Америка кино институты немесе Америка кино өнері институты () (AFI) — 1967 жылы Ұлттық өнер қорының () бастамасымен құрылған тәуелсіз бейкоммерциялық ұйым. Ол киногерлерді оқытумен және Америка Құрама Штаттарындағы киноөнерінің мұрасын дәріптеумен айналысады.
Институт құрамына кино, ойын-сауық және бизнес салалары мен академиялық ортаның беделді өкілдері кіреді. Ұйымның жұмысына Кэтлин Кеннеди жетекшілік ететін Қамқоршылар кеңесі мен Роберт А. Дэйли басқаратын Директорлар кеңесі бағыт-бағдар береді. Ал институттың қазіргі тікелей басшысы — президент әрі бас атқарушы директоры, кинотарихшы Боб Газзале.
Бұған дейін ұйымды оның негізін қалаушы директор Джордж Стивенс (кіші) (1967–1980 жж.) және Джин Пикер Фирстенберг (1980–2007 жж.) басқарған болатын.
Тарихы Америка кино институтының негізі 1965 жылы Ақ үйдің Раушан бағында Линдон Б. Джонсон жариялаған президенттік мандат бойынша қаланды. Ұйымның басты миссиясы — америкалық кино мұрасын сақтау, киногерлердің жаңа буынын тәрбиелеу және өнер иелерінің еңбегін ұлықтайтын ұлттық орталық құру болды. 1967 жылы AFI Ұлттық өнер қоры, Америка киноассоциациясы және Форд қорының қолдауымен ресми түрде жұмысын бастады.
22 мүшеден тұратын алғашқы Қамқоршылар кеңесінің құрамында төраға — актер Грегори Пек пен вице-төраға — актер Сидни Пуатье болды. Сондай-ақ кеңес мүшелерінің қатарында режиссер Фрэнсис Форд Коппола, кинотарихшы Артур Мейер Шлезингер және лоббист Джек Валенти сияқты өнер мен ғылым қайраткерлері болды.
Институт алғашқы жылдары «Жоғары кинозерттеулер орталығы» атты оқу бағдарламасын, Кеннеди орталығындағы репертуарлық кино көрсетілімдерін және америкалық кино тарихының бірегей дереккөзі — «AFI толық метражды фильмдер каталогын» жасап шығарды. 1981 жылы институт Голливудтағы қазіргі аумағы 8 акр болатын кампусына көшті. Ал оқу бағдарламасы уақыт өте келе аккредиттелген магистратура мектебі — AFI Консерваториясына айналды.
Бүгінде институт авторлық және премьералық фильмдерді AFI Silver кинотеатры мен мәдени орталығында ұсынады. Мұнда әлемге әйгілі AFI DOCS деректі фильмдер фестивалі өтеді. Бұл институтты әлемдегі ең ірі коммерциялық емес кино көрсетуші ұйымға айналдырды. Сонымен қатар, AFI өзінің марапаттау бағдарламалары мен «10 үздік фильм» тізімдері арқылы киноөнеріндегі биік жетістіктерді дәріптеп келеді.
AFI рейтингтері Киноның жүз жылдық мерейтойын мерекелеу аясында Америка кино институты америкалық кинематографтың үздік туындыларын қамтитын бірқатар тақырыптық рейтингтік тізімдер дайындады: 1998: 100 жыл… 100 фильм 1999: 100 жыл… 100 жұлдыз 2000: 100 жыл… 100 комедия 2001: 100 жыл… 100 шытырман оқиғалы фильм 2002: 100 жыл… 100 құштарлық 2003: 100 жыл… 100 қаһарман мен зұлым 2004: 100 жыл… 100 ән 2005: 100 жыл… 100 дәйексөз 2005: 100 жыл… үздік кино музыкасы 2006: 100 жыл… 100 шабыттандыратын фильм 2006: 100 жыл… үздік киномюзиклдер 2007: 100 жыл… 100 фильм (10 жылдық мерейтойлық басылым) 2008: 100 жанрлық фильм
Дереккөздер
Санат:Америка кино институты Санат:1967 жылы құрылған ұйымдар