Николаев полиметалл кен орны – Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында орналасқан.

Минералдары Басты минералдары: пирит, марказит, халькопирит, сфалерит, кварц, барит. Алынатын басты металдар: мыс, мырыш, қорғасын.

Геологиялық құрылымы Кен денесі девон жүйесінің эйфель-фран жасындағы жанартаутекті-шөгінді тау жыныстарынан құралған. Олар субжанартау-текті кварцты альбитофир және базальтты порфирит денелерімен кескінделген.

Жатыс сипаты Кен орнында жарылымдармен, майда линзалармен бөлінген Орталық және Оңтүстік екі ірі кенді шоғыр белгілі. Олар 90 м тереңдікте бірігіп, ыдыс тәрізді денені құрайды. Орталық кенді шоғырына кен орнының негізгі металдық қоры жатады.

Құрамы Кен сом, тұтас, сеппе, құрамы жағынан колчеданды, мысты-мырышты болып келеді. Олардың бір-біріне қатынасы тиісінше 1:2, 2:0,1:1. Қосымша элементтері алтын (0,7 г/т), кадмий (0,013%), сүрме (0,014%), күміс, кобальт, висмут, т.б. Күкірт мөлшері 40%-дай. Тотығу белдемінің тереңдігі 55-100 м. Кен шахта және ашық кеніш арқылы алынады. Қазақ энциклопедиясы

Дереккөздер

Санат:Шығыс Қазақстан облысы кен орындары Санат:Полиметалл кендері