Дүйсеке мешіті – Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері Жылыой ауданы Құлсары қаласынан солтүстікке қарай 10 км жерде орналасқан.
Тарихи деректер Тарихи мәліметтерге, сонымен қатар 1957 жылғы темір тақтадағы жазуға сүйенсек, мешіт 1888-1903 жылдары (кейбір мәліметтер бойынша, 1868-1870 жж.) бас имам, ғалым-теолог, ислам уағыздаушысы, таз руының келімбайдан тараған сапы тармағының тумасы, жақын маңайындағы қорымда жерленген Дүйсекенің (Дүйсенбай Дәндіғұлұлы) тапсырысымен халық сәулетшісі Бирман ұста салған. Дүйсеке моласының орналасқан жерін немересі Райхан Нәбиқызы орнатқан жаңа құлпытастағы эпитафия мен өмір сүрген жылдары (1833-1913) көрсетеді. Мешіт кейіннен медресе, сауат ашу мектебі, дүкен және мал қора ретінде де пайдаланылған.
Зерттелуі 1950 жылдары ескерткішті алғаш рет М. Меңдіқұлов анықтайды. 1979 жылы ескерткішті "Қазақ жобалау-қалпына келтіру" институтының экспедициясы (жетекшісі Т. Жансыбеков) зерттейді. 1988 жылы аталған экспедиция (жетекшісі А. Итенов), ал 2004 жылы Батыс Қазақстан кешенді этноархеологиялық экспедициясы (жетекшісі С.Е. Әжіғали) зерттейді. Ескерткіш Батыс Қазақстандағы XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы діни құрылыстардың кең тараған түріне жатады. Интерьерінің шешімі бірегей болып табылады. Архитектуралық-жоспарлық және құрылымдық қатынасы қызығушылық тудырады. Интерьеріндегі архитектуралық бөлшектердің белгілі бір тарихи-этнографиялық маңызы бар. Құрылыс көшпелілердің культтік архитектура генезисі мәселесі жөнінде айтарлықтай бай материалдар береді.
Мешіт сипаты Дүйсеке мешіті қазақтың таз руының ескі қорымының орталық бөлігінде орналасқан. Әдеби деректерге сүйенсек, алғашқыда шикі кірпіштен салынған тікбұрышты жоспардағы монументалдық құрылыс алты сфероконусты күмбезбен жабылғандығы айтылады. Күмбездері күйдірілген кірпіштен жасалған екі үлкен бағана арқылы шыққан жатық сводтарға орнатылған. Ескерткіш қайта қалпына келтірілгеннен кейін де, кіреберіс бөлме мен ғибадат залынан тұратын солтүстік-оңтүстік өс бойынша созылған тікбұрышты ғимарат жоспарын сақтап қалады. Мешітке кіретін негізгі есігі шығыс жағында орналасқан: келуші адам, қарама-қарсы қабырғадағы бір ғана терезеден жарық түсетін кең бөлмеге (вестибюль) кіреді. Солтүстік қабырғасында тағы бір кіретін есік бар, ол шамасы, адам көп жиналған уақытта кіргізуге арналса керек. Сол жақтағы, яғни оңтүстік қабырғадағы екі аркалы есік ғибадат залына алып барады, оның негізгі құрылымдық шешімі бөлменің ішкі кеңістігін екі нефке бөліп тұрған күйдірілген кірпіштен тұрғызылған екі көлемді бағаналар болып табылады. Екі бағана да төртбұрышты жоспарда (2х2 м), тек есікке жақын біреуінің бұрыштары ойылып күрделенген. Осы екі бағана жатық сводтар қабырғасына өзара перпендикулярлы шыққан. Оларға шикі кірпіштен салынған алты күмбез орнатылған. Залда жарты дөңгеленген нобайдағы алты терезе бар; оңтүстік қабырғасындағы оның екеуінің арасына айтарлықтай терең михраб нишасы орналастырылған. Қабырғалары, бағаналары, сводтары мен күмбездерінің беті сыланып, ақталған. Оларға тек есік аркаларының үстіндегі сәл ғана шығыңқы қосарланған сақиналар түріндегі жұқа пластинка мен сводтарының аралығындағы мәнерлі ойықтар белдеуі жан бітіріп тұр. Ақталған интерьерінен қара бояумен орындалған михраб нишасы мен оңтүстік қабырғасындағы терезе үстіндегі араб графикалық жазулары ерекше көзге түседі. Мешіттің екі бөлмесінің де едені қатты тапталған топырақтан тұрады. Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Дереккөздер
Санат:Қазақстан мешіттері Санат:Атырау облысы сәулеті Санат:Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері