Герман империясы (), сондай-ақ Империялық Германия немесе Екінші рейх деп те аталады) — Франк-прусс соғысы нәтижесінде 1871 жылдағы Германияның бірігуімен басталып, 1918 жылы Қараша төңкерісінің нәтижесінде, Республиканың жариялануымен аяқталған Герман рейхінің кезеңі.

Герман империясының құрамына өз ақсүйектері бар 25 мемлекет кірді: төрт құрушы корольдік, алты ұлы герцогтік, бес герцогтік (1876 жылға дейін алты), жеті князьдік, үш еркін ганзей қаласы және бір мпериялық аумақ (өлке). Пруссия империя құрамындағы төрт корольдіктің бірі ғана болғанымен, ол империя халқы мен аумағының шамамен үштен екісін қамтыды. Сондай-ақ Пруссияның үстемдігі конституциялық түрде де бекітілді, өйткені Пруссия королі бір мезгілде Герман императоры () болды.

Империя 1871 жылғы 18 қаңтарда, Аустрия, Швейцария және Лихтенштейннен басқа оңтүстік герман мемлекеттері Солтүстік Герман одағына қосылған кезде құрылды. Жаңа конституция 16 сәуірде күшіне еніп, федеративті мемлекеттің атын Герман империясы деп өзгертті және Гогенцоллерндер әулетінен шыққан Пруссия королі I Вильгельмге Герман императоры титулын берді. Берлин оның астанасы болып қала берді, ал Пруссияның премьер-министрі Отто фон Бисмарк үкімет басшысы — канцлер болды.

Өзінің 47 жылдық өмір сүру тарихында Герман империясы Еуропадағы өнеркәсіптік, технологиялық және ғылыми алпауыт мемлекетке айналды. 1913 жылға қарай Германия континенталды Еуропадағы ең ірі экономика және әлемдегі үшінші орынға ие экономика болды. Герман империясының жаратылыстану ғылымдарындағы жетістігі соншалық, барлық Нобель сыйлықтарының үштен бірі германдық өнертапқыштар мен зерттеушілерге бұйырды. Сонымен қатар Германия ұлы державаға айналып, Еуропадағы ең ұзын теміржол желісін, әлемдегі ең қуатты армияны және қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіптік базаны құрды. 1871 жылы өте кішкентай болып бастағанымен, бір онжылдықтың ішінде оның әскери-теңіз күштері тек Британдық Корольдік флотынан ғана кейінгі екінші орынға шықты.

Отто фон Бисмарк 1871–1890 жылдары Герман империясының бірінші және ең ұзақ қызмет еткен канцлері болды. Оның билік еткен кезеңі бастапқыда салыстырмалы түрде либералды шаралармен және ауқымды реформалармен басталғанымен, біртіндеп консерватизмге қарай ойысты, мұны Католик шіркеуіне қарсы бағытталған «Мәдени күрес» (Kulturkampf) айқын көрсетті. Сыртқы саясатта Бисмарк 1879 жылы Аустрия-Мажарстанмен Қос одаққа қол қойып, Осман империясымен тығыз байланыс орнатты; алғашқысы 1882 жылы Италиямен Үштік одаққа ұласты. Либералдар мен социалистерді «Рейхтің жаулары» деп атағанына қарамастан, ол қазіргі еуропалық әл-ауқат мемлекетінің (welfare state) негізін қалаған пионерлік әлеуметтік бағдарламаларды енгізді. 1880 жылдары Бисмарктың бұрынғы қалаусыздығына қарамастан, Германия отаршылдық жарысқа қосылып, Африкада, Тынық мұхитында және Қытайда аумақтарды иеленді, сондай-ақ Британ және Француз империяларынан кейінгі әлемдегі үшінші ең ірі отаршыл империяны құрды. 1890 жылы Бисмарк қызметтен босатылғаннан кейін, II Вильгельм Бисмарктың күрделі одақ жүйесінен бас тартқан агрессивті және экспансионистік бағыттағы «Әлемдік саясатты» (Weltpolitik) ұстанды, бұл Германияны бара-бара оқшаулануға әкеп соқты. 1914 жылғы Шілде дағдарысы Бірінші дүниежүзілік соғысқа ұласқанда, Италия Үштік одақтан алшақтады, ал Осман империясы Германия жағына шықты. Императордың қарама-қайшы және көбіне болжауға келмейтін шешімдері соғыстың басталуына түрткі болған шиеленістердің өршуіне өз үлесін қосты.

Бірінші дүниежүзілік соғыста Германияның Парижді тез арада басып алу жоспары сәтсіз аяқталды, ал Батыс майдандағы соғыс тығырыққа тірелді. Одақтастардың әскери-теңіз блокадасы азық-түлік пен қажетті тауарлардың қатты тапшылығын тудырды. Дегенмен, Империялық Германия Шығыс майданда сәттілікке жетті; Брест келісімінен кейін ол шығыс бағыттағы үлкен аумақтарды басып алды. 1917 жылдың басында Германияның шектеусіз сүңгуір қайық соғысы туралы мәлімдеуі Америка Құрама Штаттарының соғысқа кіруіне түрткі болды. 1918 жылдың қазан айында сәтсіз аяқталған Көктемгі шабуылдан кейін Германия әскерлері шегініске түсті, оның одақтастары Аустрия-Мажарстан мен Осман империясы құлады, ал Болгария тізе бүкті. 1918 жылғы Қараша революциясы кезінде II Вильгельм тақтан бас тартып, империя құлады, соның салдарынан соғыстан кейінгі федеративті республикаға күйзелген халықты басқару міндеті қалды. Версаль бітім шарты соғыстан кейінгі контрибуция шығындарын 132 миллиард алтын марка көлемінде жүктеді (2019 жылғы есеппен шамамен 269 миллиард АҚШ доллары немесе 240 миллиард еуро, немесе 1921 жылғы баламамен шамамен 32 миллиард АҚШ доллары), сондай-ақ армияны 100 000 адаммен шектеп, әскери міндеткерлікке, сауықтырылған көліктерге, сүңгуір қайықтарға, ұшақтарға және алтыдан артық броненосецтерге тыйым салды. Кейіннен Ұлы тоқырау ушықтырған экономикалық күйреу, сондай-ақ герман халқы бастан кешірген қорлау мен ашу-ыза Адольф Гитлер мен нацизмнің билікке келуіне түрткі болған басты факторлар болып саналады.

Германияның отарлары

Тоголенд — XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басынан бастап Гананың бір бөлігімен бірге германдық отар болды. Герман Камеруны — XIX ғасырдың соңынан бастап Германияның протектораты. Герман Шығыс Африкасы (Deutsch-Ostafrika) — Танзанияның құрлықтағы бөлігі (Танганьика), Руанда және Бурунди. Танганьика (Танзанияның құрлықтағы бөлігі). 1880 жылдардан бастап Германия билігі астында болды. Бурунди. Отарлауға дейін — Бурундия. 1903 жылдан бастап (Руанда-Урунди құрамында) Герман Шығыс Африкасы отарына қосылды. Руанда. XIX ғасырдың соңында Германия басып алып, (Руанда-Урунди құрамында) Герман Шығыс Африкасы отарына қосты. Герман Оңтүстік-Батыс Африкасы — Намибия (Deutsch-Südwestafrika). 1884 жылдан бастап Герман Оңтүстік-Батыс Африкасы герман протектораты болды. Цзяочжоу шығанағы — Шаньдун түбегіндегі Циндао портымен бірге 1897 жылы басып алынып, кейін Қытай үкіметінен 99 жылға «жалға алынды». Герман Жаңа Гвинеясы (Deutsch-Neuguinea) Жаңа Гвинея. 1880 жылдардың ортасынан бастап аралдың солтүстік-шығыс бөлігін Германия отарлады. Науру. 1888 жылдан бастап Жаңа Гвинея герман протекторатының бөлігі. Палау. 1899 жылдан бастап герман отары. Мариан аралдарын Испания 1889 жылы Германияға сатты. Маршалл аралдары 1885 жылы басып алынды. 1886 жылдан бастап герман протектораты болды. Каролин аралдары да Испаниядан сатып алынды. Герман Самоасы (Deutsch-Samoa). XIX ғасырдың соңында Германия басып алды.

Әрбір отардың басында император губернаторлары () тұрды, ал отарлардың әрқайсысы императорлық бецирксамтмандар () басқаратын округтерге бөлінді.

Конституциясы Империя федеративті парламенттік конституциялық монархия болды. Федералдық кеңес (Бундесрат) ең жоғарғы билігі болды. Императорлық рейхстаг (Рейхстаг) Парламент ретінде қызмет еткен жалпыға бірдей ерлер дауысы бойынша сайланған заң шығарушы орган болды. Ол заң жобаларын ұсынуға және бундесраттың келісімімен жыл сайын мемлекеттік бюджет пен әскери бюджетті бекітуге құқылы болды.

Дереккөздер

Санат:Германия тарихындағы мемлекеттер Санат:1871 жылы құрылған мемлекеттер мен аумақтар Санат:Конституциялық монархиялар Санат:Германия тарихы