есептеледі. Екі «Викинг» жерүсті миссиясы, Mars Phoenix, сондай-ақ Марстық ғылыми зертхананың «Кьюриосити» марсоходы марсоход Марс бетіне қонған күнді «сол 0» («sol 0») деп белгілесе, ал Mars Pathfinder және Mars Exploration Rover миссиясының екі марсоходы қону уақытын «сол 1» («sol 1») деп белгіледі.

Марсоходтардың қону миссиялары екі рет жұп болып жүзеге асқанымен, әрбір жұптағы екі марсоход арасында солдардың санағын синхрондау үшін бірде-бір әрекет жасалмады. Сондықтан, мысалы, «Спирит» пен «Опортьюнити» Марс бетінде зерттеу жүргізу үшін бір уақытта жіберілгенімен, олардың әрқайсысы сол санағын өзінің қону сәтінен бастады, бұл екі жағдайда да «сол 1» деп анықталды, нәтижесінде бұл екі аппарат марстық күндерді санауда синхрондалмай қалды — айырмашылық шамамен 21 солды құрайды. «Спирит» пен «Опортьюнити» бойлықтарының айырмашылығы 179°-қа тең бойлықтарда орналасқан, сондықтан олардың біреуінде күн болса, екіншісінде түн болады, және олардың әрқайсысы бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істейді.

Жерде астрономдар хронометрия мақсатында жиі юлиандық күнді – күндердің қарапайым реттік санағын – пайдаланады. Марс үшін осындай уақыт өлшеу жүйесінің ұсынылған баламасы Mars Sol Date (MSD) болып табылады. Бұл – 1873 жылғы 29 желтоқсаннан (астроном Карл Отто Лампландтың туған күні) бастап солтардың ағымдағы реттік санағы. Бұл жүйенің басқа нұсқасында санақ басталған күн (немесе эпоха) ретінде 1608 жылды (телескоптың ойлап табылған жылы) таңдау ұсынылады.

Осы екі жүйенің қайсысы таңдалса да, әрқайсысы Марсқа қатысты кез келген тарихи тіркелген оқиғалар сол жүйе пайда болғаннан кейін болғанына көз жеткізу мақсатын көздейді. Mars Sol Date санақ жүйесі математикалық түрде келесі формуламен анықталады:

,

мұндағы k – Эйри-0 кратері арқылы өтетін бас меридианның географиялық орналасуын анықтаудағы дәлсіздікті есепке алу үшін қажетті шамамен 0,00014 күнге (немесе 12 секундқа) тең шағын түзету.