Ырғызбай ата кесенесі – Абай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ХIХ ғасыр ортасындағы сәулет ескерткіші.
Орналасқан жері Ақсуат ауданы, Ақсуат ауылынан Кіндікті ауылына баратын жолдың бойынан солтүстікке қарай 5 км жерде, Күмісті бастауының қасында, Тарбағатай тауының теріскей бетіндегі бұйратты құба белде орналасқан.
Тарихи деректер Ырғызбай Досқанаұлы (1787-1850 ж.ж.) – атақты емші, сынықшы, дәрілік шөптермен емдеген, тамыр ұстау арқылы ауруды тауып, ол үшін ақы алмаған. Құнанбай қатты ауырғанда, оны емдеп, жазған. Құнанбай емшіге құлынды бие сыйлап: "Егер Алла осы биені бұйыртса, ешқашан таршылық көрмейсің" деген сөздерді айтқан және оның айтқаны орындалған. Ел ішіндегі ақпараттарға қарағанда Ырғызбай Досқанаұлы қайтыс боларын сезіп: "топырақ маған осы жерден бұйырған. Менің сүйегімді Кіндіктіге апармаңдар, анау тұрған құба белге жерлейсіңдер" деп, қазір өзі жатқан жотаны көрсетеді. "Мені сандықша бейітке қоясыңдар. Басыма зират үйін тұрғызбаңдар. Зират үйін тұрғызу келешек ұрпақтың міндеті" деп өсиет еткен екен. Ырғызбай ата XX ғасырдың басында Шыныбай Жәнібекұлы деген ақсақалдың түсіне кіріп: "менің басым жалаңаш жатыр ғой" деп аян береді. Шыныбай ақсақал тастан қалап Ырғызбай атаның басын көтереді. Одан кейін Ырғызбай Досқанаұлының басына құлпытасты 1975 жылы Тағабаев Құнанбай ақсақал өз қолымен қояды. Бұл кесененің басындағы барлық іс-шаралар мен тазалыққа 2001 жылдан бері Тағабаев Болат Құнанбайұлы басшылық жасап келеді.
Қайта жаңғырту жұмыстары Ырғызбай Досқанаұлының кесенесі мен оған зиярат жасап келушілерге арналған үйдің іргетасы 1990 жылы 7 қазан күні қойылып, 14 қазан күні басталып, 22 қазан күні аяқталған. Ол кезде кесене силикат кірпішпен қапталған. Силикат кірпіштің жарамдылық уақыты өте қысқа болғандықтан кесененің іргесі жаңбыр мен желдің әсерінен мүжіліп тоза бастаған. Кесенеге қазақ халқына сыйлы Сабуровтар әулеті атынан және алаштың ардақты ұлы Бәделхан Камалханұлы тарапынан 2014 жылы қайта жаңғыртылу жұмыстары жүргізілді. Бәделхан Камалханұлы идея авторы бола тұрып, осы жобаны өзі тікелей іске асырды. Барлық материалдарға Сабуровтар әулеті басшылық ететін "Ағзам" асыл тұқымды жылқы зауыты демеушілік жасады. Ескерткіштің негізгі материалдары болып тұрған қызыл және жасыл гранит тастар 1100 шақырым болатын Баянауыл жерінен тасылып әкелінді.
Кесене сипаты Кесене Сырдария сағасындағы маңдай беттегі кіре берісте екі ойығы бар екі камералы ескерткіштердің дәстүріне жатады. Ескерткіш жоспары жағынан 6,5х6,4 м болатын тік төртбұрышты қызыл гранит тастардан өңделіп соғылған. Құрылыс материалдары ретіндегі тастар Баянауыл жерінен тасылып әкелінген. Кесене порталды-күмбезді, екі камералы, болып келеді. Кесененің бұрыштары әлемнің төрт бұрышына қарай бағытталған. Жерлеу камерасына кіреберіс оңтүстік қабырғаның ортасына қойылған. Осы дәлізден жерлеу камерасына кіретін есіктің батыс және шығыс қабырғаларында пішіндері үшбұрышты терезелер жасалған. Кіреберіс бөлменің қабырғасы 2,8 х2,0 м, тас сандықшаның өлшемдері 3х1,2 м. Қызыл мрамордан жасалған "Әулие Ырғызбай" деген жазуы бар қасбеттің биіктігі 3,4 м. Қабырғасының биіктігі 3 м, ал алдыңғы екі мұнараның биіктіктері 3,7 м, артқы екі мұнараның биіктіктері 2,4 м. Кесененің күмбезінің төбесінде орналасқан "аймен" бірге қосқандағы жалпы биіктігі 9,2 м. Кесене әшекейлі тас қалауымен безендірілген. Төменгі жағы таған ретінде жасыл түсті граниттан жасалған. Өз кезегінде осы палитра ескерткішке керемет өң береді. Күмбездің жоғарғы жағында жарық түсіп, ауа алмасу үшін жасалған төрт саңылау бар. Кесененің шығыс жағында төрт адамға арналған жатын бөлме, сондай-ақ Тарпаңбай ұлы Лензаттың зираты мен тағы оншақты адамның тас қабірлерінің орындары бар.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Әдебиеттер Ақтайлақ би. – Алматы: Творч. «Журналист» фотостудиясы, 1991. – 69 б. Ырғызбай-ата // Аксуат арайы (газ.), 1990, 9 қазан. Сапар Өзбек ұлы. Мұра. – Алматы: Қайнар, 1992. – 125 б.
Дереккөздер
Санат:Абай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан кесенелері Санат:Абай облысы