«Болашаққа оралу 2» () — сценарийі Боб Гейлдікі, режиссер Роберт Земекистің америкалық ғылыми-фантастикалық фильмі, «Болашаққа оралу» трилогиясының екінші бөлімі. Басты рөлдерде Майкл Джей Фокс, Кристофер Ллойд, Томас Ф. Уилсон және Лиа Томпсон түсті. Криспин Гловер мен Клаудия Уэллс жалғасына қатыса алмады. 1955 жылдан оралғаннан кейін көп ұзамай Марти Докпен бірге 2015 жылға аттанады, онда қиындықтар кіші Макфлайларды аңдиды, ал содан кейін пайда болған теріс баламалы шындықты өзгерту үшін қайтадан 1955 жылға барады.
Түсірілім сценарий мен декорациялар үстіндегі екі жылдық жұмыстан соң 1989 жылдың ақпанында басталды. Туынды компьютерлік эффектілермен айналысатын «Industrial Light & Magic» (ILM) компаниясының кәсіби жетістігі болды. Фильмнің премьерасы 1989 жылдың 22 қарашасында өтті — картина оң пікірлер алды, бірақ бірінші бөлімнен әлсіздеу деп танылды. Әлемдік прокатта сиквел 40 млн доллар бюджетпен 118 млн доллар жинады.
Сюжеті
2015 жыл Фильм трилогияның бірінші бөлімінің соңғы кадрларын қайталаудан басталады, Марти Дженниферге демалыс күндері онымен бірге көлге баруды ұсынған кезде. Сол минутта күтпеген жерден уақыт машинасында Док пайда болады. Марти оның оғаш түріне таңғалады, Док мұны болашақта дәл осылай киінетіндігімен түсіндіреді. Уақыт машинасы модификацияланған, енді оған кез келген тамақ қалдықтарынан қажетті мөлшерде электр энергиясын шығаруға қабілетті суық синтезді термоядролық реактор (Mr. Fusion) орнатылған. Оған қоса, ол енді ұша алады. Док Марти мен Дженниферге балаларының болашағын шұғыл құтқару керектігін айтады. Үшеуі де DeLorean-ға отырады және 2015 жылдың 21 қазанына аттанады. Марти Макфлай мен оның болашақ әйелі Дженнифер Паркердің отбасында 2015 жылы үлкен проблемалар туындағаны белгілі болады. Олардың ұлы кіші Марти Макфли банкті тонағаны үшін қамауға алынып, 15 жылға түрмеге жабылды. Мартидің қызы сәл кейінірек оған қашуды ұйымдастыруға тырысады және өзі де полицияның қолына түседі. 2015 жылға келіп, Док Дженниферді жағымсыз оқиғалардың куәгері болмауы үшін ұйықтатып тастайды, және олар Марти екеуі оны ештеңе болмайды деп үміттеніп, иен қалған тар көшедегі қоқыс контейнерлеріне жатқызады.
Мартидің болашақ ұлы әкесіне екі тамшы судай ұқсайды. Сондықтан Марти өз ұлының кейпінде, ескі Бифф Танненнің немересі Грифф кіші Макфлайды итермелеген тонаудан бас тартуы керек. Тонаудың өзі келесі күні болуы тиіс.
Марти «Сексенінші жылдар» ностальгиялық кафесіне кіреді, онда ол мазасыз 78 жастағы шалға айналған ескі Биффпен соқтығысады. Осы уақытта кафеге Грифф Танненнің бандасы кіреді. Күтпеген жерден нағыз кіші Марти келеді және Грифф оны соққыға жығады. Өз ұлының рөлін ойнап, өткен шақтан келген Марти Гриффпен қақтығысқа тап болады. Әрі қарай, ұшатын тақтайлар — ховербордтарда Мартиді қуу барысында, Грифф достарымен бірге мэрияның шыныланған ғимаратына ұшып кіреді, сол үшін ол дереу тұтқындалады. Болашақ газеттерінің тақырыптары Макфлайлар отбасы үшін жақсы жаққа өзгереді және үлкен Марти мен Дженнифер балаларының болашағы құтқарылады: енді түрмеге Грифф отырады. Док Мартиге Дженниферге барып, оны сол жерде күтуін айтады, содан кейін олар қайтадан 1985 жылға оралады.
Асығыс жиналып, Марти антикварлық дүкеннен бұрын сатып алған, ішінде 1950 жылдан 2000 жылға дейңінгі барлық спорттық жарыстардың нәтижелері басылған «Грейс спорттық альманахын» кездейсоқ асфальтқа түсіріп алады және Докқа тотализатордан ақша табуға шешім қабылдағанын айтуға мәжбүр болады. Док ашуланып, альманахты қоқысқа тастайды, ал оны естіп қалған қарт Бифф кітапты иемденіп алады, сонымен бірге полиция ұйықтап жатқан Дженниферді 2015 жылғы нұсқасы деп ойлап, үйіне жеткізеді, ал Бифф Док пен Мартиді құтқару операциясы кезінде олардың соңынан қуып жету үшін ұшатын таксимен аттанады.
Осы кезде есін жиған Дженнифер үйде өзінің болашақ отбасын бақылайды. Ол 30 жыл бұрын Марти Дуглас Нидлз итермелеген жарыс кезінде «Роллс-Ройсқа» соғылып, қолын жарақаттап алғанын біледі, соның салдарынан Марти музыканы тастап, отбасын қарызға батырған көрінеді. Осы уақытта Нидлз Мартиге бейнетелефон арқылы қоңырау шалып, оны тағы да ақша алаяқтығына итермелейді, бұл туралы олардың бастығы біліп қойып, ашумен Мартиді жұмыстан шығарады. Дженнифер өзімен бірге «Сен жұмыстан шығарылдың!» деген жазуы бар факс парағын алады да, үйден кетуге асығады. Алайда, үйден шыға берісте ол болашақтағы өзін кездестіреді де, екі Дженнифер де есінен танып қалады. Мұны байқаған Док пен Марти қызды байқатпай үйден шығарып алады.
Балама 1985 жыл Уақыт машинасының жанында ешкім болмаған сәтті күтіп, Бифф 1955 жылға аттанады да, жас өзіне «Спорттық альманахты» беріп, бірден оралады. Оралғаннан кейін қарт Бифф кенеттен ауырып қалады, соның салдарынан ол көліктен шығып бара жатып, кездейсоқ таяғын сындырып алып, салон еденінде оның сабын қалдырады. Ештеңеден сезіктенбеген Марти, Док және Дженнифер 1985 жылға оралады. Олар ұйықтап жатқан қызды үйінің кіреберісіне қалдырып, кетіп қалады. Үйіне келгенде Марти онда өзін қуып шығатын бейтаныс адамдардың тұрып жатқанын көреді. Үйлердің бірінің табалдырығында Марти газет тауып алып, оның шынымен де 1985 жыл екеніне көз жеткізеді. Осы үйдің маңында Марти оны бұл шындықта танымайтын бұрынғы мектеп директоры Стриклендке тап болады, ол оған 6 жыл бұрын мектептің өртеніп кеткенін айтады. Стрикленд оны мылтықпен атпақшы болады, бірақ сол сәтте өтіп бара жатқан көліктен оқ жаудырған жергілікті көше бандасымен атысқа түседі, содан кейін Марти қашып кетуге мәжбүр болады. Хилл-Вэллидің орталығына келген Марти бұл жерде толық бейберекетсіздік орнағанын көреді: айнала қираған, жол жиектерінде апатқа ұшыраған көліктер жатыр, ал көшелерде байкерлер, бандиттер мен жезөкшелер қаптап жүр. Мұндағы барлық нәрсе билеуші бай Биффтің қолында. Мартидің анасы Лоррейн Биффке тұрмысқа шыққан, Бифф оны кеудесін үлкейту үшін пластикалық операция жасатуға мәжбүрлеген, соның кесірінен ол ішімдікке салынған. Джордж Макфлайды 12 жыл бұрын Бифф өлтірген, Мартидің өзі Швейцариядағы пансионға жіберілген, ал Док психиатриялық ауруханаға жатқызылған. Қарапайым тұжырымдар арқылы олар қарт Биффтің уақыт машинасын иемденіп, Мартидің спорт арқылы байып кету идеясын пайдаланғанын түсінеді. Уақыт машинасынан олар бұған дәлел табады — Бифф таяғының сабы мен ішінде кассалық чегі бар альманахтың пакеті.
Марти өгей әкесінің казиносына барады. Марти оған спорттық альманах туралы сұрақ қойғанда, Бифф оған спорттық альманахтың көмегімен қалай байығанынан бастап, Мартидің әкесін қалай өлтіргеніне дейін бәрін айтып береді. Сондай-ақ, Бифф оған кітапты берген бейтаныс адамның, ерте ме, кеш пе альманах туралы сұрайтын бір жігіт немесе «ақылсыз ғалым» пайда болатынын ескерткенін айтады. Таннен жас жігітті атып тастамақшы болады. Марти одан ғимараттың төбесіне қашады, ол жерде Док оған көмекке келеді де, олар Биффті бейтараптандырып, уақыт машинасымен бірге өткенге, қайтадан 1955 жылға аттанады.
1955 жылға оралу Марти мен Док 1955 жылдың 12 қарашасына — қарт Бифф өзіне (жас кезіне) спорттық альманахты тапсыру үшін аттанған күнге ауысады. Док Бифф бай болған шындықты жоюдың жалғыз жолы — жас Биффтен альманахты тартып алу деген қорытындыға келеді. Кейіпкерлер уақыт машинасын Марти 1955 жылға алғаш келген кезде қалдырған дәл сол жерде қалдырады. Жағдай күрделене түседі, өйткені қазір бұл уақытта екі Марти бар: бірі — нағыз 1985 жылдан келген, екіншісі — жаңа ғана ұшып келген. Сондай-ақ мұнда екі Док бар: бірі — 1955 жылы тұратын және ана Мартиге 1985 жылға қайтуға көмектесіп жатқан Док, ал екіншісі — баламалы 1985 жылдан Мартимен бірге келген Док. Өз-өздеріне көрініп қалмауға тырысып, Марти мен Док бетперде киіп, рация арқылы байланыста болады.
Марти кейінірек Бифф кеткен кезде альманахты алып кету үшін, оның көлігінің артқы орындығына жасырынады. Күндіз жас Бифф өзін алыс туысымын деп таныстырған қарттан альманахты алады, ол оған альманахты қалай сақтау және пайдалану керектігін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Қарт кетіп қалады, ал Бифф альманахты өзімен бірге алып, көлікті Мартимен бірге гаражға қамап тастайды. Док Мартиді құтқаруға аттанады, бірақ ол келгенше кеш батады: Бифф мектеп балына кетеді, ал Марти онымен бірге артқы орындықта кетеді. Мартиге рация арқылы оның ешбір жағдайда өз-өзіне көрініп қалмауы керектігін қайталап жатып, Док кездейсоқ өзінің сыңарымен соқтығысып қалады. Бақытымызға орай, ол өзін әшкерелемеудің амалын табады.
Мектепте Марти Бифф пен оның бандасынан жасырынуы керек, өйткені ол өзін көң тиелген жүк көлігіне соғылуға мәжбүр еткені үшін «Кельвин Кляйннан» есе қайтарғысы келеді. Марти альманахты Биффтің артқы қалтасынан байқатпай шығарып алуға тырысады, бірақ директор Стриклендтің араласуына байланысты бұл ойы іске аспайды. Кейінірек Марти өзінің әкесі Лоррейн үшін араша түсіп, Биффті жақтан ұрып сұлатқан таныс көріністі бақылайды. Марти журналды ес-түзсіз жатқан Танненнен алып қояды, бірақ ол көп ұзамай есін жиып, оны байқап қалады. Содан кейін Марти сахнада «Johnny B. Goode» әнін ойнап жатқан өз сыңарын Танненнің бандасынан құтқаруы керек болады. Алайда Бифф Мартиді тауып алып, оны ұрып-соғып, альманахты тартып алады да, кетіп қалады. Осы сәтте Док ұшып келеді, кейіпкерлер Танненді ұшатын ДеЛореанмен қуа жөнеледі. Әрі қарай Марти дәл жол үстінде мініп, үлкен қиындықпен әрі тәуекелмен одан альманахты тартып алады. Док көмекке келеді де, кейіпкерлер ұшып кетеді, ал Бифф бірінші фильмдегідей тағы да көң тиелген жүк көлігіне соғылып, лайықты жазасын алады.
Найзағай басталады. Кейіпкерлер уақыт машинасы алғаш жасырылған жерге қайта ұшып келеді. Көлікте кішігірім ақау бар, таймер үнемі өздігінен 1885 жылдың 1 қаңтарына ауысып кете береді. Док уақыт машинасында найзағай сәулелерімен жарықтандырылып, аспанда қалықтап тұр. Ауа райына байланысты ол төмен түсе алмайды. Осы сәтте төменде Марти альманахты ескі шелекке салып, оны өртеп жібереді, содан кейін Марти мен Док Джордж Макфлайдың өлтірілгені және Доктың психикалық ауруханаға қамалғаны туралы хабарлайтын болашақ газеттерінің тақырыптары қалай өзгергенін байқайды.
Ақыры кейіпкерлер болашаққа орала алады, бірақ ДеЛореанға күтпеген жерден найзағай түсіп, көлік Докпен бірге жоғалып кетеді. Марти Докпен рация арқылы байланысуға нәтижесіз әрекет жасайды, бірақ оған қарай бір көлік келіп тоқтайды, оның ішінен Western Union курьері шығады. Ол Мартиге бұдан 70 жыл бұрын оған жолданған хатты тапсырады және оның шынымен Марти Макфлай екенін растауын сұрайды. Таңғалған Марти хатты бірден оқиды, сонда ол найзағай соққысы Док мінген машинаны 1885 жылға лақтырып жібергенін біледі (Док альманахты алған Мартиге қарай ұшып бара жатқанда, кездейсоқ жарнама қалқанына соғылған болатын; соққы уақыт тізбектерінің жұмысында ақау тудырып, онда 1885 жылдың 1 қаңтары деген күн орнатылып қалған). Марти тікелей 1955 жылғы Докқа қарай жүгіреді, ол дәл сол сәтте басқа Мартиді 1985 жылға аттандырып жатқан еді, бірақ Док бұл кездесуге қуана қоймайды. Ол: «Марти! Мен сені жаңа ғана болашаққа жібердім ғой!», — дейді, бұған: «Иә, бірақ мен ҚАЙТЫП КЕЛДІМ! Болашақтан оралдым!!!» деген жауап алады. Есеңгіреген Док есінен танып қалады, ал Марти оның есін жинауға тырысады. Камера жоғары көтеріледі және экранда «TO BE CONCLUDED…» («Жалғасы бар...») деген жазу көрінеді. Финалда титрлардың алдында трилогияның үшінші бөлімінің қысқаша жарнамалық ролигі көрсетіледі.
Рөлдерде
Өндірісі Сценарий