Зәкәрия Жексенұлы Жексенов (1 шілде 1913 — наурыз 2005 жылы) — кеңестік мемлекет қайраткері. Өскемен қаласының Құрметті азаматы.

Өмірбаяны Зәкәрия Жексенұлы 1913 жылы 1 шілдеде Ақмола (қазіргі Астана) қаласында қолөнершілер отбасында дүниеге келген.

1931 жылы қаңтарда Омбы теміржолының Ақмола азаматтық құрылыс кеңсесінде іс жүргізуші болып еңбек жолын бастады. Ақырында осында кадр бөлімі басшысы қызметін атқарды.

1934 жылы қаңтарда Қарағандыға қоныс аударады. Жергілікті орталық көмір дайындау зауыты басшысының көмекшісі болып жұмыс істейді.

1935 жылы қарашада Қызыл Әскер қатарына шақырылды. Түркістан әскери округінің 48-қазақ тау атты әскер полкінде әскери борышын өтеді. Содан соң полк мектебін бітірді. Ол жерден Қытайға жіберіліп, оның аумағындағы соғыс қимылдарына қатысып, барлауда қызмет етті.

1938 жылы наурызда әскерден қайтты, содан кейін Қарағанды МАЭС құрылысының коммуналдық бөлімін басқарды.

1939-1940 жылдары Қарағанды қалалық еңбекшілер депутаттары кеңесі төрағасының бірінші орынбасары болды.

1940 жылы Харьков жоғарғы шекара мектебіне оқуға түседі. Сол жылы БК(б)П қатарына қабылданды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қытаймен шекарадағы Жаркент, Зайсан шекара жасақтарында түрлі қызметтерде болды. 1941-1942 жылдары Шығыс Қазақстан төртінші шекара комендатурасы комендантының орынбасары болып еңбектенді. 1942 жылдан бастап ІІХК, аяғында — ІІМ қызмет етті.

1947 жылы шекара қызметінен босаған соң ІІМ Жамбыл басқармасына жіберіліп, аға тергеуші болып жұмыс істеді. 1948 жылдың наурыз айында Шығыс Қазақстан облысының Аблакетка ауылындағы лагерь басшысы болып тағайындалды. Өскемен қаласындағы жеке лагерь мекенінің басшысы, Қазақ КСР ІІМ еңбекпен түзеу лагерлері мен колониялары басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.

1953 жылы КСРО ІІМ басқарушы кадрларды қайта даярлау жоғарғы мектебін, 1958 жылы — Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1960 жылдың қыркүйегінен 1962 жылдың маусымына дейін Орал облыстық ІІБ басшысы болды, одан кейін Қазақ КСР қоғамдық тәртіпті сақтау министрлігі Батыс Қазақстан өлкелік басқармасының басшысы болып тағайындалды.

1964 жылдың желтоқсанынан 1983 жылдың маусымына дейін Шығыс Қазақстан облысы ІІБ басшысы болып қызмет атқарды. Жексенев аймақтағы тәртіпті нығайтып, милиция қызметкерлерінің бірнеше буынын тәрбиелей білді. Милиция генерал-майоры шенімен зейнеткерлікке шықты.

1998 жылы 25 маусымда Өскемен қалалық мәслихатының шешімімен құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайтқаны, жас қызметкерлерді тәрбиелеудегі белсенді қоғамдық жұмысы үшін Өскемен қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.

2005 жылы наурызда дүниеден озды.

Дереккөздер

Санат:Астанада туғандар Санат:Милиция генерал-майорлары (КСРО) Санат:КСРО мемлекеттік қайраткерлері Санат:КСРО милиционерлері Санат:Ұлы Отан соғысындағы ІІХК әскерлерінің әскери қызметкерлері Санат:Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектері Санат:Өскеменнің құрметті азаматтары