Георгий Федорович Канцев (7.4.1907, Атырау облысы, Махамбет ауданы, Махамбет ауылы - 14.7.1978, Махамбет ауданы) - 2-дүниежүзілік соғысқа қатысушы, старшина, атқыштар взводының командирі.
Кеңес әскері қатарына 1941 жылы қыркүйекте алынды. 354-Калинкович атқыштар дивизиясының 1199-атқыштар полкінде Калинин, Орталық және Беларусь майдандарындағы шайқастарға қатысты. Канцев 1942 жылы 3 наурызда Калинин майданында алғаш рет ұрысқа кірісті. Әскери бұйрықты орындауда үлгі көрсетті. 1944 жылы 28 маусымда Бобруйск қаласы түбінде (Беларусь жері) болған ұрыста Канцев қаладағы жау шебіне бірінші болып кіріп, шабуыл кезінде топ бастаушы болды. Канцев 1944 жылы қыркүйекте дивизия басшылығының тапсырмасымен Пискорня-Мале деревнясы маңында (Польша) Нарев өзенінен алғашқылардың бірі болып өтті. Ротаның алдыңғы тобымен бірге батыс жағалауға бекініп, жаудың жеті қарсы шабуылын тойтарды. 50-ден астам әскері мен офицерін жойып, басып алған шепті қорғап қалды. Нарев өзенінен өту кезінде жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін Канцевке КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (24.3.1945).
Ленин, «Қызыл Жұлдыз», 3-дәрежелі Даңқ ордендерімен, медальдармен марапатталды.
Соғыстан кейін туған жеріне оралып, «Орал-каспийбалық» кәсіпорнында балықтарды қорғау инспекторы болып жұмыс істеді. Туған ауылында бір көшеге есімі берілген.А 31 Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет. ISBN 9965-893-73-Х
Дереккөздер
Санат:7 сәуірде туғандар Санат:1907 жылы туғандар Санат:Махамбетте (Атырау облысы) туғандар Санат:14 шілдеде қайтыс болғандар Санат:1978 жылы қайтыс болғандар Санат:Махамбет ауданында қайтыс болғандар Санат:КСРО старшиналары Санат:Кеңес Одағының батырлары Санат:Ленин орденінің иегерлері Санат:Қызыл Жұлдыз орденінің иегерлері Санат:Даңқ орденінің иегерлері Санат:Ұлы Отан соғысы жаяу әскерлері