Астаналық цирк — Астана қаласының мәдениет басқармасына қарасты ойын-сауық мекемесі. Қаладағы жалғыз цирк және Қазақстандағы негізгі үш цирктің бірі. Нысан 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Цирк Қабанбай батыр даңғылында орналасқан.

Тарихы 2001 жылдың желтоқсанында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астананың сол жағалауындағы жаңа қаланың бас жоспарын бекіткеннен кейін цирк ғимаратының құрылысы басталды. Астана қаласының әкімшілік жоспарлау және құрылыс дамыту департаментінің тапсырысы бойынша алғашында бас мердігер қызметін «Керуен-Строй» компаниясы атқарды, ал 2002 жылдан бастап бұл міндетті «Найза-Құрылыс» концерні өз қолына алды.

Құрылысы жүріп жатқан «Астаналық цирк» мекемесінің директоры болып Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Балтабек Жұмағұлов тағайындалды. 2003 жылы Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын «Астаналық цирк» дирекциясы мен әкімшілігі құрылды. 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап цирктің ресми қаржыландырылуы басталды.

Цирктің салтанатты ашылуы 2005 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Алғашқы бағдарлама «Күн балалары» деп аталды. Онда Шариповтар әулетінің гимнасттары, әзілкештер Азылбек Болатов пен Ғалым Далханов, әуе акробаттары, жонглёрлар труппасы және басқа да артистер өнер көрсетті.

Дереккөздер

Санат:Астана ғимараттары мен құрылыстары