Сумен қамтамасыз ету гигиенасы — сумен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен техникалық қондырғылар жиынтығы жататын коммуналдық гигиена бағыты.

Суды тұтыну Су тұтыну – тұрғындардың, ауыл шаруашылығының, өндірістің, көліктің қажеттілігін қанағаттандыру үшін су нысандарын пайдалану. Су тұтыну: жалпы су тұтыну, яғни қондырғылар мен техникалық құрылымдарды пайдаланбай қолдану және арнайы қондырғыларды қолданып су тұтыну деп бөлінеді.

Су тұтынудың екі санаты бар: бірінші санатына су нысандарын шаруашылық ауыз сумен қамтамасыз ететін су көзі ретінде және тамақ өнеркәсіптерін сумен жабдықтау үшін пайдалану жатады; екінші санатына — су нысандарын тұрғындардың мәдени-тұрмыстық мақсатында, дем алуға, спортта және рекреация мақсатында пайдалану жатады.

Суды тұтыну түрлері: Қайтарылатын, яғни пайдаланылған су жер бетіндегі немесе жер астындағы ағыспен су торабтарына қайтарылады. Қайтарылмайтын, ауыл шаруашылығының кажеттілігіне пайдаланатын, негізінен егістікті суғаруға шамамен судың 80 % қайтарылмай жұмсалады (булану нәтижесінде). Соңғы жылдары өндірістік сумен қамтамасыз етуде қайтарылымды жүйе кең қолданылуда.

Елді мекендерде суды пайдалану мақсаттары: Тұрғын үйлердегі тұрғындардың ауыз суына, шаруашылық және тұрмыстық қажеттілігіне. Қоғамдық, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-ағарту, балалар мен емдеу-профилактикалық мекемелерінің, тамақ өнеркәсібінің, қоғамдық тамақтандыру орны мен сауда орындарының кажеттілігі үшін. Көшелерді жуу мен көк-жасыл желектерді суғару үшін. Өнеркәсіптердегі жұмысшылардың ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық қажеттілігі үшін. Өрт сөндіру үшін. Уақыт аралығында немесе өнімнің өлшем бірлігіне берілетін су көлемін меншікті су тұтыну деп атайды.

Сыртқы тораптар мен ғимараттар құжаты бойынша тұрғын үй құрылыс аудандарында бір адамға шаруашылық-ауыз суын тұтынудың бекітілген нормасы: Ішкі су тарату құбырлары және канализациясы бар, бірақ ваннасы жоқ үйлерде бір адамға шаққанда тәулігіне 125-160 л. Ваннасы және жергілікті су қыздыратын қондырғысы бар үйлерде бір адамға шаққанда тәулігіне 160-230 л. Орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етілген үйлерде бір адамға шаққанда тәулігіне 230-350 л. Сыртқы су тарату колонкаларынан су алатын үйлер үшін бір адамға шаққанда тәулігіне 30-50 л. Бұл нормалардың демалыс үйлеріне, санаториялық-туристік кешендерге, балалар лагерьлеріне қатысы жоқ. Нормада көрсетілген аралықтардағы су тұтыну деңгейін тандау үйлердің қабаттылығына, орналасу дәрежесіне, климатқа және жергілікті жағдайларға байланысты. Халқы 1 миллионнан асатын қалаларға Мемлекеттік бақылау мекемелерінің келісімімен су тұтыну деңгейін арттыруға болады. Су тұтынудың біркелкі еместігі халықты сумен қамтамасыз етуде үзілістер болдырмау үшін, сумен қамтамасыз етуді жобалау кезінде ескерілуі қажет.

Өндіріс нысандарында судың шаруашылық-ауыз су қажеттілігі мен душты пайдаланудағы шығыны сәйкес құжаттардың талаптарымен анықталады: 1м³/сағатта 20 ккал-дан артық жылу шығаратын цехтар үшін бір адамға шаққанда жұмыс кезіндегі су тұтыну нормасы — 45 л, біркелкілік емес коэффициенті - 2,5. Басқа цехтар үшін — 25 л, біркелкілік емес коэффициенті — 3. Душтың бір торына арналған су шығыны - сағатына 500 л. Душты пайдалану уақыты жұмыс кезегі біткеннен кейін 45 минутқа созылады. Елді мекендерді және өнеркәсіптерді суландыруға кететін су шығыны, сол аймақтағы жер бетінің жабынды түріне және суландыру әдісіне, климат жағдайына, көк-жасыл желектердің түрлеріне байланысты. Суландыру тәулігіне 2 рет жүргізіледі, су шығыны 1 шаршы метрге 0,3-15 л келеді. Қажетті мәліметтер жоқ кезінде 1 адамға есептегенде жер суландыруға кететін орташа тәуліктік шығын 50—90 л-ге дейін жетеді.

Елді мекендерде өртке қарсы пайдаланылатын су құбырлары қарастырылуы қажет, олар заңды түрде шаруашылық-ауыз сумен не өндірістік орындардың су құбырларымен бірге болады.

Сумен қамтамасыз етудің түрлері мен жүйелері Суды тарату әдісіне байланысты сумен қамтамасыз етуді 2 түрге бөледі: Жергілікті (орталықтандырылмаған) — суды тарату құбырларының жүйесінсіз, тікелей су көздерінен (құдықтан, суаттардан) алынады. Орталықтандырылған — су көздерінен суды механикалық жолмен алып, қүбыр тораптары арқылы тұтыну орындарына (су құбырына) жеткізеді. Су құбыры деп — су тұтынушыларды белгілі сападағы сумен қамтамасыз ету үшін су алу орнын, су құбыры насостық стансаны, су тазарту немесе су дайындайтын стансасын, су тасымалдау торабы мен резервуарларды қамтитын құрылымдар кешенін айтады. Бірнеше елді мекендерге су беретін су құбырын топтық су құбыры деп атайды.

Шаруашылық–ауыз су және мәдени-тұрмыстық мақсаттан басқа суды ауыл шаруашылығының және өндіріс орындарының мұқтаждығына, сондай-ақ басқа да мақсатта пайдаланады: Ауыз суға – бактериологиялық, органолептикалық және улы химиялық заттардың көрсеткіштері ауыз суымен қамтамасыз ету мақсатындағы деңгейге сәйкес келетін сулар жатады. Техникалық суға – ауыз судан, минералды және өндірістік сулардан басқа, халық шаруашылығына пайдалануға жарамды сулар жатады. Жылу энергетикалық суға – термальді су, халық шаруашылғының кез келген саласында қолданылатын жылу энергетикалық ресурстар жатады. Өндірістік суға – компоненттік құрамы мен ресурстарын өндірістік масштабта сол компоненттерді бөліп алуға жеткілікті су жатады. Минералды суға – компоненттік құрамы жағынан емдеу мақсатының талабына сай келетін су жатады.

Негізгі су тұтынушылардың су пайдалану деңгейіне байланысты сумен қамтамасыз ету жүйелері: Біріккен жүйе – барлық тұтынушыларды сапасы жағынан ішуге жарайтын сумен қамтамасыз етеді. Бұл жүйе өндіріске тек ішер су керек болған кезде не аздаған су мөлшері керек болған жағдайларда ғана тиімді. Бұл жүйе қарапайым, қаржы шығыны аз кетеді. Толық жекеленбеген жүйе – егер өндіріске сапасы жағынан ішуге жарайтын су керек болмаса, онда суды тазартуға кететін шығын ақталмайды. Жекеленген жүйе – ауыз суы үшін, өндіріс үшін, жерді суландыру үшін, өртке қарсы мақсаттарда жеке-жеке сумен қамтамасыз ету жүйелері болады. Бұл жүйе сирек кездеседі. Жүйе түрлерін тандау көрсеткіштері: меншікті су тұтыну деңгейі; пайдалануға қажетті судың сапасы; су көзіндегі судың сапасы; су көзіндегі судың көлемі.

Су құбырының тарату жүйесі Сақтық және күнделікті санитарлық бақылау кезінде су құбырының тарату жүйесіне айрықша көңіл аударған жөн. Тарату торабына түскен суды ұйымдастырылған түрде тазартуға және залалсыздандыруға мүмкіншілік болмайды. Тарату торабы орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесіндегі судың екінші рет ластанатын ең осал жері болып табылады. Су құбырының тарату жүйесіне: Елді мекен аймағындағы жер астындағы құбырлар торабы. Су қысымды резервуарлар. Су алу қондырғылары (сыртқы және үй ішіндегі) жатады. Тарату жүйесін жобалау және салу кезінде қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптар: Суды халық тұтынатын нүктелеріне үзіліссіз беріп отыру. Судың барлық жүретін жолдарында ластануын болдырмау. Су құбырын тарату торабының түрлері: Айналмалы тораптар. Тұйықталған тораптар. thumb|left|250px|Су құбыры торабының пішіні: а) айналмалы; б) тұйықталған. Гигиеналық тұрғыдан алғанда айналмалы жүйенің артықшылығы бар. Бұл жүйе сумен үзіліссіз қамтамасыз етеді, іс жүзінде жекелеген апаттарға сезімтал емес. Тұйықталған тораптағы апат кезінде тұтынушылардың едәуір бөлігіне су берілуі тоқталады. Айналмалы торапта құбырлар судың үзіліссіз ағынымен жуылып отырады, ал тұйықталған торапта су тоқтап қалып микробтардың көбеюіне ықпал жасайды. Сондықтан да қалаларда тұйықталған тораптарды қолданбайды.

Тұйықталған тораптың рұқсат етілу жағдайлары: өндірістік қажеттілік үшін апат жағдайында сумен қамтамасыз етуде үзіліс қажет болатын кездерде; құбыр диаметрі 100 мм-ден кіші болмаса шаруашылық-ауыз судың қажеттілігіне; өрт сөндіру үшін торап ұзындығы 200 м-ден аспаған кезде. Жаңа су тасымалдау құбырлары айналмалы торапқа қосылуы, ал ескі тұйық тораптарды айналмалы торапқа айналдыру қажет. Суды тарату жүйесіне: су жүргізетін құбырлардан су тұтынатын аудандарға дейін су жеткізетін тораптар; су тұтыну аудандарындағы су бөлетін құбырлар торабы кіреді.

Су бөлетін құбырлар торабы: транзиттік немесе магистральды тораптар (тораптың жеке учаскелерінде судың негізгі жүретін торабы). тарату тораптарынан суды ең жақын учаскелерге бөлу үшін қажетті торап. Су алатын колонкалардың ең шеткі су алу қондырғысына дейінгі радиусы 100 м-ден аспауы қажет.

Су тарату торабына қойылатын негізгі гигиеналық талаптар: оның ұзына бойына, құбыр ішіне сыртқы бөгде заттардың түспеуі қажет; су тартатын құбырлардың беріктігі; саңлаусыз болуы; ішкі бетінің тегістігі; топырақ пен судың агрессивтік қасиеттеріне қарсылығы жоғары болуы қажет. Шаруашылық-ауыз суды тарату үшін әр түрлі материалдардан жасалған құбырлар қолданылады: шойын, болат, темір-бетон, кейбір жағдайларда ағаш, пластмасса, шыны. Құбыр материалдарын таңдау түсірілетін қысымның мөлшеріне, топырақтың сипатына, құбырларды орнату әдістеріне байланысты. Көп елдерде көбіне шойыннан жасалған құбырлар қолданылады. Бұл құбырлар 10 атм-ға дейінгі қысымға шыдайды.

100 атм-ға дейінгі қысымға шыдайтын су құбырларын қолдану орындары: су құбырларын темір жол, автомобиль жолдарының астынан және су бөгеттерінен (тосқауылдарынан), аңғарларынан өткізу үшін; су құбырларын жол кемерінің, қала көпірлерінің, тоннельдердің бойымен салу кезінде; су құбырлары мен канализация тораптарының қиылысқан жерлерінде. Су тарату құбырларын орналастыру тереңдігі жердің тоң басатын қабатынан 0,5 м төмен жатуы қажет. Болат құбырларды пайдаланған кезде оны коррозиядан сақтау шарасы қарастырылады. Ол үшін Денсаулық сақтау Министрлігінің талабына сай келетін коррозияға қарсы құбыр жабындылары қолданылады. Соңғы жылдары бетон, темір-бетон, асбест-цемент құбырлар кеңінен қолданылып жүр, олар коррозияға төзімді, әрі пайдалану мерізімі ұзақ, бірақ өте нәзік.

Қысымды су тарату құбырлары және тораптары үшін металл емес құбырларды қолданған жөн. Шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пластмассалық құбырларды пайдалануға р9қсат етілген, бірақ көптеген пластмассалар майды ерітетін заттарға сезімтал келеді. Судың органолептикалық қасиеттеріне әсер етеді. Өзара бір-бірімен жалғау әдісі бойынша құбырлар раструбтік және фланцтілік болып бөлінеді. Ең жақсы герметикалық қасиетке раструбтік құбырлар ие, ал фланцтілік құбырлар тек елді мекен ішінде немесе тоннельдерде қолданылады. Ауыз суды тарататын құбырлар канализация тораптарын кесіп өтетін жағдайларда, оларды канализация тораптарынан жоғары (0,4 м-ден кем емес) орналастырады.

Ыстық сумен қамтамасыз ету жүйесі Ыстық сумен қамтамасыз етудің екі жүйесі бар: жабық және ашық. Жабық жүйесі шаруашылық-ауыз су құбырларымен келетін суды ысыту арқылы жүргізіледі. Оны ысыту жылу электр стансасы немесе бу қазандарынан келетін жылу тасушы сумен, арнайы коммуналдық ысытқыш-бойлерлерде жүргізіледі. Әдетте бойлерлерді елді мекендердің өздерінде не жылыту орындарында орналастырады. Ыстық сумен қамтамасыз етудің ашық жүйесі орталықтандырылған жылыту жүйесімен бірге жүргізіледі. Бұл жағдайда жылу тасушы су жылу электр стансасынан немесе бу қазандарынан жылыту торабына және ыстық сумен қамтамасыз ету жүйесіне бір уақытта түседі. Ысытуға су шаруашылық-ауыз суы құбырларынан беріледі немесе алдын-ала өңдеуден өткізген су көздерінің суынан беріледі.

Ыстық сумен жабдықтаудың жабық және ашық жүйелеріндегі судың сапасы ауыз су талаптарына сәйкес болуы қажет. Бірақ ашық жүйеде су химиялық және бактериялық құрамы жағынан тез нашарлап отырады. Жылыту жүйесіндегі су бақылауға жатпайды, оның суының ластануы жөндеу жүмыстары кезінде өте жоғары. Бұған жылытуды жыл мезгіліне байланысты қосу да ықпал етеді. Сондықтан, ашық жүйелер өте сирек, мәжбүр жағдайда санитарлық–эпидемиологиялық қызметтің мекемелерімен келіскеннен кейін ғана рұқсат етілуі қажет. Ауыз су жеткіліксіз кезінде ыстық суды ішуге пайдаланған жағдайлар белгілі. Бірақ оның коррозиялық белсенділігіне байланысты сапасы едәуір нашар.