Көзілдірікті жылан — аспидтер тұқымдасының бір туысы. Ұзындығы 4,5 м-ге дейін жетеді. Африка мен Оңтүстік Азияда тараған 6 түрі бар. Көзілдірікті жыландардың көбірек тараған түрі "Үнді көзілдірікті" жыланы. Мұның ұзындығы 160-180 см. Көзі үлкен емес, қарашығы дөңгелек, жоғарғы жақ сүйегінде екі улы тісі болады. Түсі сарғылт сұр, қоңыр кейде қара. Қауіп төнгенде денесінің алдыңғы жағын тік көтеріп, басын жауына қарай иіп, 8 жұп мойын қабырғасын екі жағына жазады. Бұл кезде мойыны жалпақтанып, кеңейіп, мойын терісінің сырт жағында көзілдірік тәрізді дақтар пайда болады. ССР-де Үнді Көзілдірікті жыланның түр тармағы — Орта Азиялық Көзілдірікті жылан Түрікмен ССР-нің оңтүстік-батысында таралған. Ұзындығы 175 см-ге дейін жетеді. Бұл жылан осы аймақтарда тау етектерін мекендеп, 1500 м биіктікте кездеседі. Көзілдірікті жылан әсіресе көктемде қауіпті, ол күндіз кездеседі. Жемі-жасыл құрбақа, көл бақа, кесіртке, ұсақ құстар. Шілдеде ұзындығы 35 мм-дей 8-12 жұмыртқа салады. Одан қыркүйекте 30 см-дей жас Көзілдірікті жылан шығады. Көзілдірікті жыланның уы өте күшті болғанмен, бұл адамға аса қауіпті жылан емес, өйткені ол гюрза, сұр жылан т.б. сияқты бірден шақпайды, әуелі айбат шегеді.

Үндістандағы жылан үйретушілер кобраның «биін» көрсететін қойылымдарында осыны қолданады. Жылан үйретуші сыбызғысын (немесе үрмелі аспабын) қозғалту арқылы кобраны құмырадан, қаптан немесе себеттен сыртқа шығарады. Сырттай қарағанда кобра әуеннің ырғағымен билеп тұрғандай әсер қалдырады. Алайда шын мәнінде музыканың оған ешқандай қатысы жоқ — жылан тек сыбызғының қозғалысын бақылап, соны қайталайды. Сондықтан оның билеп тұрғандай көрінуі — жай ғана көзбояушылық.

Санат:Жыландар