Қазақстандағы басқа ұлттар немесе этникалық топтар тарихы Этникалық топтар

Бүгінгі мемлекеттердің басым көпшілігінің халқы көпұлтты сипатқа ие. Ресей империясының құрамында болған кезеңде және Қазақстанда жүргізген саяси-әкімшілік реформалары барысында алғаш рет қазақ халқының құрамында үлкен өзгерістер басталды. Қазақ халқының ұлттық құрамы моноэтникалық тұтастықтан полиэтникалық сипатқа ие болды. Халық саны жайлы мәліметтер салық мөлшерін, жер иелігі мен жерді пайдалану жүйесін айқындау үшін қажет еді.

ХІХ ғ. 60-жылдарынан бастап Қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныс аудару ісі қолға алынды. Бұл шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылды. Орыс және украин шаруаларын Қазақстанның барлық облыстарына қоныстандыру XIX ғ. 70-жылдары қарқын алып, ғасыр соңына қарай ол жаппай сипатқа ие болды. Осы кезеңнен бастап Қазақстанда құрылған облыстардағы халықтың этникалық құрамы әртүрлі болып қалыптаса бастады. Мысалы, Қазақ жерінің батысындағы Орынбор қазақтары облысында, Бөкей Ордасында, Орал казак әскерінде қазақтардан басқа орыстар, татарлар, қалмақтар, армяндар, башқұрттар, түркімендер, өзбектер, еврейлер өмір сүрді. Ал Сібір қазақтары облысында (Қазақ жерінің солтүстік, солтүстік-шығыс, орталық аумақтары) орыстар, поляктар, татарлар, башқұрттар, өзбектер, қырғыздар және т.б. қоныстанды. Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан аумағына орыстар арасындағы ескі әдет-ғұрыпты ұстанушылар (старообрядцы) патша үкіметі мен шіркеу тарапынан жасалған әкімшілік және діни тұрғыда жасалған қысымнан бас сауғалап, сонау XVIII ғасырдың 60-жылдарында-ақ қоныстанған болатын. 1886 жылы Түркістан өлкесінде қоныс аударушыларды орналастыру тәртібі туралы ереже қабылданды. Қоныс аудару саясатына ұйымдасқан сипат беру үшін және Қазақ жеріне шаруалардың ерікті әрі бей-берекет қоныс аударуын шектеу мақсатында 1889 жылы 13-шілдеде патша үкіметі «Қазына жеріне село тұрғындары мен мещандардың ерікті қоныс аударуы туралы және бұрын қоныс аударған аталған топтарды есепке алу тәртібі туралы» арнайы ереже қабылдады. Бұл ереже бойынша қоныс аудару тиісті органдардың рұқсатымен ғана жүзеге асырылатын болды. Сондай-ақ, Ақмола, Семей, Жетісу облыстарында қоныс аудару аудандары нақты белгіленді. 1891 және 1892 жылдары аталмыш ереже Торғай мен Орал облыстарына да енгізілді.

Ресейден шаруаларды қоныс аудару тиісінше қазақ жерін тартып алу арқылы жүзеге асырылды. 1885–1893 жылдары Ақмола және Семей облысындағы қазақтардың иелігінен 284,843десятина құнарлы жер тартып алынды. Қоныс аудару тасқыны, әсіресе, Жетісу облысына күшті болды. 1868–1880 жылдар аралығында бұл облысқа 3,324 шаруа отбасы көшіп келген. Сол себепті 1891 жылы Ішкі істер министрлігі Жетісуға қоныс аударуға арнайы шешім қабылдағанға дейін тыйым салған болатын. Патша үкіметінің қоныс аудару саясатында Сібір темір жолы Комитетінің рөлі маңызды болды. Қазақ жері арқылы Транссібір темір жолының 178 шақырымды құрайтын бір бөлігі өткен еді. Ол Темір жолдың осы бөлігі үшін патша үкіметі 2,5 млн десятина жер кесіп алуды және бұл жерге 160 мың адамды қоныс аударуды жоспарлаған-ды.

Патша үкіметінің жоспарлы жүргізілген қоныс аудару саясаты нәтижесінде 1897 жылғы санақ есебі бойынша Далалық өлкеде қазақтар – 77%, орыстардың үлес салмағы 20%, басқа ұлт өкілдерінің барлығын қоса есептегенде – 3%-ды құрады. Ал Түркістан өлкесінде мұндай көрсеткіштер төмендегідей болды: «жергілікті бұратаналар» – 94,4%, орыстар – 3,7%, басқа халықтар – 1,9%. Санақ материалдарының өзіндік ерекшеліктері де болды. Санақ негізіне халықтың этникалық емес, адамның тілдік қатынасы басты нысан ретінде алынды. Егер украиндар, белорустар, еврейлар өздерінің ана тілі деп орыс тілін атаса, онда олардың ұлты орыс деп жазылған. Сондай-ақ, татарлардың, өзбектердің, қырғыздардың кейбіреуі ана тілі ретінде қазақ тілін (сол кезде қырғыз немесе қырғыз-қайсақ) атаса, олардың да ұлты қазақ деп тіркелген. Өз кезегінде қазақтар санақ науқанына патша үкіметінің салық мөлшерін ұлғайтуға бағытталған шарасы деп, оған әрдайым күдікпен қараған. Сол себепті көбінесе отбасы мүшелерінің санын азайтып беруге тырысқан. Бұл шамамен қазақтардың 10%-ы 1897 ж. санақ бойынша есепке алынбай қалуы мүмкін деген болжамға жетелейді.

1897 жылғы Ресей империясындағы санақ қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында барлығы 4 млн 147 мың адам өмір сүрген. Санақ нәтижелері анықтағандай, Қазақ жеріндегі үлес салмағы басым үш этникалық топты айқындауға болады: халықтың саны бойынша: қазақтар 74–78%-ды, орыстар 10–13%-ды, украиндар 1–2%-ды құраған. Ұлттық құрамы жағынан алғанда басқа халықтар – 300 мың адам немесе 7,2% болды. Мысалы, 1897 жылы Қазақстанда 55 мың татар, 55 мың ұйғыр, 30 мың өзбек, 15 мың дүнген, 10,5 мың мордва өмір сүрген. Көпұлтты Қазақстанның қалыптасу тарихы Цинь империясының Құлжа аймағынан Жетісуға ұйғырлар мен дұнғандардың қоныс аударуымен де тығыз байланысты. Бұл аймақтағы саяси жағдайға жергілікті халықтардың Қытай үкіметіне қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресі елеулі әсер етті. 1864 жылы 7-маусымда Кучар қаласында дүнгендер көтеріліске шығып, ол бүкіл Синьцзян аумағын қамтыды және оған ұйғырлар, қазақтар мен қырғыздар да қатысқан еді. Алайда, 1877 жылы бұл көтерілістерді Қытай әскері Қашқарда толығымен басып-жаншыған еді. Бұл аймақтағы саяси жағдай біршама тұрақтағаннан кейін 1881 жылы 12 ақпанда Петербургте орыс–қытай келісіміне қол қойылды. Бұл келісім-шартқа сәйкес сол өлкеде тұрып жатқан халыққа Қытай немесе Ресей бодандығын қабылдау жөнінде таңдау құқығы берілді. Сол себепті ұйғырлар мен дүнгендердің бір бөлігі Ресей империясы аумағында тұруға ниет білдірді. Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісу мен Солтүстік Қырғызстанға қоныс аударуы 1881–1883 жылдары жүзеге асырылды. Бұл аудандарға барлығы 45 мың ұйғыр (тараншы) және 5 мың дүнген қоныстанды. Олар негізінен Үсек, Шарын, Шелек, Талғар өзендері бойына орналасты. Сондай-ақ, олар тығыз қоныстанған аудандарда Жаркент, Ақкент, Ақсу – Шарын, Малыбай, Құрама және Қарасу болыстары ұйымдастырылды. 1897 жылғы санақ мәліметтері бойынша: дүнгендердің саны – 14,130, ұйғырлардың саны – 55,999 адамға жеткен.

Қазақстанның этникалық құрылымының өзгеруіне патша үкіметінің революцияшыл пиғылдағы азаматтарды жер аудару саясаты да өз әсерін тигізген еді. Дегенмен, ол демографиялық ахуалды қалыптастырудағы шешуші фактор болмаса да, Қазақ жерінде мұндай фактілер орын алғандығы белгілі. Мәселен, ХІХ ғ. 30-жылдарында Қазақ жері Ресей езгісіне қарсы Польшадағы көтеріліске қатысушылардың саяси қоныс аудару аймағына айналды. І дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстанда 60-қа жуық ұлттың өкілдері өмір сүрді. Олардың қатарында орыстар мен украиндардан басқа: татарлар, ұйғырлар, өзбектер, башқұрттар, немістер, поляктар, дүнгендер, еврейлер, тәжіктер, молдовандар және т.б. бар-тын.

Сонымен, Қазақстанның Ресей империясының құрамына енгеннен кейін қалыптасқан демографиялық ахуалына тән сипат – бұл кезеңнің алғашқы жылдарында моноэтникалық ерекшелік сақталып келген болса, ХІХ ғ. 50–60-жылдары Қазақстан халқының ұлттық құрамы өзгеріске ұшырады. ХІХ ғ. ІІ жартысынан бастап орыс және украин шаруаларын қоныс аудару саясаты жаппай сипат ала бастағаны белгілі. Өмір тауқыметі мен патша үкіметінің саясаты оларды өз атамекенін тастап, белгісіз аймаққа қоныс аударуға мәжбүр етті. Бұл жерде тағы бір ерекше тоқтала кететін жайт, ол Қазақстанға қоныс аударған шаруалардың көп бөлігі 1891–1892 жылдары Ресейдің еуропалық бөлігінде орын алған қуаңшылық пен егіннің шықпай қалуына байланысты аштықтан бас сауғалап, жан сақтап қалған болатын.

XX ғ. басында Ресей империясында екінші жалпы халық санағын өткізу туралы мәселе көтеріле бастады. Алайда, І дүниежүзілік соғыс пен 1917 жылғы қос төңкеріс бұл санақты толық жүзеге асыруға бөгет болды. Дегенмен, 1916 жылы мамыр–тамыз аралығында ішнара санақ жүргізілген еді. Ол негізінен ауылдық жердегі тұрғындарды қамтыды. Бұл санақ бойынша жинақталған материалдардың ІІІ томына Қазақстанның 6 облысы бойынша мәліметтер енгізілген. Бұл деректерге қарағанда қазақтардың саны 3 млн. 994 мың адам немесе барлық халыққа шаққандағы үлес салмағы 50,7%-ды құраған.

1917 жылы жазда ауыл шаруашылық және қалалар бойынша санақ жүргізілді. Бұл санақ бойынша тұрақты тұрғылықты жерінде сол мезетте бар адамдар (наличное население) мен уақытша тұрмайтын халықтың есебі алынды. Өткен жылғы санақпен салыстырғанда 1917 жылы қазақ халқының саны 446 мың адамға азайып, 3 млн. 548 мың адам ғана қалған. 1917 жылы Қазақстанның алты облысындағы орыс халқының үлес салмағы 18,9%-ды, украиндар – 10,3%-ды құрады.

Қазақ жеріне шаруаларды қоныс аударумен бірге шетелдік иммиграция құбылысы да орын алды. 1897 жылғы санақ материалдарында «басқа да келімсек» («прочее пришлое») халықтар (олардың ішіне иммигранттар да кірген) Далалық өлкеде – 3%-ды, ал Түркістан өлкесінде – 1,9%-ды құраған. 1917 жылғы 1-қаңтардағы Ресей империясының санақ материалдарында бұл көрсеткіштер тиісінше 4,3 және 3,3%-ға жеткен.

1910 жылы Далалық өлкеге 1700 шетелдік азамат келген. Соның ішінде Қытайдан – 274, Германиядан – 188, Персиядан – 144, Даниядан – 103, Австриядан – 133, Түркиядан – 82, Ұлыбританиядан – 81, АҚШ-тан – 56, Грециядан – 38, Швециядан – 36, Швейцариядан – 31, Италиядан – 68, Жапониядан – 39, Кореядан – 22, Моңғолиядан – 270 адам келген. Сондай-ақ, олардың ішінде Румыния, Черногория, Нидерланд, Финляндия, Бельгия, Болгария, Сербия, Венгрия, Сальвадор, Португалия азаматтары да болған.

Ресей империясының І дүниежүзілік соғысқа қатысуына байланысты Қазақстанда ұлттық-отарлық езгі де күшейе берді. Ол өз кезегінде елдегі ұлттық және әлеуметтік қайшылықтарды туғызды. Қоныс аударушыларды жерге орналастыру қазақ халқының сорына айналды. Қоныс аударушыларды жерге орналастыру жұмыстары барысында қазақтардың мал айдайтын жолдарына дейін алынып, су көздеріне бара алмайтындай жағдайлар жасалды. Қазақстанның этникалық құрамының өзгеруіне І дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақ жерінің әскери тұтқындарды орналастыру аймағына айналуы да елеулі әсер етті.

1914 жылдың соңына қарай Далалық өлкенің солтүстік-шығыс аудандары мен Түркістан өлкесінің арнайы орындарында әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған 20 мыңға жуық әскери тұтқындар орналастырылды. Қазақ жеріне әскери тұтқындарды жіберу 1812 жылғы Ресейдегі Отан соғысынан бері орын алған. Қазақстанның экономикалық тұрғыда Ресейдің ықпалына түсуі бірқатар өндіріс ошақтарының пайда болуына алып келді. Ең алдымен Ресей капиталы Қазақ жерінде тау-кен өндірісін игеруге салынды. Қазақ жерін экономикалық тұрғыда отарлау жол қатынасын, әсіресе су және темір жол көлігін дамытуды талап етті. Темір жол қатынасының пайда болуы өлкенің этникалық құрамының өзгеруіне де әсері болды. Қазақ жерін әскери-казактық, шаруаларды қоныс аудару және экономикалық тұрғыда отарлау барысында 400-ден астам станицалар мен деревнялар, 30-дан астам қалалар пайда болды. Қала халқы Ресейдің орталық аудандарынан келген қоныс аударушылар есебінен өсе бастады. Қалалардағы халықтың басым бөлігін орыстар – 54%-дан 82,8%-ға дейін құраса, татарлар – 14,3%, қазақтар – 16%, басқа ұлттар – 3% болған.

1917 жылы Қазақстанда тұрып жатқан халықтың ішіндегі қазақтардың үлес салмағы 59,8%-ды құрады. Қазақстанның алты облысындағы 1897–1917 жылдар аралығындағы халықтың механикалық өсімі 1 млн. 301 мың адам болды. Сондай-ақ, осы кезеңде Ресейден басқа аймақтарға қоныс аударғандардың төрттен бірі Қазақ жеріне келді. Ал 1906–1912 жылдары жүргізілген Столыпиннің аграрлық реформасы кезінде 360,7 мың қоныс аударушылардың 80,6%-ы Украинадан және 19,4%-ы Ресейдің оңтүстігінен келді. Нәтижесінде 1917 жылы орыстар мен украиндар барлық халықтың 29,4%-ын, яғни 1 млн 745 мың адамды құрады. Кеңестік дәуірде Қазақстан халқының этникалық құрылымының өзгеруі