Ешкім мырза Путинге қарсы () — режиссер Дэвид Боренштейн мен қосалқы режиссер Павел Таланкиннің 2025 жылы жарық көрген деректі фильмі. Туынды Дания мен Чехияның бірлескен өндірісі болып табылады.

Фильм Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан кейін Ресей мектептерінде орын алған түбегейлі өзгерістерді баяндайды. Туындыда мемлекеттік насихат пен милитаризацияның білім беру жүйесіне тигізген әсері, сондай-ақ жас ұрпақтың идеологиялық тұрғыдан өзгеруі зерттеледі. Режиссер әрі сценарист Дэвид Боренштейн мен қосалқы режиссер Павел Таланкин мектеп қабырғасындағы күнделікті өмір арқылы қоғамдағы терең саяси және әлеуметтік трансформацияны көрсетеді.

Павел Таланкин Челябі облысындағы кедей кеншілер қаласы — Карабаш мектептерінің бірінде педагог-ұйымдастырушы болып жұмыс істеді. Оның міндетіне жиындар, байқаулар мен ашық сабақтар сияқты іс-шараларды бейнежазбаға түсіру кірді. 2022 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға басып кіруі басталғаннан кейін, ол америкалық режиссер Дэвид Боренштейнмен бірлесіп, оқу орнындағы насихаттың күшеюін бақылайтын деректі фильмді жасырын түрде әзірлей бастады. 2024 жылдың жазында Таланкин екі жыл бойы түсірілген материалдарды алып, Ресейден кетіп қалды, кейін сол материалдардан фильмнің соңғы нұсқасы монтаждалды.

Фильмнің премьерасы 2025 жылдың 25 қаңтарында «Сандэнс» тәуелсіз кино фестивалінде өтті, онда туынды қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Кейіннен фильм 79-шы BAFTA марапаттау рәсімінде «Үздік деректі фильм», ал 98-ші «Оскар» рәсімінде «Үздік деректі толықметражды фильм» номинацияларында жеңіске жетті. Туынды батыс сыншыларының оң пікірін алды, ал Таланкиннің отанында билікшіл бұқаралық ақпарат құралдары оны «антиресейлік» деп атап, педагогтың өзін «сатқын» деп айыптады.

Сюжеті Павел Таланкин халық саны 10 мыңға жуықтайтын Ресейдің шағын қаласы — Карабаштағы №1 мектепте педагог-ұйымдастырушы және қосымша видеограф болып жұмыс істейді. Фильм Павелдің елден кетуге дайындалып жатқан сәтінен басталады. Содан кейін оқиға өткен шаққа оралып, Таланкин өзінің туған қаласы туралы баяндайды. Педагогтың айтуынша, планетадағы ең ластанған нүктелердің бірі ретінде танылған Карабаш — әлемдегі ең жақсы жер. Оқушылар Таланкинді шығармашыл, заманауи және әріптестеріне қарағанда жұмсақ мінезі үшін жақсы көреді.

2022 жылы Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кіруді бастағанда, қаланың бұл мамыражай тіршілігі бұзылады. Көп ұзамай патриоттық тәрбие берудің жаңа саясаты енгізіледі. Бұл жағдайдан есеңгіреп қалған Таланкин жаңа оқу бағдарламасына сәйкес насихаттық іс-шараларды ұйымдастыруға және оларды камераға түсіруге мәжбүр екенін түсінеді. Ту көтеру рәсімдерінде балалардан әскерилерше маршпен жүру талап етіледі, Украинаны «демилитаризациялау және денацификациялау» қажеттілігі туралы дәрістер өткізіледі, ал бастауыш сынып оқушыларына тамыры кеңестік пионериядан бастау алатын жаңа «патриоттық» топқа қосылу ұсынылады.

Ұстаз алғашқыда наразылық ретінде жұмыстан кету туралы ойланады, бірақ интернет арқылы Ресейдегі соғыс туралы насихаттың қалай жүріп жатқанын таспаға түсіруге мүдделі шетелдік режиссермен байланысқа шығады. Таланкин мектепте қалып, онда болып жатқан оқиғаларды құжаттауға бел буады. Ол мектеп видеографы лауазымын пайдалана отырып, жүздеген сағаттық бейнематериал жазып алады.

Мәселен, бірде мектепке дәріс оқу үшін «Вагнер» ЖӘК жалдамалы сарбаздары келеді. Тағы бір жағдайда педагог Ресей мемлекеттік әнұранының орнына Леди Гаганың орындауындағы АҚШ әнұранын («Жұлдыздармен жарқыраған туымыз») қосып жіберіп, ту көтеру рәсімін бұзады. Сонымен қатар Таланкиннің айналасындағы адамдардың тағдыры ашыла түседі: оның осы мектепте кітапханашы болып істейтін анасы; патриоттық рухтағы тарих пәнінің мұғалімі Павел Абдульманов; ағасы соғысқа аттанып, кейіннен қаза тапқан оқушы қыз Маша және әскерге шақыртылған мектептің бұрынғы түлектері туралы баяндалады.

Таланкин өзінің әшкереленуі мүмкін екенін түсінген кезде, елден кетуді жоспарлай бастайды.

Марапаттар мен номинациялар Марапат / Кинофестиваль Рәсім күні Санаты Номинант(тар) Нәтижесі «Оскар» 15 наурыз 2026 Үздік деректі толықметражды фильм «Ешкім мырза Путинге қарсы» The 98th Academy Awards (2026). Кинематографиялық Өнер және Ғылым Академиясы. Тексерілді: 22 қаңтар, 2026. BAFTA 22 ақпан 2026 Үздік деректі фильм Guardian film. Bafta film awards 2026: full list of nominations. The Guardian. 27 қаңтар, 2026. Сандэнс 2 ақпан 2025 Әлемдік деректі кино: Қазылар алқасының арнайы жүлдесі 2025 Sundance Film Festival Award Winners Announced. Sundance Institute. 31 қаңтар, 2025. Тексерілді: 5 ақпан, 2025.

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер

Санат:Орыс тіліндегі фильмдер Санат:2025 жылғы деректі фильмдері Санат:Дания деректі фильмдері Санат:Үздік деректі фильм үшін Оскар сыйлығының иегерлері (фильмдер) Санат:Чехия деректі фильмдері Санат:Ресей-Украина соғысы туралы фильмдер