right|thumb|270px|Кантино Планисферасы (1502),сақталған португал навигациялық карталарының ең ежелгiсi right|thumb|270px|жiбек жолы және дәмдеуiштердiң жолы right|thumb|270px|Марко Полоның Саяхаттар right|thumb|270px|Христофор Колумбтың төрт саяхаттар Ұлы географиялық ашылулар, Ұлы географиялық жаңалықтар — 15 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың ортасы аралығында еуропалық саяхатшылардың жаңа жерлерді, құрлықтар мен аралдарды, мұхиттар мен теңіздерді, аса маңызды теңіз жолдарын ашу кезеңі. Бұл кезең тарихқа Ұлы географиялық ашылулар заманы деген атпен енді. Жаңа жерлердің көптеп ашылуы Еуропадан Оңтүстік және Шығыс Азия елдеріне теңіз жолдарын іздеумен тікелей байланысты болды.

Алғышарттары Мұндай ізденістің басты себептері:

15 ғасырдың ортасына қарай Еуропа елдерінде өнеркәсіп пен сауданың мықтап өркендеуі, Еуропаны Шығыс Азиямен байланыстыратын құрлық жолын және кеме қатынасы өркендеген Жерорта теңізінің шығыс жағалауын түріктердің басып алуы, ашық мұхитқа шығып, алысқа жүзе алатын берік кемелердің жасалуы, ғылым мен технологияның жандануы бұған қолайлы жағдай туғызды. Араб саяхатшысы Әбу-Абдаллаї Мұхаммед ибн Баттута Еуропа саяхатшыларына дейін 30 жыл бойы саяхат жасап, Африканың солтүстік жағалауын бойлай жүзіп, Танжер қаласынан (Марокко) бастап Египет, Арабия, Кіші Азия түбегін, Қырым, Ресей, Орталық Азия, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Қытай, Индонезия, Испанияда болған. Ұлы географиялық ашылуларды сол кезде күшті дамыған елдер — Португалия мен Испания бастады.

XV ғасыр ХV ғасырдың екінші жартысында Португалия ханзадасы, теңізші Генрих (Энрико) Африка жағалауына көптеген экспедициялар ұйымдастырып отырды. Португал теңізшілері құрлықтың батыс және оңтүстік жағалауын бойлай жүзді. 1488 жылы Бартоломеу Диаш Африканың оңтүстік шетіндегі Қайырлы Үміт мүйісіне жетті. Португалдардың бұл саяхаттары Ұлы географиялар ашылулардың бастамасы болды. Олармен бәсекелес испандықтар Шығыс Азияға апаратын теңіз жолын батыстан іздеуге тиіс болды. Орта ғасырларда ежелгі дүние ғалымдарының Жерді шар тәріздес деген ұмытылған пікірі қайта жандана бастаған еді. Осыған сәйкес бірқатар ғалымдар мен теңізшілер Испаниядан шығып үнемі батысқа қарай жүзе берсе Азия жағалауына жетуге болады деп есептеді. Неміс картографы М.Бехаймның глобусында (1492) және Италия космографы П.Тосканеллидің картасында (15 ғасырдың екінші жартысы) Еуропаның батыс жағалауы мен Азияның шығыс жағалауы арасында ешқандай құрлық жоқ, мұхиттың ені кішірейтіліп көрсетілген. Христофор Колумбтың осы пікірге негізделіп ұйымдастырылған экспедициясы 1492 жылы Американы ашты. Оның 4 саяхатының (1492 — 1504) нәтижесінде Орталық Америкадағы Багам, Үлкен Антиль және Кіші Антиль аралдары, Оңтүстік Американың солтүстік жағалауы ашылды. 1497 — 99 жылдары португал теңізшісі Гама (Васко-да-Гама) Африканы оңтүстігінен айналып өтіп, Үндістанға апаратын теңіз жолын ашты (экспедицияны Африка жағалауынан әрі қарай араб лоцманы Ахмет ибн Мәжит бастап барды). 1497 жылы ағылшын теңізшісі Джон Кабот Үндістан мен Қытайға Солтүстік теңіз жолын іздеу кезінде Нью-Фаундленд аралдарына және Лабрадорға жүзіп барып, Солт. Американы ашуды бастады. Христофор Колумбтан кейін испан және португал теңіз саяхатшылары Оңтүстік Америго Веспуччи құрлықтың жағалауларына бірнеше рет жүзіп барып, оны жаңа дүние ретінде сипаттап жазды. Бұдан әрі испан конкистадорлары Солтүстік және Оңтүстік Американың ішкі аудандарын жаулау кезінде бірқатар жаңа жерлер ашты (Эрнан Кортес, Франсиско Писарро).

XVI ғасыр 1503 ж.Васко Нуньес де Бальбоа Панама мойнағы арқылы Тынық мұхит жағалауына шықты. Бальбоаның жаңалығы Атлант мұхитынан “Жаңа Дүниені” айналып, “Оңтүстік теңізге” (мойнақтан қарағанда оңтүстікте көрінетіндіктен саяхатшылар солай деп атаған) асатын жолды іздеу туралы ой тудырды. Бұл идеяны Фернан Магеллан басқарған испан экспедициясы жүзеге асырды. Фернан Магеллан және оның серіктері Атлант мұхитынан жол тауып, Тынық мұхитқа өтті, онан әрі дүние жүзін айналып шықты (1519 — 1522). 16 ғасырдың ортасында Ұлы географиялық ашылулар заманының бірінші кезеңі аяқталды. 16 ғасырдың 2-жартысынан 17 ғасырдың 2-жартысына дейін созылған екінші кезеңнің басында Шығыс Азия елдеріне Еуразияның және Солтүстік Американың солтүстік жағалауын айналып жүретін теңіз жолын (Солтүстік-шығыс және Солтүстік-батыс жолдарын) іздеуге байланысты географиялық ашылулар жасалды. Еуропадан Үндістан мен Қытайға баратын Оңтүстік теңіз жолдары Испания менПортугалияның қолында қалғандықтан жаңадан өркендеп келе жатқан Англия мен Нидерланд теңіз жолын басқа жақтан, солтүстіктен іздеуге мәжбүр болды. Солтүстік-батыс жолды іздеу барысында М.Фробишер (1576 — 1578), Д. Дэвис (1585 — 1587), Генри Гудзон (1610), Уильям Баффин (1612 — 1616) Американың арктикалық бөлігінің аралдардан тұратынын анықтады.

Солтүстік мұзды мұхит, Сібір, Аустралия, Океанияны зерттеулер Ағылшындар мен голландттардың Солт.-шығыс жолды іздеуі (Барроу 1556, Пит пен Джекмен 1580, Виллем Баренц 1594, Флеминг 1664 — 1668) нәтиже бермеді. Олар Баренц және Кар теңіздерінде жүзіп Ямал түбегіне дейін ғана жете алды. 16 ғасырдың соңы мен 17 ғасырдың 1-жартысында орыстар көптеген географиялық жаңалықтарға қол жеткізді. Орыс казактары бас-аяғы 50 жылдай уақытта Оралдан (1584) Тынық мұхитқа дейін (1639) жетті. 1639 жылы И.Москвитиннің отряды Охота теңізінің жағалауына шықты. 1644 — 45 жылдары В. Поярков Амурды бойлап, оның сағасына дейін барды. Көп ұзамай-ақ Е. Хабаров 1647 —51 жылдары Амур өлкесіне бірнеше жорық жасады. 1648 жылы Семен Дежнев пен Ф. Попов Азияның солтүстік-шығыс жағалауын бойлай жүзіп, Азияны Америкадан бөлетін бұғазды ашты. Осы ашылулармен бір уақытта француздар (С.Шамплен, Э.Брюле және тағы басқалар) Солтүстік Американың ішкі бөлігіне өтіп, Аппалач тауларының солтүстігін, Ұлы көлдерді ашты. Бұл кезде голландтар Оңтүстік жарты шарда “Белгісіз оңтүстік жерді” (Terra іncognіto Australіs) іздеумен айналысты. 1605 жылы олар Үнді мұхитымен жүзу кезінде Аустралияның солтүстік-батыс жағалауын көрген болатын. 1641 — 43 жылдары Абел Тасман Аустралияны айнала жүзіп, оның полюстік аймақты түгел қамтитын қиялдағы “Белгісіз оңтүстік жерден” бөлек екенін анықтады, Жаңа Зеландияны және бірнеше топаралдарды ашты. Ұлы географиялық ашылулар нәтижесінде адамдардың Жер туралы түсінігі түбегейлі өзгерді. Картаға “Ескі Дүниеге ” қосымша жаңа дүние бөліктері — Америка мен Аустралия, Жер шарындағы ең үлкен — Тынық мұхит, көптеген аралдар, теңіздер мен бұғаздар енді. Жердің шар тәрізді екендігі түпкілікті дәлелденді. Жер бетінде ежелгі ғалымдар ойлағандай құрлық емес, судың басым екендігі анықталып, біртұтас дүниежүзілік мұхит ұғымы қалыптасты. Ұлы географиялық ашылулар түрлі ғылым салаларын дамытуға негіз салумен бірге әлем елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал жасады. Жаңа ашылған жерлердегі елдерді жаулап алу әлемдік отарлау үрдісіне бастама берді.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9

Дереккөздер

Санат: География Санат: Тарих