Шоғи Эффенді (1897 - 1957) — Абдул-Баһаның үлкен немересі, 1921 - 1957 жылдар аралығындағы Баһаи Сенімінің басшысы. Абдул-Баһа өзінің өсиетінде оны «Құдай Ісінің Сақтаушысы» және «Сенімнің Түсіндірушісі» ретінде тағайындаған. Шоғи Эффенді Баһаулла мен Абдул-Баһаның негізгі еңбектерін араб және парсы тілдерінен ағылшын тіліне аударған. Сонымен қатар, Әлемдік Баһаи Орталығы және Баб кесенесі құрылысына атсалысқан.

1921 жылы Абдул-Баһа қайтыс болған кезде, Оның 24 жасар немересі, Шоғи Эффенді Оксфордта оқып жүрді. Бұл хабарды естіген ол Палестинаға оралып, Абдул-Баһа өзінің Еркі мен Өсиетхатында оны Баһаи Сенімінің Сақтаушысы, әрі әлемдік басшысы етіп тағайындағанын білді. Бұл тағайындау оған Сенімнің қасиетті жазбалары мен ілімін тәпсірлеп, түсіндіруге жеке-дара құзырет берді. Сондай-ақ, оған әлемдік Баһаи қауымдастығының өсуін алға бастыру тапсырылды, ол бұны бірнеше жылға созылған, жүре-бара күрделене түскен жоспарлар сериясы арқылы жасаған еді.

Ол Баһаи институттарын ұйымдастыру, сайлау жəне жұмыс істету секілді мəселелерді пысықтады. 1897 жылы Акка қаласында дүниеге келген Шоғи Эффенді ерте жастан тығыз қарым-қатынаста болған атасының бақылауында болып, Баһаи ілімі бойынша тиянақты білім алды. Ағылшын тілін жетік меңгерген ол біраз уақыт Абдул-Баһа хатшыларының бірі болып қызмет етті. Шоғи Эффендінің ауқымды басшылығы арқасында баһаилар өз қауымдастығын əлемдік масштаб деңгейіне кеңейте білді. 1957 жылы оның қайтыс болған шағында шамамен 400 000-ға жуық баһаи 200-ден астам ел, территория мен колонияларда тұрып жатты. Ал жергілікті жəне ұлттық Сенім институттарының құрылымы жеткілікті түрде дамып қалғаны сондай, алты жылдан кейін Сенімнің дүниежүзілік басқару органын тұңғыш сайлауға жол ашылды.

Санат:Баһаи