Логографтар – заң талаптарына жетік, шешендігімен маңайын мойындатқан Афинаның толыққанды азаматтары. Олар белгілі бір ақыға сотта сөйлейтін (айыптау, қорғау) сөз үлгілерін дайындап берумен айналысты. Олардың барлық жағдаяттарды ескере отырып кәсіби деңгейде дайындап берген сөздерін тұтынушылар, яғни, ақысын төлеген кез-келген Афина азаматы жаттап не үйреніп алып, соттарда өз аттарынан сөйлейді. Бұл драматургтың пьесаны жазып, артистердің орындағанына ұқсас жағдай болатын. Басында ашық жүргізілген бұл үдерістің уақыт өте келе шындықты бұрмалау, тыңдаушыларды алдау әрі әділеттен аттау екендігі мәлім бола бастады. Соттың ең басты қасиеті – әділдігіне күмән келтірді. Сол себепті логографтар өз авторлығын мұқият жасыруға тиіс болды және тапсырыс беруші сөзінің жаттанды емес, шынайы шығуына да өзі жауап беретін. Авторлығын жасыру себебі, басында ашықтан-ашық жұмыс істейтін олардың әрекеті уақыт өте келе сот істерінде орынсыз үкімдердің шығуына, шын жазықтылардың жазадан жалтарып кетуіне әсер етті. Сондықтан да, олардың жұмыстарына ресми тиым салындыАхетов М.Қ. Қазақтың шешендік өнері. Генезиз. Типология. Поэтика. Үш томдық. І том Алматы, 2025.

Моральдық, этикалық және құқықтық талаптар тұрғысынан логографтар жұмыстарының кемшін тұстары болғанымен, өте қабілетті жандардың осы іспен айналысуы шешендік өнердің дамуына, сөз түрлерінің мағыналық, логикалық, композициялық және көркемдік жақтарынан жетілуіне айрықша септігін тигізді. Сондай-ақ, жазу ісінің жетілуіне ықпал етіп, сол арқылы даңқты шешендер сөздерінің сақталып бүгінгі күнге жетуі логографтар еңбегінің нәтижесінде жүзеге асты. Кәсіби деңгейде логографтар дайындаған сөздердің уақыт өте келе белгілі бір жүйесі қалыптасты да, сол құрылым кейінінен классикалық шешендік сөздің композициясын түзуге негіз болды. Бұл риторикадағы елеулі жетістік еді. Ол құрылым: 1) тыңдаушы назары мен ықыласын аударуды діттейтін кіріспеден; 2) істің мән-жайын баяндайтын мазмұндамадан; 3) қарсылас дәйектерін жоққа шығарып, өз мүддесіне қарай пайдалануды көздейтін қыздырмадан; 4) қарсылас пікіріне түсініспеушілік сезімді оятып, шешеннің өзіне деген тілектестікті көздейтін қорытындыдан; түзілді. Мыңдаған жыл бойы өзгермей, адамзат тіршілігінің ажырамас бөлшегіне айналған шешендік сөздің құрылымы осындай өмірлік қажеттілік пен кәсіби сөз зергерлерінің ізденістері нәтижесінде туған.

Дереккөздер