Арыстан () – жыртқыш сүтқоректілер түрінің мысық тектес тұқымының (Felidae) қатарына кіретін, үлкен мысықтар тұқым тармағына (Pantherinae) жататын төрт пантер (Panthera) тұқымының бірі. Жолбарыспен қатар қазіргі мысық тектес аңдардың ең ірісі және кейбір еркектерінің салмағы 250кг-нан асады. Арыстанның ең ірі түрі жолбарыстың ең ірі түрінен үлкен не кіші деп нақты айту қиын. Амур жолбарысының салмағы өте үлкен екендігі де нақты емес. Ең ірі арыстан түрі(мысалы барбариялық) туралы мәлімет тарихта және ғылымда жоқ. Ал қолда өскен арыстанды алатын болсақ,олар әртүрлі тұқым түрлерімен жиі шағылысып жатады. Қолда өскен арыстан жолбарыстан өлшемі мен салмағы жағынан ірілеу болады деген пікір бар, алайда бұл ғылыми дәлелденген факт емес.

Арыстанның тарихи мекен ету аймағы қазіргіден әлдеқайда кеңірек болған: ерте орта ғасырда арыстан Африканың шөлді далалары мен тропикалық ормандарынан басқа барлық жерінде бар еді, сонымен қоса Таяу Шығыс, Иран, тіпті кейбір Оңтүстік Еуропада (мысалы, қазіргі Ресейдің оңтүстігінде, 45-інші солтүстік параллель бойымен көтеріле бере, мекен еткен) да кездесетін. Солтүстік және Солтүстік-Батыс Үндістанда арыстан әдеттегі жыртқыш болатұғын. Алайда адамдардың арыстанның артына түсуі және мекен ету аймағының құртылуы арыстандардың Африкада, тек Сахараның Оңтүстігі тарапында ғана сақталуына әкеліп соқты, қазір олардың мекен ету аймағы қатты қысқарды. Азияда кішкене популяция (бірлестік) Гир орманында ғана бар (Үндістанның Гужарат штатында).

Кейінгі плейстоценге дейін, шамамен 10 000 жыл бұрын, арыстан сүтқоректілер ішінде саны бойынша жер бетінде адамдардан кейінгі екінші орынды алатын. Олардың қазба қалдықтары Африканың көп бөлігінде, Еуразия территориясында, Батыс Еуропадан Үндістанға дейін және Солтүстік Америкада Юконнан Перуге дейінгі аймақтарда табылған. Үңгір жазуларымен танымал еуропалық үңгір арыстаны қазіргі арыстанның тұқымдас түрі болса керек.

Арыстанның сыртқы көрінісі әртүрлі. Олар жыныстық диформизм анық байқалатын сирек жыртқыштардың бірі. Еркектері ұрғашыларынан үлкен болып қана қоймай, сонымен қатар кейбір тұқымдарда едәуір дамып, иықтарын, арқасының кейбір жерлерін және кеудесін жауып тұратын жалдары да болады. Түсінде сары-сұр түстердің түрлі реңктері болады, жалы әдетте терімен бір түстес болады, бірақ қанық тіпті қара да болуы мүмкін. Арыстанның түрлері көп жағдайда жалының түсімен анықталады. Жалынан басқа, денесіндегі жүні қысқа болады, тек құйрығының ұшында бір шоқ ұзын жүн болады.

Арыстан әдетте саваннаны мекендейді, бірақ кейде бұталы-ағашты аймаққа немесе орманға да өтуі мүмкін. Басқа мысық тектес аңдармен салыстырғанда арыстандар жеке-жеке емес ерекше топтарда – прайдтарда өмір сүреді. Прайд әдетте туыстас ұрғашылардан, бірнеше ірі аталықтар мен жас күшіктерден тұрады. Ұрғашылары бірігіп азық іздейді, көбіне ірі тұяқты аңдарға шабуыл жасайды. Арыстандар адамдарға әдейі шабуылдамайды, бірақ ондай жағдайлар да көп кездеседі. Арыстандар ерекше мықты жыртқыш, яғни азық тізбегі жоғары деңгейді алады.

Табиғатта арыстан он-он төрт жыл арасында өмір сүреді, қолда өссе жиырма жылдан астам өмір сүру мүмкіндігі бар. Әдетте еркектерінің он жылдан астам уақыт өмір сүруі сирек кездеседі. Басқа арыстандармен арпалыстары өмір ұзақтықтарын қатты төмендетеді.

Арыстандар популяция санының қайта қалпына келмейтіндей қысқаруынан қауіпке ұшырау мүмкіндігі көп түрлерге жатады. Соңғы екі онжылдықта Африкадағы арыстан саны 30-50%-ға қысқарды. Арыстанның популяциясы әсіресе қорғалатын территориялардан тыс жерлерде қауіпке ұшырау мүмкіндігі көп болып келеді. Санының азаюының себебі толық зерттелмеген, алайда ең ірі қауіптеріне мекен ету аймағының жоғалуы мен адамдар тарапынан браконьерлік жатады. Арыстандар сонау Рим империясының кезінен торда ұсталған,ал XVIII ғасыр соңынан бастап зообақтардағы негізгі аңдарға айналды. Бүкіл әлемнің зообақтары жоғалып бара жатқан азиаттық түрін барлау бағдарламасына қатысады.

Арыстандар адам мәдениетінде басты рөлдердің бірін алады. Бұл аңдардың суреттері палеолиттен бері атақты, оған Ласко және Шове үңгірлеріндегі қабырға жазулары дәлел. Арыстан антикалық кезеңде және Орта ғасырда танымал болған, олар өз орындарын мүсін өнері, сурет өнері, ұлттық туларда, елтаңбаларда, әдебиетте және фильмдерден тапты.

Этимологиясы Көптеген роман және латын тілдес елдерде арыстан атауы латын тілідегі “leo” немесе көне грек тіліндегі “λέων” сөзінен шыққан. Алғаш болып арыстан туралы ғылыми сипаттама швед ғалымы Карл Линнеяның “Systema naturae” атты жұмысында жариялады. Өз зерттеу жұмысында автор жыртқыш аңды «Felis Лео» ретінде қарастырды. Panthera тектес ғылыми атауы ежелгі грек тілінен “ πάνθηρ”, ал бұл сөздің түп тамыры шығыс тілінен, нақтырақ айтқанда көне үнді тіліндегі жолбарыс сөзінен, “ पुण्डरीकः” бастау адады.

Систематикасы және Эволюциясы Арыстан жыртқыш сүтқоректілер түрінің мысық тектес тұқым (Felidae) қатарына кіретін төрт пантер (Panthera) тұқымының бірі. Бұл топқа арыстанмен қоса жолбарыс, теңбілшер (ягуар) және де барыс (леопард) жатады. Тарихи деректерге сүйенсек, арыстан бастапқыда, нақтырақ айтақанда 800 000 – 1 млн жыл бұрын, Африканы мекен еткен. Уақыт өте, Голарктиа аумағына толықтай тараған. Тарихшылар қазба жұмыстарының нәтежесінде Еуропада, Италия қаласы Изерния маңында Пантера лео фоссилис түріне жататын жыртқыш аң сүйектері табылған болатын. Ғалымдар бұл жыртқыш шамамен 700 000 жыл бұрын өмір сүрген деген тұжырымға тоқтады. Шамамен осыдан 300 000 бұрын Еуропаның барлық аумағында және Сібірде өте ірі үңгір арыстаны өмір сүрген. Чукотка мен Алясканың байланыстыратын жоғарғы Плейстоценде арқылы арыстандар Солтүстік және Оңтүстік Америка аумағына да тараған. Осылайша америкалық арыстан (Panthera Leo atrox) қалыптасты. Алайда шамамен 10 000 жыл бұрын арыстаның бұл түрі соңғы мұз басу кезінде жойылып кетті.

Түрлері Бұрынғы дәстүрлі классификацияға байланысты арыстандарды 12 түрге бөліп қарастыруға болады. Олардың ішінде ең үлкені барбариялық арыстан болады. Дәстүрлі классификацияға байланысты жануарлардың негізгі ерекшеліктері: олардың дене бітімі мен жал бейнесінде деп саналады. Алайда бұл сипаттамаларға байланысты айтарлық айырмашылықтар ерекшеленбегендіктен және арыстанның әр түрінің мекен ету аймағына байланысты өзгермелілігін ескере отырып, соңғы уақытта кейбір ғалымдар, дәстүрлі классификацияның жарты бөлігін жарамсыз деп санайды. Сол себепті, қазіргі уақытта арыстандарды тек сегіз түрге бөліп қарастыру қалыптасқан. Ескере кететін мәселе, олардың ішінде Сары арыстан (Panthera leo melanochaita) есепке алынбаған. Африкада өмір сүретін арыстандардың митохронды өзгерісі өте төмен болуына байланысты, Сахараның оңтүстік аумағын мекен ететін арыстандар бір түр болып табылады. Ал Кенияның шығыс бөлігіндегі, Цаво аймағындағы арыстандары генетикалық ұқсастықтарға қарай, Кенияның батыс аумағындағы арыстандарға қарағанда, Трансвааля арыстандарына жақын болып келеді.

Қазіргі заманғы Қазіргі уақытта (Голоценовая дәуірі) арыстанның 8 түрлі түрі қарастырылады: Panthera Leo persica - азиялық, парсы немесе үнді арыстаны. Бұрын ол бүкіл Түркия, Оңтүстік-Батыс Азия, Пәкістан, Үндістан және Бангладеште таралған болатын. Олардың мекен аумағы ыңғайлығына, көп таралуы және арыстанның қымбат бағалылығы браконьерлер үшін оларды оңай нысанаға айналдырды. Осының салдарынан жыртқыштың бұл түрі тек Үндістан елінде, Гир орманында сақталған. Соңғы деректерге сүйенсек, қазігі уақытта арыстанның бұл түрінен шамамен 300 қалды. Panthera Leo Leo – бербериялық арыстан. Шамадан тыс аң аулау салдарынан, жабайы табиғаттан жоғалған. Дегенмен кейбір араларында аман қалғандарда бар болуы әбден мүмкін. Олар арыстантардың ішіндегі ең үлкен түрілерінің бірі – ер арыстанның дене ұзындығы 3-3.3 м дейін жетеді, ал салмағы - 200 кг асады. Бербериялық арыстандар Мароккодан Египетке дейінгі аумақта таралған болатын. Соңғы жабайы бербериялық арыстан 1922 жылы Мороккода атып алынған. Panthera Leo senegalensis - Сенегал немесе Батыс Африкалық арыстан. Батыс Африка аумағында, Сенегалдан Нигерия дейінгі аралықта тараған. Panthera Leo azandica – Солтүстік Конго арыстаны. Конго Демократиялық Республикасының солтүстік-шығыс бөлігінде мекен етеді. Panthera Leo nubica - Шығыс Африкалық немесе масаи арыстаны. Мекен ету аймағы Шығыс Африканы, Эфиопия мен Кениядан Танзания және Мозамбикке дейінгі жерлерді қамтиды. Panthera Leo bleyenberghi –Оңтүстік батыс Африкалық немесе Катангиялық арыстан. Оңтүстік-Батыс Африкада елдерінде: Намибия, Ботсвана, Ангола, Заир, Замбия және Зимбабведе кең таралған. Panthera Leo krugeri - Оңтүстік-шығыс Африка немесе Трансвааль арыстаны. Таралу аймағы Оңтүстік Африка Республикасының Трансвааль аймағын қамтиды. Әсіресе Крюгер Ұлттық паркінде кең тараған. Panthera Leo melanochaita – Кап арыстаны. 1860 жылдан бері арыстаннаң бұл түрі жабайы табиғатта жоғалған деп саналады. Митохондриальды ДНК зерттеу нәтижелері бойынша ғалымдар оны кейде бөлек түрге жатқызады. Кейбір ғалымдардың сенуінше Кап арыстаны оңтүстік Трансваль арыстанының бір бөлігі болуы мүмкін.

Плейстоцендік Panthera Leo atrox - американлық үңгір арыстаны. Арыстаның бұл түрі плейстоцен дәуірінде, Солтүстік Америкада Канададан Перуге дейінгі аумақта мекен еткен. Зертеу нәтижелеріне сүйенсек, 10000 жыл бұрын бұл арыстанның түрі жоғалған. Кейде америкалық және үңгір арыстандарын жеке-жеке бөліп қарайды. Бірақ соңғы филогенетикалық зерттеулер, бұл екеуінің де арыстандар санатына жататынын көрсетті. Олар арыстандар арасындағы ең үлкен түрлерінің бірі – дене ұзындығы1,6- 2,5 м, ал салмағы 250-300 кг дейін жететін болған. Әсіресе, оның ерекшелігі ретінде ірі көлемді басы, тығыз келген дене бітімі, қуатты аяғы және ұзын құйрығын айта аламыз. Жалының бар болғандығы жайында нақты дерек жоқ. Panthera Leo fossilis - еуропалық үңгір арыстаны ретінде белгілі. 500,000 жыл бұрын өмір сүрген. Германия және Италияда табылған сүйектерге қарап, ғалымдар олардың дене бітімі америкалық арыстанға ұқсас болған деген тұжырымға тоқтаған. Panthera Leo spelaea – еуропалық және еуразиялық үңгір арыстаны ретінде белгілі. Осыдан 3000-10 000 жыл бұрын Еуразияда аумағанда кеңінен тараған. Арыстанның бұл түрі тарихта палеолит кезеңінде піл сүйегінен салынған суретімен және саздан жасалған мүсінімен белгілі. Сақталған суреттер бізге үңгір арыстанының құлағы шығыңқы, шыбықты құйрығы және жолбарыстікіндей жолағы бар болғанын жеткізеді. Аталық арыстандардың мойын айналасында кіші көлемде жалы болған.

Күмәнді түршелер Panthera leo sinhaleyus — Шри-Ланка арыстаны. Шамамен 39 000 жыл бұрын арыстанның бұл түрі жойылып кеткен. Шри-Ланканың Курувита атты қаласында табылған екі тісімен ғана тарихта әйгілі. Осы дерекке негізделе отырып, 1939 жылы Поль Пиерис арыстанның бұл түрінің өмір сүргені жайлы жариялады. Panthera leo europaea — еуропа арыстаны. Тарихшылардың мәлімдеуінше, азия және үңгір арыстанымен ұқсас болған. Алайда деректердің аздығына байланысты еуропа арыстаны күмәнді түршелер қатарына жатады. Шамамен 100 жыл бұрын адамдар тарапынан шектен тыс браконьерлікке байланысты толықтай құрып кеткен. Балкандарда (қазіргі Планина), Францияның оңтүстігінде және Пиреней аралындарында көп тараған. Гректер мен римдіктер арасында аң аулауда жиі кездесетін жануар болып есептелетін. Panthera leo youngi, немесе Panthera youngi — қытай үңгір арыстаны. 350 000 жыл бұрын Қытайдың солтүстік-шығысында мекен еткен. Бұл түршенің заманауи түршелерге қатысы дәлелденбеген, бәлкім, ол өз басына бөлек түр болған деген пікір де қалыптасқан. Panthera leo maculates – дақты арыстан немесе марози. Жергілікті тұрғындардың мәлімдемелеріне сүйенетін болсақ, бұл түршені Абердар жотасынан кездестіруге болады. Шығыс Африкалық арыстаннан айырмашылығы кішіректігі және дақты терісінде. Марозидің ізіне түсу үшін сол аймаққа экспедиция жөнелтілген. Алайда экспедиция құрамы белгісіз бір жыртқыштың ізін табады, бірақ ол жануарды не қолға түсіру, тым болмаса суретке түсіру де мүмкін болмады.

Гибридтер